Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талды көрсем, талдырғы еске түседі

Талды көрсем, талдырғы еске түседі

Бұл оқиға бұдан 60 жыл бұрын болған. Ол кезде мен 2-3 сыныпта оқимын. Әкем Сәрсенбай – Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Екі аяқтан жарақат алып, екі балдағымен майдан даласынан елге оралған. Мен ес білгелі сол екі балдақ көз алдымда болды. Әкем соғысқа дейін «Лесхоз» мекемесінде қызмет істеді. Бірақ кейін мүгедектігіне байланысты жұмысқа жарамады.
Сол уақыттары Лесхоз ауылында 20-30 алма бағы егілген болатын. Ауыл тұрғындарының алманы өзіміз баптап, өсіреміз әрі осы жерге егін егіп, нәпақамызды табайық деп қолқалағанын мекеме басшылары құп көріп, рұқсатын берді. Сөйтіп алма бағының ең шетінен бізге де жер тиді.
Канал төмен, алмалық биіктеу жерде орналасқан. Сондықтан егінді суару қиындау болатын. Сорғы мен маторды пайдаланып амалдайтынбыз. Аптасына 2-3 күн су айдайды, су бізге енді жете бергенде матор тоқтап қалады, болмаса жолдағылар суды өздеріне ашып бізге жетпей қалады. Не керек, сөйтіп жүріп біраз қиналдық. Әкемнің балдағы топыраққа кіріп, айдалған жерден жүре алмайды, әр қадамын басу қиын болды. Мен болсам ­жаспын, құлақты (арықты) ашып-жабуға шамам келмейді. Мықшыңдап жүріп жапқан боламын. Болмай жатқан соң әкем құлаққа дейін еңбектеп келеді. Сол кездерді қазір ойласам көзімнен еріксіз жас ағады.
Әкемнің еңбектеп құлаққа келгені, екеулеп құлақты ашқанымыз, басқа құлаққа талдырғы салу, көршіге де су жіберу бәрі-бәрі күні кешегідей көз алдымда. Талдырғыны канал жағасындағы талдан мықшыңдап ­шауып алып келетінмін.
Сара деген жеңешем кездескен жерде:
– Қайынаға, балаға обал болды-ау! Баспақ кезінде жұмсамай, бұзау кезінде жұмсадың-ау, – деп жаны ашитын.
Ең шеттеміз, арғы жағымызға өзек тиіп тұр, бір бұрышқа күрке салып алғанбыз. Түнде қорс-қорс етіп шошқалар келеді. Көкем 16-шы калибрлы мылтықпен «холостой патронмен» бір-екі мәрте атса жоқ болып кетеді. Мен қорыққанымнан көкемнің артына тығылып жатып ұйықтап қалатынмын.
Әкем екеуміздің ала жаздайғы бейнетіміз қайтып, сол жылы егініміз бітік шықты. Күзде піскен егінді 3 есек арбаға толтырып үйге қонып, азанда ертемен аудан орталығындағы базарға апаратын едік. Бізді әйелдер күтіп тұратын. Мен қағаз қалам алып тізім жасаймын. Бәрі жеңгелерім ғой, көкем оларға ұзын келін, суақ келін, жуан келін, біздің келін, жайбасар келін деп ат қойған. Барлығына қарызға таратып кетеміз де ертесіне барғанда кешегі ақшамызды даярлап қояды. Қайтарда арба үстінде ақша санайтынмын. Мұндай оқиға жалғыз біздің басымызда ғана болмады. Бүкіл қазақ халқы осындай қиын-қыстау заманды өткерді. Бірақ ешбір адам тағдырына налып, еңбектен қашпады.
Қазір сол канал да, талдар да қаз қалпында тұр. Қасынан өткенде еріксіз осы оқиғалар есіме түседі. «Уақыт деген өткенді ұмыттырады» дегенмен келіспес едім. Себебі ешуақытта бала кездегіні ұмытпайды екенсің.
Мен үшін сол кездегі ең қиыны әкемнің аяғының жоқтығы еді. Әке қадірін жас келе біледі екенсің. Әкем диқан болды. Ел біледі, жылда 25 ­маусымда біздің үйде бірінші әңгелек пісіп, базарға шығарушы едік.
Әкем Сәрсенбай Ақпанұлы 1979 жылы 82 жасында дүниеден өтті. 4 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп, оқытып, жетілдірді. Уақытында әкемнің қадіріне жеттім бе, жетпедім бе қазір көп ойланамын.
Заман өз кезегінде өзгеріп жатыр. Бүгінде қол еңбектен гөрі техникаға бейімделдік. Бұл да жақсы. Біздің кезімізде мектепте оқуда жүріп, колхозға, совхозға жәрдем беруші едік. Аздап ақша да табатынбыз. Қазір оқушыларды сенбілікке пайдаланса, ата-ана әңгіме қылады. Бұның бәрі балаға кері әсер етеді. Баланың отансүйгіш, көпшіл болуы жастайынан қалыптасады ғой. Қазақта «Жіпті ескен сайын, ширай түседі» деген мақал бар. Сондықтан бала күнінен еңбекке шынығып өскен бала еш уақытта жаман болмайды.
Соғысты айту оңай, арасында болған қиын,
Зардабын жастайымнан білгендеймін.
Әкем өтті өмірден «екі аттауға» зар болып,
Көргендер бар, қос балдақпен жүргендерін.

Тәңірберген Ақпанов,
Шиелі теміржол тораптық ­ардагерлер кеңесінің төрағасы
23 қаңтар 2023 ж. 227 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930