Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "Тірі екеніне сенемін": Ресейлік әйел Қазақстанда туған ағасын 18 жыл бойы іздеп жүр

"Тірі екеніне сенемін": Ресейлік әйел Қазақстанда туған ағасын 18 жыл бойы іздеп жүр

Ресейлік Людмила Мигунова (ред. бұрынғы тегі Захарова) Қазақстандағы туған ағасына іздеу салады. Мәскеулік келіншек өзінен екі жас үлкен ағасының Теміртау қаласында екеніне сенімді. Бауырын табуға бар күшін салып жүрген Людмиланың жан сырын KAZ.NUR.KZ тілшісі тыңдап көрді.


Людмила Мигунова Ресейде туып-өскен. 1987 жылы дүниеге келген келіншек "бала күнімнен көп қиындықты көріп өстім" дейді.
Өзінің айтуынша, анасы бір кездері зауытта басшылық лауазымда қызмет еткенімен, кейіннен ішкілікке салынып кеткен екен.
Өкініштісі - Людмила Мигунованың әкесі де 90-жылдары бұзақылық әрекеттері үшін бірнеше мәрте қамауға алынған көрінеді.
NUR.KZ порталына хат жазған ол өзінің өмір дастанын бастан-аяқ баяндап берді.
"Әкем Захаров Виктор Валентинович 1963 жылдың сәуір айының 26-сында дүниеге келген.
Анам Ирина Александровна болса бір кездері зауытта жұмыс істеген, әкемнен мені және 86 жылғы ағамды дүниеге әкелген.
Кішкентайымда қиындықты көп көрдім. Анам ішкілікке салынып, ағам екеуміз жан бағу үшін, көшеде бөтелке жинап, оны сатып, күн көретінбіз.


Қыста жаздық киіммен жүріп, туберкулезбен де ауырғанмын. Қараусыз қалған күндердің кесірінен көзім көрмей, мұрным сынған.
Осылай 6 жасқа дейін өмір сүрдік. Кейін әжеміз Раиса Николаевна бізді тауып, шешемді ана құқығынан айырып, бізді асырап алды.
Сол әжемнің арқасында, дәрігерлерге қаралып, аяқтан тік тұрдым. Ал 10 жасымызда анамыз кісі қолынан қаза тапты дегенді естідік", - дейді ресейлік келіншек.
Тағдырдың тауқыметін көп көрген әйелдің ендігі арманы – Қазақстандағы ағасын іздеп табу.
"Анам қандай адам болса да, бізге өмір сыйлағанына ризамын. Ал әкем болса 90 жылдары бұзақылық әрекеттері үшін бірнеше рет түрмеде отырып шыққан.
Бір қызығы, әкем мен дүниеге келген соң, бұрынғы әрекеттеріне өкініп, өз өмірін өзгертуге күш салған. Бірақ 6 жыл бойы ол да ішкілікке салынып кетті.
Мен 14 жасымнан бастап типографияда жұмыс істедім. Әкем істі болғандықтан, жұмысқа көп уақыт бойы тұра алмай жүрді.
Сол кезде мен өз басшыларыма айтып, оны жұмысқа алдырған едім. Сөйтіп ол ішімдікті де тастап кетті.
Өмірде ата-ана балаларын тәрбиелеуші еді, бізде бәрі басқаша болды. Мен 14-те болғанда, әкем бұрынғы сүйген әйелінен бір ұлы бар екенін білді.
Сөйтсем, бұрындары әкем қазақ қызымен танысып, олар Мәскеуде бір кездері бірге тұрған екен. Кейін әкем сотталып, қазақ әйелін әжеміз Қазақстанға қайтарып жіберіпті.
Ол әйелдің көршісі көп жылдар бойы әкеме хат жазып келіпті. Бірақ әжем оны әкеме көрсетпей, жасырып келген.


Сол хаттардың бірінде менің Сеня деген ағамның бар екені жазылған. Жаңағы қазақ әйелі елге қайтқан соң, басқа азаматқа тұрмысқа шығып, тұңғыш ұлын, яғни ағамды анасының тәрбиесіне беріпті.
Өйткені екінші күйеуі ағамды өз ұлындай қабылдамаған екен.


Сол хабарды білген соң, біз жылдар бойы Қазақстандағы ағамды іздеумен болдық. "Жди меня" бағдарламасына хабарласып, қолдан келгенше іздеп табуға тырыстық.
Ал жақында әкемнің алғашқы махаббаты Теміртау қаласынан екенін білдік. Сол қалада әлеуметтік желіге Сеня ағамды іздеу туралы ақпарат та тараттық. Алайда әзірге нәтиже жоқ.
Сіздерге хабарласып, хат жазғанымыздың да себебі сол – Сеня ағамды қалай да тапсақ деймін", - деп әңгімесін жалғастырды келіншек.
Людмила Мигунованың әкесі осыдан 5 жыл бұрын дүниеден өтіпті, ал әжесі былтыр көз жұмған екен.
"Соңғы 8 жыл өмірін бізге арнаған әкеме де, бізді аяқтан тік тұрғызған әжеме де алғысым шексіз. Әкем марқұм қызым Виктория өмірге келген соң, оны тіптен алақанына салып, еркелеткен еді.
Қазір өзім тұрмыстамын, екі балам бар. Әкем дүниеден өткеннен кейін, маған бірнеше ота жасалды.


Өмір мен өлімнің арасында болдым деп айта аламын.Ендігі арманым - сол ағамды табу.
Ол шамамен 1985 жылғы болуы мүмкін. Себебі әжеме келген хаттардың бірінде оның суретін де салып жіберіпті. Онда оған сол жылы шамамен 3 ай деген жазба бар.


Егер ол осы мақаланы оқыса немесе оның жақындары көріп-білсе, бізге хабар берсе екен деген тілегім бар. Бәлкім ағам қазір біздің көмегімізге мұқтаж шығар.
Қалай болса да, оның аман екендігіне көз жеткізіп, қарсы болмаса құшағыма алып, анасы мен өзінен әкем үшін кешірім сұрасам деймін", - деп көзіне жас алды Людмила Мигунова.
15 мамыр 2019 ж. 670 0