Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әмірхан бауы

Әмірхан бауы


Елбасының «Талай жерді араладым. Алатаудың бір бүйіріне жамбастай жығылған менің Үш қоңырыма жететін жер көрмедім» – деуі туған жерді қадірлеудің үлгісі.
Сыр өңірін, Сырдың елі-жырдың елі – деп бекер айтпаған секілді. Өйткені, біздің өлкеде туған жері туралы тебіренбейтін, «әу» деп ән салмайтын, бұрқыратып жыр жазбайтын адам жоқтың қасы.
Қаратаудың етегі,
Бақ-береке қонған жер.
Ата-бабам ерлікке,
Белін бекем буған жер.
Ыбырай, Нартай, Әбділдә,
Саңлақтарым туған жер.
Ата-бабам арқадан,
Бетін бері бұрған жер.
Сырдария – жер ұйық,
Қырғауыл, қоян, киікке.
Тоғайлары тұнған жер,
41 Еңбек Ерлері,
Аңыз болып қалған жер.
Саған лайық теңеу жоқ,
Кіндік қаным тамған жер – деп киелі Шиелі туралы менің де толғанатын кездерім аз емес.
Мен 1946 жылы Қызылту колхозының Ақтоған бөлімшесіндегі «Жаңа жер» деген мекенде дүниеге келіппін. «Жаңа жер» менің әкем басқаратын өндіріс бригадасының орталығы екен. Әкем 1950 жылы қайтыс болғаннан кейін Қызылту колхозының орталығына келдік. Өзімнің туған жерім туралы елестерім көз алдымда қалыпты. Зерделесем, шынында, Қызылтудың орналасқан жерінің табиғаты көркем. Айналасының бәрі көкорай шалғын, дариядан бастау алатын көк құрақ оранып, көлінде балығы тайдай тулап, құмында қояны ойнап, тоғайында қырғауыл қаптап, құстары ән салған ғажайып табиғатымен ерекше еді.
Шынында, Қызылтудың кіре берісіндегі Абылайдың бауы, осы күнгі балабақшаның орнындағы Дүкенбай бауы, ауылдың батыс шетіндегі Бабатақ бауы, шығыс бетіндегі Қобыландының алма бағы, Қойлыбайдың әкесі еккен тұт ағаштары, теріскей бетіндегі Исібай (Кудряков) бауы ауылдың ажарын келтіріп тұратын.
1952 жылы Қызылтудан Еңбекшіге көшіп келдік. Еңбекшінің табиғаты туған жерге қарағанда жұтаңдау көрінді. Бірден көзге шалынатын әсем табиғаты жоқ. Бірақ, теріскейінде созылып жатқан Қаратаудың сілемдері мен ауыл шетіндегі Шәулімше, Жетімтөбе Еңбекшінің сәніндей көрінді.
Қалайша сәні демейсің, жыл са­йын жетінші қараша мерекесі сол жерде тойланып жатса. Бәйге аттарының Шәулімшені айналып шауып, аудандағы барлық ауыл көшіп келіп, екі күн бойы­­на сауық-сайран құрғанына талай куә болдық.
Көзім бау-бақшаға үйренген балаң сезім мені ауылдан екі шақырымдай жерде орналасқан Әмірхан бауына қарай жетелейді де тұрады. Балалардан сұрастырсам бауды осы ауылдың тұрғыны Әмірхан Нұрбаев ағамыз өз күшімен, ықыласымен ұрпаққа қалсын деп еккен көрінеді. Бауға рұқсатсыз кіруге болмайды. Көкеміз балалардың баққа жеміс ағаштарының бұтақтары сындырасыңдар – деп кіргізбейтін көрінеді. Ол кісінің бақты баласындай жақсы көретін ерекше қасиетін ауыл адамдары тамсана айтатын. Ептеп сұрастырсам, ауыл балаларының ішінде баққа баратын жолды білетін, Әмірхан ағамызға көрінбей барып тұратындар балалар бар екен. Солармен тіл табысып, баққа баратын болдым. Ауылдың шетінен баққа дейін баратын ескі арықтың жобасын ауыл адамдары «Мақта жап» деп атайды. Арық тереңдеу, көп жерінде баланың бойы көрінбейді. Бауға жақындағанда саяздау, біраз жер еңбектеуге тура келді.
