Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙСЫЗ БА?

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙСЫЗ БА?

Биыл – Балалар жылы. Атаулы жылға орай атқарылар іс аз емес. Артылар жүк те салмақты. Басым бағыттарды саралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын. Қазір республика көлемінде Президент пәрмені бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатыр.
Хош, айтпағымыз бұл емес. Қаузағалы отырған әңгіме бүгінгінің балалары немен ойнап жүр? Ойыншықтың сапасына сіз ата-анасы қаншалықты мән бересіз? Иә, қазіргі күні ойыншықтың сапасымен ойнауға болмайды. Жыл басынан бері қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 706 ойыншық анықталыпты. Сонымен қатар санитарлық сала мамандары тексеріс нәтижесінде сауда кәсіпорындарынан дүкен сөресінен 3,6 кило ойыншық алынып тасталған.
Бұрнағыда ата-аналар қонаққа барса да, қонақ келсе де балаларын бөлек бөлмеге кіргізіп, ым-жымын білдірмей тыныштандыратын. Есігіне қара құлып салмаса да ешбірі сыртқа шығам деп жыламайды, шулаған дауысын да естімейсің. Барған үйдің баласымен бауыр басып, ойынға кірісіп кететін. Ал қазір ше? Қазір бесіктен белі шықпаған балдырғандар жыласа да, тіпті бір жерден құласа да телефон беріп уатамыз. Ұядан ұялы телефонмен қанаттанған ұрпақты ойыншықпен алдау қиынға соғып тұрғанын жасыруға да келмес.
«Балаларға қауіпсіз емес тауарларды сатумен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілеріне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сауда кәсіпорындарында екі айда сатудан 3,6 кило ойыншық алынды. Бұл құжаттарсыз сатылған және талаптарға сәйкес келмейтін тауарлар. Олардың ішінде, FREEZE II қуыршағы, өндіруші ел Қытай, бензолдың концентрациясы 4,25 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, «Лариса MONSTER GIRL» қуыршағы, өндіруші: Қытай, 0,049 мг/дм3 бензол концентрациясы анықталды, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, метил спиртінің концентрациясы 2,98 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,02 мг/дм3 аспайды, «Мини W ТОБОТ» автомобиль трансформаторы, өндіруші ел – Қытай, формальдегидтің концентрациясы 0,2 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспайды, «Әскери жиынтығы» өндіруші мемлекет – Қытай, гептан концентрациясы 0,163 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/дм3 аспауы тиіс. «Вкусняшка» антистресс ойыншығы, өндіруші ел – Қытай, фенолдың концентрациясы 1,08 мг/м3, рұқсат етілген концентрациясы 0,05 мг/м3 артық емес, Funny Musician балалар ойыншығы формальдегидтің концентрациясы 0,12 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспауы керек. Mittivoy балалар ойыншығы формальдегидтің концентрациясы 0,18 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л. Пластмассадан жасалған балаларға арналған машиналар жиынтығы GT.POLICE CAR, SUPER RACING SET, 3 жастан асқан балаларға арналған, шығарылған елі – Қытай, 0,039 мг/дм3 бензол концентрациясы анықталды, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3», делінген комитет өкілдері таратқан мәліметте.
Иә, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектесіп, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарыппаздығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелеп қана қоймай, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес. Бұл ретте психолог мамандар ойыншықпен ойнау баланың дамуына оң әсерін тигізетінін, оның қоршаған ортамен тығыз байланыс орнатуына көмектесетінін алға тартады.
Қазір не көп, баланың қалыпты дамуына әсер ететін ойыншықтың түрі көп. Мәселен, дидактикалық ойыншықтар баланың ойлау қабілетін, дұрыс сөйлеу мәнерін дамытуға, оның білімін, шеберлігін және дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Ойнай жүріп бала затты танып біледі, оның түрін, түсін, көлемін ажыратады. Дидактикалық ойыншықтарға бір түсті және түрлі түсті сақиналардан жасалған конусты күмбездер, бірінің ішіне бірі салынатын әр түрлі тостағандар, бөшкелер, шарлар, матрёшкалар, әртүрлі серіппелі, бұрандалы ойыншықтар жатады. Сонымен қатар бейнелік ойыншықтардың да тәрбиелік маңызы зор. Оған (киім-кешек, үй жиһазы, ыдыс-аяқ) адамдар мен жануарларды, табиғат элементтерін бейнелейтін фигуралар жатады. Бұл қуыршақтармен ойнаған балалардың қоршаған орта жайлы түсінігі айқындалып, ұғымы кеңейе түседі, ой-өрісі мен қиялы дамып, сөздік қоры артады. Балалардың ойын барысында көп күш жұмсамай-ақ еңбек процесіне бейнелеуіне мүмкіндік беретін техникалық ойыншықтардың да пайдасы зор.

ТҮЙІН: Демек ойыншық баланың ойлау, танып-білу сезімін дамыта түседі. Сондықтан балаңызға ойыншық таңдауда сізде талғампаз болыңыз ата-ана. Құбыжықтар, түсініксіз бейнелерге емес, жан-жануар, санағыштар, құрастырғыш сынды ойыншықтарға қызығушылығын арттырыңыз.
11 желтоқсан 2022 ж. 173 0