Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОТАКӨЗ БАСТАҒАН КӘСІП

БОТАКӨЗ БАСТАҒАН КӘСІП

Ешкі сүтінің бағы ХІХ ғасырдың басында жанған. Дәл осы кезеңде білікті медицина мамандары ана сүтін алмастыруға тек ешкі сүтінің қолайлы екендігін дәлелдеген. Себебі ешкі сүтінің сапасы сиыр сүтіне қарағанда анағұрлым жоғары, біртекті, құрамында нәруызсыз азот жоқ.
ХІХ ғасырдан бастап бағы жанған мал түлігін кәсіп етіп жатқандардың қатары көп бүгінде. Солардың бірі – Ботакөз Арқашбаева. Дәстүрлі емес кәсіптің түріне көз жұма кіріскен Ботакөздің бұл жұмысты бастағанына көп уақыт бола қоймапты. Осыдан 9 жыл бұрын мемлекеттен қайтарымсыз грант 2 млн теңгені алып, ешкі бағып еселі еңбек етіп отыр.
Дәл қазіргі уақытта қорада «Заанин», «Англо-нубийкая», «Альпийская» сынды асыл тұқымды 100 бас ешкі бар. Күніне екі рет сауғанда әжептеуір табыс көзіне айналған. Қала берді ешкі сүтінен жасалған құрт пен майға сұраныс едәуір жоғары. «Ешкі сүтінің бағасы қанша?» деген сауалымызға барынша сабырлы болмысымен жауап берген Ботакөз «Негізінен, біле-білсек, адам ағзасына ешкі сүті анағұрлым пайдалы келеді екен. Мұндағы май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан ағзаға тез сіңеді. Ешкінің сүтінде кальций көп. Бұл әсіресе, балаларға өте пайдалы. Ешкі сүтінің дәмі сиыр сүтіне қарағанда өзгеше болғандықтан, көп адам бірден іше алмайды. Сондықтан адамдарға қайнатып ішуге кеңес беремін. Ал бағасына келсек, мен Алла бала-шағама бұйыртқан осы несібені халыққа қол жетімді бағада ұсынуға тырысамын. Атап айтқанда, сүттің литрін 600 теңгеден артық көтермеймін», – деді.
Тазалықты бірінші орынға қоятын кейіпкеріміздің ешкі сауудағы әрекеті кім-кімді болсын сүйсіндірмей қоймас. Көргеніміздей, ешкі желінін, әбден тазалап жуып, сүртіп, содан кейін ғана саууға кіріседі. Сонымен қатар арнайы соғылған қора-жайы да тап-тұйнақтай. Лақтарын бөлек, сауын ешкілерін бөлек ұстайтын бұл кәсіпкер отбасының әрбір тірлігінің жинақы істейтіндігі көзге көрініп-ақ тұрады.
– Ешкі – өсімтал түлік. Қоңы жақсы, күтімі тәуір болса, басы да тез өседі. Ілкі заманнан қалған «Есің кетсе, ешкі жи» деген даналық сөздің астарында көп мағына бар. Ел ішінде бүгінге дейін ешкі сүтін пайдалану туралы еміс-еміс естілгенімен, кәсіп ретінде дамытып отырғандар бар. Бірақ еті тез тоңазып, қатып қалатындықтан сұранысқа оншалықты ие емес. Ал сүтінің айрықша құнары туралы жыр қылып айтуға болады. Ең бастысы адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз, әлденеше ауруға ем. Ұдайы тұтынса, денсаулық жақсарып қалмақ. Асылтұқымды шаруашылықтың да көздегені осы, – дейді еңбекпен ешкі баққан кәсіпкер.
Иә, қазақта «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсіл текке айтылмаса керек-ті. Бүгінде Ботакөз әке-шешесінен көріп-білгенін іс жүзіне жаратып, берекелі кәсіптің ізін жалғап отыр. Таңсық әрі витаминге бай тағамның құнарын жете түсінгендер жеке тапсырыс бере бастапты. Демек, ел ешкі сүтінің ерекше қасиетін ескергені ғой.

01 желтоқсан 2022 ж. 363 0