Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлулық сыры – күтімде

Сұлулық сыры – күтімде

Заман талабына сай сұлулық салонына сұраныс жоғары. Сол себепті осы сала бойынша кәсіп ашып, нәпақасын тауып жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Олардың қатарында Алғабас ауылынан сұлулық салонын ашқан Замира Дузелбаева да бар.

Кейіпкеріміздің сұлулық әлеміне деген қызығушылығы мектеп жасында пайда болыпты. Сол кезден бастап жеке хоббиіне айналған. Қолы қалт етсе, айнаның алдына жақындап, шашын түрлі тәсілде буып, бетін әрлей жөнеледі екен.
– Бала кезімде мен үшін шаш пен қасты қиып, тырнақ бояу, бет әрлеу оңай болып көрінген еді. Есейе келе көп ептілікті, табандылықты, қажыр-қайратты, жауапкершілікті, тиянақтылықты талап ететініне көзім жетті. Сондықтан мен осы сала бойынша өз білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинағым келді. Осылайша студент атанған шақтан бастап түрлі курсқа қатысып, тіпті сұлулық салондарында жұмыс істедім, – дейді З.Дузелбаева.
Кейіпкеріміз қаржыгер мамандығын игеріп, 3 ай осы сала бойынша жұмыс істеген. Кейін тұрмыс құрып, бала күтіміне шығады. Бірақ іштегі талант, бойдағы қабілет бәрібір тыныштық бермейді. Сол себепті ізденуді тоқтатпайды. Келінінің қабілет-қарымын байқаған ата-енесі оған өзі тұратын Алғабас ауылынан жеке сұлулық салонын ашуға мүмкіндік беріпті.
– Сұлулыққа қызығушылығым оянған сәттен бастап сұлулық салонын ашқым келетін. Бірақ біліміңді жетілдіріп, көп еңбектенуің керек дейтінмін өзіме. Сол арманым жат жұрттық болып, киелі мекен Шиеліге келгенде орындалатынын кім білген? Айтайын дегенім, әуелі Алланың, содан кейін екінші ата-анамның көмегімен мен осы кәсіпті ­бастадым десем болады. Өйткені, олар менің талантымды байқап, жеке сұлулық салонын ашуға ұсыныс жасады. Әрине, алғаш естігенде қуанышымда шек болмады, – дейді жас кәсіпкер.
Алғабас ауылында осыған дейін сұлулық салоны болмаған. Сондықтан ауыл орталығынан небәрі екі ай бұрын ашылған салон халыққа өз пайдасын тигізуде. Оны ағыл-тегіл келіп жатқан тұтынушылар легінен байқадық.
– Әр адам сұлулықты көзбен көріп қана қоймай, оны жүрекпен сезіне білуі тиіс. Сонымен қатар қоғамда өзіндік пайдасын тигізгені абзал. Қазіргі таңда 1 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта жоспарым өте көп. Белгілі мастерлерден сабақ алғым келеді. Мен алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу үшін көп еңбектенуім, ізденуім керек. Кәсібімнің көлемін ұлғайтып, одан әрі кеңейткім келеді.
Иә, еңбектенген адам табысқа жетері сөзсіз. Сұлулық салонын ашып, жұмыс істеу – кез келгеннің қолынан келмейтін шаруа. Сондықтан келешегінен мол үміт күттіретін жас кәсіпкердің ісіне береке мен толағай табыс тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА

22 ақпан 2020 ж. 1 065 0