Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АБЗАЛ АЗАМАТ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

АБЗАЛ АЗАМАТ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Адам баласы үшін ұстаздан асқан ұлы мамандық, мұғалім болудан үлкен мәртебе жоқ. Себебі шәкірті бір белесті бағындырып, діттеген арман-мақсатына жетіп жатса, дереу ұстазының еңбегі екенін айтар еді. Міне, сондай ұлағатты жанның бірі – Сәрсен Тәжиев.
Ол өзі таңдаған төл мамандығы – дене тәрбиесі мұғалімі болып 40 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бұл пән басқа пәндерден өзгерек. Иә, жасыратыны жоқ, көбі дене шынықтыру пәнінен оңайы жоқ деп ұғынар. Алайда, бойын билей алмаған жан, ойын да билей алмайды деген тәмсілді ұмытпаған ләзім. Қашанда «Бірінші байлықты – денсаулық» деп ұғынған біздер үшін дене тәрбиесі пәнінің бәсі биік.
Сәрсен Жахманұлы 1960 жылы 3 қаңтарда Майлытоғай ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан білімге құштар, еңбекке икемді болып өсті. 1967-1977 жылдары «КИМ» орталау мектебін оқып, тәмәмдаған. Алғаш еңбек жолын 1979 жылы №141 «КИМ» орта мектебінің жанындағы интернатта тәрбиеші болып бастаған. Дәл сол жылдан бастап 1981 жылға дейін Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Келгеннен соң 1982-1984 жылдар аралығында Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумында «Дене тәрбиелеу мұғалімі» мамандығы бойынша білім алады. 1984 жылдан бастап №153 Тартоғай орта мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Білім ордасында 1 жыл жұмыс атқарғаннан кейін 1985 жылы аталған мамандығы бойынша №141 «КИМ» орта мектебіне ауысады. Араға жылдар салып, өз біліктілігін арттыру үшін Қазақстан-Ресей университетінде «Дене шынықтыру бойынша педагог» жоғары білімін оқыпты.
Ұлағатты ұстаз пікірінше, дене тәрбиесі баланы бәрінен де бұрын адалдыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді екен. Тиісінше кейіпкеріміз де өмір бойы адал еңбекті пір тұтыпты. Солармен қосыла жаттығып, жүгірудің техникасын талмай үйретіп, теория мен практиканы ұштастыра білген оның бірде-бір сабағы қызықсыз өтіп көрмеген-ді. Өйткені ол сабақ жоспарын, яғни өзге пәндердей кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімнен тұратын міндеттемені жүз процент меңгеруге күш салды. Бүгінгі таңда кейіпкеріміздің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері де аз емес. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл бар. Осы сөз Сәрсен Тәжиевке арналғандай көрінеді. Себебі оның шәкірттері де шетінен мықты. Талай білім сайыстары мен олимпиадаларда топ жарып жүр. Өзі тәрбиелеген Н.Асанов, А.Шаймерденов, Ш.Бекболатов, Қ.Тұрсынбай, Б.Шерғазиев сынды бірқатар шәкірттері ұстаз жолын қуып, дене шынықтыру пәнін таңдаған. Ол өзі 2016 жылы аймақтық волейбол жарысында жүлдері ІІІ орын иеленді. 2018 жылы Қызылорда облысы волейбол федерациясының Алғыс хатымен марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, 1979-2023 жылдар аралығында түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардан жүлделі орындарды олжалап жүр.
– Жалпы ұстаз болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ауыр міндет. Біз оқушыға тек ұстаз ретінде ғана емес, ата-анасындай болуға да тырысамыз. Шәкірт тәрбиелеу дегеніміз – оны биікке жетелеу, қанаттандыру, оған бойыңдағы бар біліміңді беру деген сөз. Бұл тек ұлағатты ұстаздың ғана қолынан келетін қасиет. Ұстаз – білмегеніңді үйрететін, қатені түзейтін, бар білімін шәкірт санасына құятын адам. Міне, әр ұстаз осыған лайық болуға тырысады, – дейді С.Жахманұлы.
Сәрсен Жахманұлы бүгінде тамыры терең, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Ошақтың отын бірге тұтатқан ­зайыбы Зураш Бегалықызымен 3 ұл, 1 қыз сүйіп, мол тәрбиесін беріп, барлығын жоғары білімді азамат етіп шығарды. Балаларының бәрі өмірде өз орнын тапқан, бір-бір шаңырақ иелері. 11 немеренің сүйікті атасы. Бір өкініштісі, бірнеше жыл бұрын құдай қосқан қосағы Зураш жеңгей өмірден озды. Шерағаң айтқандай, бір кем дүние!
Әңгімемізді тұжырымдай келе, қадірлі ұстаз, пайғамбар жасына келген жайсаң жан Сәрсен Тәжиевке және ұрпақтары мен жақын-жуықтарына аманшылық пен көңіл-хошын тілейміз. Бұл ақжарма тілекке кейіпкерімізді білетін жұртшылық пен ұжымдары да қосылады деп білеміз.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ

23 қаңтар 2023 ж. 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930