Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті әулие жерленген қасиетті мекен

Жеті әулие жерленген қасиетті мекен

Сыр өңірі – сонау Фараб пен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Жанкент пен Женттен бастап, Көк теңізге немесе бір кездегі Хазар, Арал теңіздеріне дейінгі алқапта аты қалған, бүкіләлемдік жылнамада өзіндік үлкен орны бар тарихи өлке. Көне дәуірдің куәсі – Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулиенің өткенін жергілікті халық жақсы біледі. Ежелгі бір кезеңде қалың қауым қадір тұтқан олар жайлы айтылар әңгімелер күні бүгінге дейін жетіп, қазіргі ұрпақтың санасында да жаңғырып жатыр. Сырға бай Сыр бойында сан ғасырлардан бері аты әлемге мәшһүр ірі тұлғалар ғұмыр кешкен. Солардың дені жіті зерттелмеген, өмір дерегі тапшы. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де, сыны кетпеген көне ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі.
Осындай тарихи-мәдени мұраларды қорғау – халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз. Осы бағытта тарихи-археологиялық және сәулеттік ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, сондай-ақ жұртшылыққа олардың құндылығы мен маңызын таныту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын арттыру жөнінде нақты іс-шаралар жүргізілуде. Міне, осындай мұраның бірі – оғыз-қыпшақ заманының жәдігері болып табылатын Оқшы ата мазары.
Оқшы ата әулиелер мазаратының тарихы сонау әріден басталады. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекеннің бұдан мың, мың жарым жыл бұрын-ақ бабаларымыздың жамбасы тиген жер екені байқалады. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы ата мазараты ежелгі Тұран, Оғыздар мен Түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен.
Оқшы ата, Есабыз ата, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол және Бала би сияқты ұлылар – халық зердесінде қалғандары ғана. Бір ғана Шиелі жерінің өзінде бұдан бөлек тағы да басқа қаншама қасиетті орындар бар. Айталық, Сығанақ, Бестам, Ақтөбе, Қызылтам көне қалашықтары мен Жөлек бекінісі, Жүніс Әулие, Бақты ата, Қабыл ата, Ахмет, Оразай ишан, ­Жаназар батыр кесенелері, көптеген мортықтар және т.б. орындар – ата-бабаларымыздың қолымен тұрғызылған, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қасиетті орындар.
Сыр өңірінің төл перзенті, көрнекті әдебиетші, филология ғылымының докторы, профессор, түркітанушы Әуелбек Қоңыратбаев «Оқшы ата бабамыз ХІ ғасырда өмір сүрген, осы өңірді жаудан қорғаған батыр, көріпкел әулие, халық қамы, болашағы үшін арпалысып өткен ұлы тарихи тұлға» деген тұжырым жасайды. Ғалым одан бөлек Оқшы ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын мазаратта жерленген деген деректер келтіреді.
Ғалым Мардан Байділдаевпен бірге аударған «Қорқыт ата кітабында» Оқшы деген оғыз батыры болғандығын, Ақсақ оғыз (Теріс Ұзамыш) баласы Оқшы Бестамды басқарып, Қазан ­(Хасан, Асан) ханның әскеріне қару-жарақ әзірлеп берген. Ал мұндағы Бестам деп отырғаны осы күнгі Шиелі ауданы жеріндегі Қаратау етегіне орын тепкен ортағасырлық көне шаһар. Болашақ зерттеушілер аңыз емес, тарихқа сүйенсе деймін. Аңыздан гөрі эпос өмірге жақынырақ» деген болатын.
Тағы бір болжам бойынша Оқшыны қыпшақтарға ислам ілімін таратушылар қатарына, Қожа Ахмет Яссауидың шәкірттеріне қосады. Оның азан шақырып қойған есімі турасында халық арасында бірнеше болжам айтылады. Ол кісінің шын есімін біреу Көгентүп десе, екіншісі Ибраһим, ал Оқшы оның қару-жарақ жасаған кәсібіне байланысты қойылған жанама аты деседі.

