Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт күн үшін рақмет, әке

Бейбіт күн үшін рақмет, әке

Ұлы Жеңіс күні бізге қан майданда қасық қаны қалғанша Отан үшін, ел үшін күрескен майдангерлердің ерен ерлігімен келді. Халқы үшін ­жанын пида еткен сол батырлардың бірі – менің әкем ­Базарбай Мамбетұлы.
Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Соғыстың адам баласына алып келер зардабы мен қасіреті шексіз екенін білемін. Соғыс зардабы көпке дейін оңалмады, әсіресе адам жанында ауыр жарақат қалдырды. Бала кезімде уақытымды ойынға, қыдыруға немесе теледидар қарауға емес, әкеме бөлдім.
Ұлы Отан соғысы елдің елдігін, ердің ерлігін сынға түсірді. Қазіргі біздің сәулетті өміріміз үшін жанын қиып, кеудесін оққа тосқан әкемнің өлшеусіз ерлігі жайлы кейінгі ұрпақ, біздер, перзенттері, немере-шөберелері есімізде сақтап ұлықтау бәріміздің азаматтық борышымыз деп есептеймін.
Әкем Базарбай Мамбетұлы 1923 жылы 20 наурызда дүниеге келген. 7 сыныптық білімі бар. Ата-анасынан ерте жетім қалған әкем жастайынан қарындасы Теңгай екеуі балалар үйінде тәрбиеленді. 19 жасқа қараған шағында әскер қатарына шақырылды. Әскерге аттанар тұста жалғыз бауыры, қарындасы, Теңгаймен қоштасып көрісе алмағанын күнделігіне жазып кеткен екен (күнделік қолжазбасы әлі күнге сақтаулы). Ол 1941 жылы 30 мамырда Шиелі ауданынан Отан қорғауға аттанып кете барады. 1941 жылы Чкалов облысы, Тоцкие селосында барлаушылар мектебін бітіреді. 1941-1945 жылдар аралығында қан майданға қатысады. 1945 жылы 22 ақпанда үлкен ұрыста бас сүйегіне мина жарықшақтары түсіп, аяғынан, қолынан бірнеше жерден сынық-жарақат алады. 1945 жылдың 23 қазанына дейін госпитальда жатып емделіп, мүгедек болып елге оралады.
Әкем Отан алдында адал тер төгіп, Ұлы Отан соғысы майданында ерлігі үшін 1947 жылы 3 наурызда «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Одан бөлек жоғарғы бас қолбасшы, маршал И.В.Сталиннің бұйрығымен Батыс Буг өзенін азат етудегі жауынгерлік ерлігі үшін, Варшаваның шетіндегі Прага бекінісін басып алғаны үшін, Седлец қаласын азат еткені үшін, жауынгерлік ерлігі үшін алғыс жарияланған хат берілген. «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін 1941-1945 жж» медалімен, Ұлы Жеңіске 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл, 40 жыл, 50 жыл, 60 жылдығы және «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталған. Әкем ұлы дүбірдің белортасында жүріп, Ұлы Отан соғысының барлық кезеңдерінде жауынгерлік сапта тұрып, солдат шинелімен елге оралды.
Соғысқа дейін, соғыс уақытында, соғыстан кейінгі жылдары жазған күнделігі, естеліктері, әкеме қызмет орнында үлгілі тәртібі мен аса жауапкершілігі үшін берілген алғыстары, мінездемелері әлі күнге сақтаулы. Бұл да анам марқұмның тиянақтылығы, ұқыптылығы, бар болмысымен, жан-тәнімен әкеме берілгендігі деп білемін.
Әкем «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қан майданда болып, бес жерінен жараланып, мүгедек болып оралды. Елде де жағдай мәз емес. Әйтеуір өлместің күні. Бертін келе Қызылорда қаласына теміржол жөндеу шебері айлық курсына оқуға түсіп, 1952 жылы үздік бағамен аяқтап, бірінші разрядты «Темір жол шебері» мамандығын алып шығады. Сөйтіп жүріп еңбек майданында таңның атысы, күннің батысы көз ілмей еңбек етті.
1947 жылы 31 желтоқсанда анам Базаркүл Айдарбековамен бас қосып, шаңырақ көтерді. Әкем екеуінен 4 ұл, 3 қыз өрбіді. Бүгінде барлығы өз орнымен, ұлы ұяда, қызы қияда. Бір-бір шаңырақ иесі.
Майданнан мүгедек болып оралған әкем соғыс салған зардаптың әсерінен сонау Мәскеуде, шипажайларда, түрлі ауруханаларда емделгенімен, өмірі қысқа болды. 63 жасқа қараған шағында ауыр науқастан көз жұмды.
Әкем – өмір мектебімнің алғашқы ұстазы. Әкемізге қарап қана өз ойымыздың, пиғылымыздың түзулігі мен әр басқан қадамымыздың дұрыстығын аңғардық. Ол нады. Уақыт өткен сайын оның тұлғасы іріленіп, биіктеп бара жатқандай. Анам туралы ойлансам да дәл осындай сезімді бастан кешемін. Сірә, ол тәрбиені сөзбен емес, іспен ғана беруді дұрыс деп түсінген сияқты...
Бейбітшілік үшін, жеңіс үшін, бақытты ғұмыр үшін рақмет, Әкешім!

Г.Мамбетова
06 мамыр 2022 ж. 795 0