Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АС АТАСЫНЫҢ ҚҰНЫ АСПАНДАЙ МА?

АС АТАСЫНЫҢ ҚҰНЫ АСПАНДАЙ МА?

– Ертеңнен бастап нан бағасы 130 теңге болады екен.
– Енді жетпегені осы еді.
– Қымбаттамаған не қалды өзі? Бұрын жылына 1-2 рет баға көтерілетін еді. Қазір ай сайын өзгереді.
– Еее, жалақы мен зейнетақы өседі десе, бағаның шарықтайтын әдеті емес пе?! Несіне таңғаласыңдар?
Бейсенбі күні аудан халқының басым бөлігі нанның қымбаттайтынын айтып осылай даурықты. Редакцияға келіп, ақпараттың нақтылығын анықтап беруді сұрағандар да бар. Журналистік міндетімізге салып, алдымен құзырлы органдарға, одан соң ірі нау­байхана иелеріне хабарласа бастадық. Мәселенің басы ашылды.
«Нан бағасы қымбаттайды» деген қауесет шын болып шықты. Жасыратыны жоқ, қазір наубайханалар да «шықпа жаным, шықпамен» күн көруде. Электр энергиясының қымбаттауы да – олардың жұмысына келтіретін кедергілердің негізгісі. Оған ұн бағасының тұрақтамауын қосыңыз. Наубайханашының елмен бірге табысы өспесе, екі бүйірінен қымбатшылықтың қысатыны тағы бар. Қысқасы, аудандағы бірқатар наубайханалар бірауыздан жұмадан бастап нан бағасын 125 теңгеге көтеру жөнінде уағдаласқан. Өйтпеске амал да жоқ еді.
Бірақ бағаның көтерілетіні жайлы хабарды естіген бойда аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов бастап, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері аудан дүкендеріне әлеуметтік нан жеткізуші наубайханаларды аралап шықты. Кәсіпкерлердің уәжі тыңдалды, ортақ шешімге келді. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Қ.Құрманалиев:
– Аудан әкімдігі наубайханаларға жеңілдетілген бағамен әлеуметтік ұн жеткізіп береді. Нәтижесінде нан бағасы көтерілмейді. Бұрығысынша, наубайханада 95 теңге, дүкен сөрелерінде 100 теңгеден сатылып жатыр, – дейді.
«Қара су мен қара нанның болғанына шүкір» деп, қанағат тұтатын халқымыздың дастарханынан қашанда нан үзілген емес. Баланың тілі шыққаннан «Нан қиқымын шашпаңдар, Жерде жатса баспаңдар» деп жаттатып, қастерлеуді үйреткен. Қазақ қадір тұтатын ас атасының құны аспандамасын.

Г.ЯХИЯ
09 қаңтар 2023 ж. 229 0