Үш соғысты өткерген
«Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел», – дейді данышпан Абай. Күйкі тірліктің қызығы мен шыжығын күйттеп жүргенде тоқтауы жоқ күндер, қуанышы мен қайғысы аралас апта-айлар, осылайша жылыстап жылдар сырғып жатады. Әрбір істің, жақсы мен жаманның парқын ажыратып, асыл мен жасықтың бағасын беретін түптің түбінде осы уақыт қой. Бұдан 75 жыл бұрынғы өмірді көз алдымызға елестетсек: бір кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның халқы да неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткені баршамызға мәлім. Ұрпақ жадында ерлігімен сомдалған Ұлы Отан соғысының ардагері Имантай Алдабергенұлын ұмыту мүмкін емес.
Ұлы Отан соғысы естен кетпес, адамзат тарихында теңдесі жоқ соғыс болды. Соғыстың аты соғыс. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды. Балалығы сұрапыл соғыспен қатар келген біздің ата-әжелеріміз сол уақытта ерте есейген еді. Ойын баласына бейнет күнді айырбастайтын күн туды. Жастарына қарамай соғысқа аттанған кәрілер, енді-енді өмір сүріп келе жатқан жас қыздар, ұлдар «Еліміз, жеріміз үшін!» деген ұранмен алға басты. Жеңіс үшін жауға кеудесін тосқан ерлердің қатарында Шиелілік Имантай Алдабергенұлы да бар.
1916 жылы жарық дүниеге келген майдангер 1939 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, сол жылы ССРО мен Фин халық әскерлері корпусымен болған соғысқа қатысып жеңіспен оралады. Одан әрі 1941 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаз Ұлы Отан соғысының майданынан бір-ақ шығады. Бір сәтте тұтанған соғыс оты ешкімге ес жиғызып үлгертпеді. Жау жағадан алғанда қаны қазақ, батыр ұлдар қарап қалмасы анық. 1941-1945 жылдары Калуга, Минск, Смоленск, Могилев қалаларын жаудан азат етуде ерлік танытады. Майданда 55-ші атқыштар артилериясы №49 Армиясында қатардағы жауынгер, атқыш қызметін атқарады. ІІ-Беларус майданында болған ұрыс барысында түрлі жарақаттар да алады. Жаңбырдай жауған оқ, қанға бөккен ен дала, отқа оранған өлкеде жүріп 1945 жылдың 2 мамырында қатты жарақат алып, 2 ай госпитальде емделеді. Сол жылдың шілде-тамыз айларында аяққа тұрған жауынгер Хабаров өлкесінде резервте болып, Кеңес Одағы әскерлерінің Жапонияға қарсы іс-қимылдарына қатысады.
Ұрыс даласында мың өліп, мың тірілген И.Алдабергенұлы үш бірдей соғысты өткеріп, туған еліне ІІІ топтағы мүгедек болып оралады. Зұлматты жылдарды өткерген майдангер елге келіп, қол қусырып жатпады. 1946 жылы Шиелі қамыс зауытының меңгерушісі болып, бейбіт күндегі тіршілігін бастады. 1952 жылы Қазақстан Тұтынушылар одағы сауда меңгерушілерін дайындайтын Шымкент қаласындағы мектепті бітіріп, Шиелі сельпосындағы дүкен меңгерушісі жұмысын қайта жалғастырып, одан әрі қойма меңгерушісі қызметін де абыройлы атқарады. Қан майдандағы ерлігі үшін «Орден Отечественной войны І степени», «За боевые заслуги» медальдарын, «Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Жерім деп қасық қаны қалғанша соғыс даласында қайсарлық танытқан майдангер, елім деп бейбіт күнде де экономиканың артуына үлес қосудан жаңылмады. Ашаршылықты өткеріп, соғыста шайқасқан Ұлы Отан соғысының ардагері 1997 жылы 80 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған еді. Сұрапыл соғыста жан аямай жаумен шайқасқан әкелер мен талай ерлігі жайында баян етілген естеліктер, майдангерлердің өнегелі өмірі туралы жария болған суреттер, ел басына күн туған сол бір ауыр жағдайдан сыр шертеді. Біздің бақытты да бақуатты ғұмыр кешуіміз алдымен осы Ұлы Жеңіс күнін жақындатып, жан алып, жан беріскен ержүрек ерлердің арқасы екені даусыз. Олардың өмір жолы да бүгінгі ұрпақққа үлгі-өнеге.
Г.ДҮЙСЕБАЙ