Емдік қасиеті бар ешкі сүтін мектептегі тамақ рационына қосу ұсынылды
Қытайлық тарап Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде асыл тұқымды шаруашылықтың өнімдеріне қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы. Ал фермерлер ешкі сүтін елордаға өткізе алмай әлек. Олар бұл өнімді мектеп оқушылары мен ауруханадағы емделушілердің тамақ рационына қосуға болады деп есептейді. Осы бір өзекті мәселе депутаттардың зауыттағы көшпелі кеңесі кезінде айтылды. Нұр-Сұлтан қаласында ешкі сүтінің бір литрі 800 теңге. Ал өнімнің импорттық түрі 1200 теңге. Сүт өндірісімен айналысатын зауыттың иесі бұл іске 3 миллиард теңге қаржы құйыпты. Италиядан әкелінген құрылғылардың көмегімен сауын процесі толық автоматтандырылған. Азамат Тұрмағамбетов, «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылық фермасының басқарушысы: - Біздің өнімге шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Қытайлықтардан өнімімізді үлкен көлемде әрі Қазақстанға қарағанда жоғары бағамен сатып алу туралы ұсыныстар келіп түсуде. Әрине, біз отандастарымыз дұрыс тамақтанғанын қалаймыз. Бірақ егер бізде өткізетін нарық болмаса, бағытымызды өзгертуге тура келеді. Пайдалы ешкі сүтінен жасалған кілегей, қатық, қаймақ. Өнімдердің түр-түрі бар. Депутаттар да табиғи экологиялық таза өнімнің дәмін көріп, тамсанып жатыр. Бұл ретте шаруашылық иесіне тауарды өткізудің жолдарын меңгеруді үйренуге кеңес берді. Сергей Звольский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Кәсіпорын осы кәсіппен айналысатындарға жол салып беріп отыр. Ол бұл саладағы жетекші деуге болады. Мен депутат ретінде бұл мәселені шешудің жолын байқап отырмын. Бірінші кезекте, әрине, өтемақы дайын өнімге субсидия беру және жабдықтармен қамту. Бізге бұл фермаларды кеңейту керек. Зауыттағылар жергілікті аумақта ешкі сүтіне сұраныс аз екенін айтады. Өндіріс иесі болса мұндай пайдалы кілегейлерді мектеп оқушыларына ұсынғанды жөн көреді. Себебі ешкі сүтінің ерекше қасиеттері көп. Ол аллергия туғызбайды және денсаулықты да жақсартады.
www.24.kz