Әйгерімнің әсем әлемі
Біз қыз баласын әдемілікке, сұлулыққа, нәзіктікке, әсемдікке жаны біртабан жақын жан ретінде білеміз. Тіпті қазір нарық заманына сай технологиялар қарыштап дамып тұрған сәтте кәсіптің түр-түрін осы нәзікжандылар да меңгеріп жүр. Оның ішінде әйел затының табиғатына келетін шаштараз кәсібі арқылы орасан қаржыға кенеліп жүргендер көп. Өйткені, уақыт зымырап өткен сайын сұлулық салонына баратындардың қатары көбейіп келеді. Бүгінгі мақаламызға арқау еткелі отырған кейіпкеріміз де негізгі жұмысымен қатар сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған жан. Ол – Алғабас ауылының тұрғыны Әйгерім Жексенбаева.
Талант иесінің сұлулыққа қызығушылығы бала кезінен басталған. Тіпті жиын-тойларға, шағын отырыстарға, күзгі балдарға артынан ерген сіңілдерін сәндеп, әрлеп жібереді екен.
– Мен сән әлеміне бала кезімнен әуес болдым. Қолымнан келмейді дегенді мүлдем ұнатпаймын. Соның пайдасы болар, кез келген істе жалқаулық танытқан емеспін. Есесіне осы жолда көп нәрсе үйрендім. Мақсатыма жету үшін тынбай еңбектеніп, тәжірибе жинап жүрмін, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, шаш пен қасты қиып, қабақ, кірпік жалғап, тырнақ бояп, бетті әрлеу ауызбен айтуға оңай көрінуі мүмкін. Дегенмен сән әлеміне білек сыбана кірісіп, осы жолда тынбай еңбектеніп жүрген Ә.Шахмарданқызын көргенде оның үлкен жауапкершілікті, дәлдікті, тәуекелшілдікті талап ететініне көзіміз жетті. Тіпті аудан көлемінде тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген.
– Менің сұлулық салонында жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл болды. Білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинақтау мақсатында өз кәсібімнің қыр-сырын меңгеру үшін арнайы Шымкент қаласында оқыдым. Қазіргі таңда жеке сұлулық салонын ашуға мүмкіндік болмағандықтан, «Береке» сауда үйінің бір бұрышын жалға алып жұмыс істеп отырмын. Десек те екі адамды тұрақты жұмыспен қамтудамын. Сұлулық салонында қыздарға қажетті барлық қызмет түрлері бар. Сондай-ақ заманауи құрылғылармен қамтылған, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, Әйгерім Жексенбаеваның негізгі мамандығы – бала тәрбиешісі. Қазіргі таңда ол сұлулық салонымен қатар, Алғабас ауылындағы мектептің жанынан құрылған шағын орталықта тәрбиеші болып қызмет атқарады. Сондай-ақ жұмысында жауапты қызметкер отбасында өн бойындағы бар жақсы қасиеттерді кішкене бөбегінің бойына сіңіріп жүрген аяулы ана. Кейіпкеріміз алдағы уақытта мүмкіндік болса икемі бар жастарды осы іске баулып, шәкірт тәрбиелейтін ойы бар екенін де жасырмады. Шәкірт тәрбиелеу – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұлы жол. Шынында, қазақ халқы «Бұлақ көрсең көзін аш» демей ме? Әлі талай тер төгіп, қанат қаққысы келетін сымбатты да сұлу Әйгерімге біз де сәттілік тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА