Елу жылда ел жаңа дегеніміз осы...

Редакция архивінен алынған бұл суретке 40 жыл болыпты. Авторы – СССР және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белігілі фотошежіреші – Саидхсан Хутаев.
Сол кезде Кеңес Одағы коммунистік партиясының 27-съезінің құрметіне Шиеліде мәдениет және демалыс паркі ашылды. Бұл съезд 1986 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтіп, Михаил Горбачев сияқты бас хатшы төрағалық еткен бірінші съезд болды. Кеңес саясатының негізгі қайраткерлері, Михаил Суслов, Леонид Брежнев, Юрий Андропов, Дмитрий Устинов, және Константин Черненко қайтыс болғаннан кейін, Михаил Горбачев партияның бас хатшысы болды.Осы себепті Горбачевтің жаңа саясаты мен бағыттарының индикаторы ретінде съезд Кеңес Одағында да, шетелде де кеңінен күтіліп, оған 4993 делегат қатысты.
Сол жылдары Шиелі ауданында «райкомның» бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов еді.
– Саябақ соғудың негізгі инициаторы марқұм Сейілбек ағамыз еді. Мен ол жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істедім. Ол кезде мұндай нәрсеге бюджеттен қаржы бөлінбейді, негізі саябақ асар әдісімен соғылды. Бүкіл аудан мекемелері мен шаруашылықтары өздерінің қолдан келген көмектерін аямады. Нәтижесінде әдемі болып шықты. Мұнда ойын, би алаңдары сауда нүктелері, асхана болатын. Апта сайын концерттер мен жәрмеңкелер өтіп тұратын. Одақ тарқағаннан кейін бұл жер жекешеленіп, тұрғын үйлер соғыла бастады, – деді.Өздеріңіз білесіздер, көктемде аудан әкімі «Бұл жер мемлекетке қайтарылып, жаңа демалыс паркі салынады» деп бүкіл аудан халқын жағымды жаңалықпен қуантты. Біз «демалыс паркінің құрылысы қашан басталады?» деген сауалмен Шиелі кентінің әкімі Аманкелді Өмірәліге хабарластық. Лауазым иесінің жауабы төменгідей болды.
– Мәдени-демалыс паркінің бастапқы жобалық құны 600 миллион теңгеден аса сома болды. Алайда қазір оған қосымша түзетулер енгізілуде. Оның мақсаты – болашақ демалыс орнын қазіргі заман талабына сәйкестендіріп, аудан тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығу. Соған байланысты қазір парк құны 1 миллард теңге жобасында болып тұр. Қаржы көздері қарастырылуда.
Хош, бұл жақсы жаңалық деп қоялық. Саябақ құрылысы аяқталғанша қыруар қаржы мен күш жұмсалатыны анық. Сондықтан халық игілігіне ұзақ уақыт жарайтындай сапалы дүние болғаны ләзім. Негізі ауданға орталықтан заманауи демалыс орны көптен бері керек болып жүр еді. Енді міне, сол мәселе де шешілетін түрі бар.
Сонымен қатар парк құрылысына және оны пайдалануға берген соң да кемі 50-ден аса жерлесімізге уақытша және тұрақты жұмыс табылайын деп тұрғаны да қуанарлық жайт.
Ал жаңа демалыс орны енді қалай аталатыны уақыт еншісінде.
Айдар Бақытжанұлы,
Сурет автордікі және редакция архивінен
Сурет автордікі және редакция архивінен