Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру аясында мыңнан астам жоба мақұлданды — ҚР БҒМ

Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру аясында мыңнан астам жоба мақұлданды — ҚР БҒМ


Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік мониторинг жүргізу басқармасының басшысы Раушан Мұқышева ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі
primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрлігі 2018–2020 жылдарға арналған гранттық бағдарламалар мен ғылыми зерттеулерді мақсатты қаржыландыру конкурстарын жариялады.
«Ұлттық ғылыми кеңестер гранттық қаржыландыру бойынша үшжылдық кезеңге жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге 1096 жобаны мақұлдады. Жыл сайын — 9,5 млрд теңге. Алдағы үш жылға ғылыми зерттеулерді мақсатты қаржыландыруға 27,7 млрд теңге бөлінді», — деді ҚР БҒМ өкілі.
Раушан Мұқышеваның айтуынша, жалпы ғылымды дамытудың жеті басымдығы бар. Мәселен, «Табиғи ресурстарды, оның ішінде суды тиімді дамыту. Геология және қауіпсіз өнімдер мен құрылымдар бойынша жаңа материалдарды қайта өңдеу» бағыты бойынша 302 жоба, «Энергетика, машина жасау» бағытында — 84, «Ақпараттық–телекоммуникациялық, ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы зерттеулер» — 170 жоба, «Өмір және денсаулық ғылымы» бағытында — 5 жоба, «АӨК тұрақты дамыту» — 78 жоба, «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс» бағыты бойынша — 25 жоба мақұлданды.
«Мәңгілік ел» ғылыми негіздері» (ХХІ ғасыр білімі, гуманитарлық ғылымдардағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) басымдықты бағыты бойынша 232 жоба мақұлданды, соның ішінде QazaqGeography жобасы — «Қазақстанның сакралды географиясының инвестициялық әлеуеті. Ғарыштық мониторинг. Республиканың электронды атласын құрудың АТ-технологиялары және тарихи-мәдени талдауы». Орындаушы — «Назарбаев Университеті».
«Біз бұны қолдаймыз. Себебі «QazaqGeography» ҚБ "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруға атсалысуда және қоғамдық бағдарламаларды жүзеге асыруға басқа қоғамдарды шақыру арқылы өзгелерге үлгі боларлықтай ұйым», — деді Раушан Мұқышева
Baq.kz
17 сәуір 2018 ж. 1 168 0