Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ешкі – ермек емес, есеп

Ешкі – ермек емес, есеп


Төрт түлікпен тумысын ежелден етене байланыстырған халқымыз мал ішінде ешкінің де қадірін біліп, пайдасына асырған. Өйткені, «Сексек ата» тұқымы өсімтал келеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие екендігін бабаларымыз бұрыннан білген. «Ешкілі бай — есепті бай» деген аталы сөздің астарын байыптаса керек, халқымыз ежелден ешкіні еті мен сүті, түбіті мен жүні үшін ұстаған. Әрі ешкі тез көбейетіндіктен, өзін-өзі артығымен ақтап шығатын мейілінше тиімді түлік. Тек түбіті мен сүтінің өзін кәдеге жаратып, қыруар пайдаға кенелуге болады. Бірақ, бүгінде бұл кәсіпке тек соңғы кездері ғана ден қойылуда.
Дәстүрлі емес кәсіптің түріне көз жұма кіріскен бидайкөлдік азаматтың есімі Жолдасбек Мырзалиев. Шаруақор азаматтың бұл жұмысты бастағанына көп уақыт бола қоймапты. Осыдан үш жыл бұрын жұбайы Тынымкүл Өтегенова және балаларының қолдауымен мал базардан Жезқазған арқылы Ресейден келген ешкі тұқымының аналық және аталық тұқымын алып лағынан қолға үйретіп, асырайды. Сол екі лақ бүгінде жиырма бас ешкіге жетіп, кірістің көзіне айналуда. Ауыл халқы хабарланып, кішкентай балалары барлары ана сүтінің орнына беруге сатып алуды дағдыға айналдырады. Осынау Мырзалиевтердің сауыны жеті ешкіге дейін жетіп, күніне екі рет сауғанда әжептеуір табыс көзіне айналған. Мәселен, 6 ешкіден 10литрге дейін сүт алып отырған. Ал су алған кезде ешкілерден тек 3 литр ғана сүт алады екен. «Ешкі сүтінің бағасы қанша?» деген сауалымызға барынша сабырлы болмысымен жауап берген Тынымкүл апай «Негізінен, біле-білсек, адам ағзасына ешкі сүті анағұрлым пайдалы келеді екен. Мұндағы май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан ағзаға тез сіңеді. Ешкінің сүтінде кальций көп. Бұл, әсіресе, балаларға өте пайдалы. Ешкі сүтінің дәмі сиыр сүтіне қарағанда өзгеше болғандықтан, көп адам бірден іше алмайды. Сондықтан, адамдарға қайнатып ішуге кеңес беремін. Ал, бағасына келсек, мен Алла бала-шағама бұйыртқан осы несібені халыққа қол жетімді бағада ұсынуға тырысамын. Атап айтқанда, сүттің литрін 300 теңгеден артық көтермеймін» – деді. Тазалықты бірінші орынға қоятын Тынымкүл апамыздың ешкі сауудағы әрекеті бізді сүйсіндірмей қоймады. Көргеніміздей, ешкі желінін, әбден тазалап жуып, сүртіп, содан кейін ғана саууға кірісті. Сонымен қатар, арнайы соғылған қора-жайы да тап-тұйнақтай. Лақтарын бөлек, сауын ешкілерін бөлек ұстайтын бұл кәсіпкер отбасының әрбір тірлігінің жинақы екендігі көзге көрініп тұрды. Отағасының сөзіне үңіліп, ешкі малы аса қатты күтімді қажет ететінін де байқадық.
– Қойға қарағанда ешкі көп ауырмайды. Қой астынан сыз өтсе жата береді, ал ешкі сызға осал. Табанынан суық өтсе, ол жерге мүлде жоламайды. Жалпы, қорасы жылы, азығы мол болса, болғаны. Ал қора ылғал, шөп құнарсыз болса, сүтінің майлылығы азаяды. Ешкінің күйін тайдырмас үшін дәрумен­дерге бай және құнарлы азық береміз. Бұл істе балаларым да қолқабыс болады, – дейді отағасы Жолдасбек Мырзалиев. Иә, кәсіпкерлікке кең қолдау жасалып жатқан мезетте екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға біз көрсеткен отбасының шаруасы үлгі боларлықтай.


РS: Ешкінің сүті мен қылының пайдасы зор екенін білсек те, аудан көлемінде бұл шаруаны қолға алып, кәдеге жаратып отырған кәсіпкерлер аз. Егер, дәстүрлі емес, осынау кәсіптің көзін тауып, ешкі өсіруді қолға алсақ, біріншіден, халық денсаулығына шипасы тиетінін, екіншіден, тиімді табыс көзі болатынын алға тартқымыз келеді. Бізге мәлім болғанындай, бүгінде жас балалардың сүйікті асына айналған йогурт ең алғаш ешкі сүтінен жасалған екен. Демек, ешкі сүтін өндіруді қолға алсақ, одан түрлі азық-түлік өнімін жасап шығаруға болар еді. Ал, экологиялық таза өнімнің қаншалықты сұранысқа ие екендігі баршамызға аян.

Әлеуметтік желіден ілгеніміз...

Ешкі сүті — жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өнімі. Құрамындағы бета-казиннің көптігі оның ана сүтіне жақындығын көрсетеді. Және ешкі сүтінде аллергиялық реакциялар тудыратын ақуыз жоқ. Сондықтан, аллергиясы бар балаларға ешкі сүті – таптырмас ем. Ешкі сүті дәрумендерге өте бай. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезде пайдасы мол. Тоқсан тоғыз ауруға ем ешкі сүтін көрші Өзбекстан мемлекеті ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшін арнайы сүтті ешкілерді өсіреді екен.


Дина Жүсіпова.
Сурет бақытжан бәйімбеттікі.
15 тамыз 2018 ж. 3 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930