Біз бақтың оңтүстік бетіндегі бір шетінен кірген екенбіз жүзім, алма ағаштары үйге жақындау орналасыпты. Оған жақындауға жүрек дауламады. Біз кіре бергенде ду етіп, біраз құстар аспанға көтерілді де құстардың ән салғаны сап тиылды. Сөйтсек, ағамыз баққа бөтен адамдардың кіргенін құстардың ұшуынан біледі екен. Шамалы уақыттан кейін бақтың қасындағы алма, нан жиделерді т.б. жеп жатқанымызда ағамыз келіп ұстап алып, бірден үйге келмейсіңдер ме, өзім есіктің алдындағы алма жүзімнен тойғандарыңша жегіземін ғой, – деп ұялтты. Ұялғанымыздан сүмірейіп тұрмыз, айтатын тіл жоқ. Сөйтіп, армандаған Әмірхан бауына алғашқы баруым сәтсіз аяқталды. Кейін біліп жатырмын баудың жүзім, алма жақ бетінде ағамыздың үйі бар екен. Менен үлкен Ұлтай, қатар Дүйсенкүл деген қыздары бар. Жеміс піскенде колхоз жәшікпен ауылға таратады.
«Жүз жасағаннан, жүз түп тал еккеннің абыройы артық» демекші жоғарыда айтып кеткен Қызылту колхозындағы ағаларымыз бен Еңбекшідегі Әмірхан ағамыздың бойындағы туған жерін түлетуге арнаған еңбектері өздерінің күшімен артына мұра ретінде бау-бақша қалдыруы туған жерге деген сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі емес пе!
Кейінгі ұрпақ осындай асыл азаматтардың артына қалдырған мұрасының мәнін ұғынып, ілгері апара алдық па? Осы мені ойландырады.
Шиеліде күні кешеге дейін қаншама алқапты алып жатқан алма бақтары бар еді. Жеміс-жидек совхозының алма бағы бүкіл ауданды алмамен қамтамасыз ететін. Лесхоздың алма бағы, Гигант, Авангард, Н.Бегежанов колхоздарының алма бағы, Еңбекшінің тауындағы алма бағы бәрі егесіздіктен ұрпақ қамын ойламағаннан, жанашыр жан болмағаннан жойылып кетті.
Бұрыннан бастау алған ізгілікті істі қазіргі таңда ауданға белгілі аудан беделін, абыройын арттырып жүрген қалталы азаматтар қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Ауданда Бағлан бауы, Насыр бауы, Әбдіғани бауы, Дәулет бауы, Халық бауы, Жақаевта Асқар бауы пайда болса, осы азаматтардың аты, ауданның абыройы асқақтамай ма? Менің туған жер туралы толғанып, туған жерін түлетіп, отырған жерін баққа айналдырған өздері оқымаса да техника жоқ, су жолдарын салу қиын заманда бау-бақша егіп артына із қалдырған ағаларды еске алып отырғандағы негізгі мақсатым – осы.
Оған дәлел осыдан ғасырға жуық бау-бақша егіп, артына із қалдырған азаматтарды елі ұмытпай әлі күнге дейін еске алып отыр. Елдің абыройлы азаматтары өз байлықтарының шамалы бөлігін осындай игілікті іске жұмсаса олардың да аты ғасырлар бойы Шиелі аспанында қалықтар еді.
Сондықтан, осы аты аталған ауданның қаймағындай азаматтармен бірге ауыл тұрғындары, мектеп ұжымдары, аудан ардагерлері Сырдың Швейцариясы Шиелімізді көркейтіп, гүлзар баққа айналдыруды мақсат еткен аудан әкімінің бастамасын қолдап, осы игілікті іске атсалысайық.
Шағын ойтүрткімді арқалы ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының өзінің бағбан атасы туралы жазған «Әмір ата» деген толғауындағы мына өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.
Шағын, шағын жотаға,
Осы деймін осы ара.
Бақша мен бақ жоқ қазір,
Жоқ қазір ол ата да.
Әмір ата тұрғанда,
Жан келмейтін бұл маңға.
Үзілмейтін бір өрік,
Ұрланбайтын бір алма.
Әмір ата тұрғанда!
Әмір ата тұрғанда.


Е.ШӘДІБЕКОВ,
зейнеткер, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.
13 қаңтар 2019 ж. 1 266 0