Асан ата кесенесі
Оқшы туралы аңыздардан байқағанымыз, Қазан (Хасан, Асан) хан есімі Оқшымен бірге аталады, қатар қайтыс болып, бірге жерленген. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде Қазанның қазақша аты – Асан. Оқшы осы Қазан (Асан) ханның оқ-дәрі жасайтын шебері болған дейді. Яғни, Оқшы ата мазаратындағы Асан ата – оғыздардың ханы Қазан болуы әбден мүмкін.
Оқшы ата қорымындағы жәдігерлердің ең көрнектісі де – Асан ата мазары. Оның Оқшы кесенесінен еңселі тұрғызылуынан-ақ мұнда жерленген адамның дәрежесі жоғары болғанын байқауға болады.
Енді Асан ата кесенесіне кім жерленгендігі туралы екінші нұсқада Ш.Уалиханов «дала данышпаны» деп атаған, желмая мініп халқына жайлы қоныс – Жерұйық іздейтін Асан қайғымен байланыстырады.
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы (ХІҮ ғ. соңы-ХҮ ғ. басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ, Әз-Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Оқшы ата қорымындағы Асан ата кесенесі – Асан Қайғы мазары дейтін болжам «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясының» 4-томында, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында және «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында айтылады.
«Дала данышпаны» ретінде танылған Асан қайғының рухани мұралары халық санасында сақталған. Асан қайғы жөніндегі аңыз әңгімелер мен әртүрлі алуан деректерді біршама қалыпқа түсіріп, құнды пікірлер жазған – академик-жазушы М.Әуезов.
Асан қайғының саяси іс-әрекеттері төңірегінде қалам тартқан академик Ә.Марғұлан Асан қайғыны халықтың қамын ойлаған кісі екендігін, оның XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген ақын, философ, аңыз кейіпкері, үнемі халық қамын, елінің болашағын ойлап жүргендіктен, замандастары есіміне «қайғы» деген сөзді қосып, «Асан қайғы» атап кеткен дейді.
Рас, кейбір әдеби зерттеулерде Асан қайғының жерленген жері туралы түрлі пікірлер кезігеді. Бірінде Жезқазған облысының Ұлытау ауданында десе, екіншісінде Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Жеті әулие» қорымында делінеді.
Баба рухына арнап тұрғызылған кесене күйдірілген тақта кірпіштен қаланған. Шаршы үлгідегі аумағы – 11,5х7,30 м, биіктігі 7,60 метр. Іргеліктен 3 метр жоғары кірпіштер тігінен өріліп, белдеу жасалған.
Асан ата кесенесі 1992 жылы мемлекет қорғауына алынған. 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде аталған ескерткішке республикалық бюджеттен 9 600,0 теңге, Оқшы ата кесенесіне 9 800,0 теңге қаржы бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Бұрын иен даланы емін-еркін жайлаған қазақтың басына талай зұлматты алып келіп, көндіруге тырысқан өктем саясат та ата-баба аманатына адалдық танытқан Алаш жұртының сағын сындыра алмады. Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қам кесектен салынғанға ұқсайды. Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып үлкен ас берілсе, содан бері игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.

Ғайып ата кесенесі
Оқшы ата мазаратындағы ең көне кесене Ғайып (Қайып) атаға арналып салынған. Бұл кісі ІX ғасырда, оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген, кесене де сол тұста салынған деген пікір айтылады. Кесене келбетіне қарағанда, ол көптің бірі болмаған. Өкінішке қарай, Ғайып ата кесенесі нашар сақталған. Құрылыс түгелге жуық бұзылып, кесененің дуалдары ішіне қарай құлаған. 1997 жылы мазараттағы әулиелерге арнап ас беруге дайындық кезінде ғасырлар бойы үйілген қалың топырақ төбе тазартылды. Сол кезде бұл жерге бірнеше кісінің жерленгені белгілі болды. Кесененің ерекшелігі – ол күмбезді мазар емес, қызыл кірпіштен соғылған дуал болып шықты. Мазардың қабырғалары, қыштарының көлемі, қалануы, өрнектері Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесіне ұқсас. Зираттың өте ескілігі – бұл қорымның мың жылдық тарихы бар деген жорамалды айғақтай түседі.
Ол кісі әулие екен деген аңыз бар. Көріпкелдік қасиеті бар кісілер Ғайып (Қайып) ата басына барып Құран бағыштаған кезде ол кенет ғайыптан пайда болып, ризалықпен Құранды тыңдап отыратынын, дұға оқу аяқталған соң қайтадан көкке көтеріліп кететінін айтады. Бірақ бұл құбылыс жай адамдарға көрінбейді де, сезілмейді де.

Қыш ата бейіті
Халық арасында әулие атанған тағы бір бабамыз – Қыш ата. Өкінішке орай, оның да өмір сүрген кезеңі белгісіз. Асқан ісмерлігіне байланысты Қыш ата аталып, өз есімі ұмытылса керек. Ел аузындағы аңыз атаның күйдірме кірпіштері Сайрам, Яссы, Сауран, Фараб, ­Исфиджаб, Құмкент, Сүткент, Сығанақ, Өзгент, Жент, Баршынкент, Бестам секілді осы атыраптағы шаһарларға құрылыстар үшін тасылып тұрған дейді. Соған қарағанда моңғол шапқыншылығына дейін, тіпті оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген деп пайымдауға болады. Бұл кісінің кесенесінде күмбез жоқ, бірақ түп қатарлары жақсы сақталған. Баба бейіті 1997 жылы тамыз айында ас беру қарсаңында біршама қалыпқа келтірілген.

Есабыз әулие кесенесі
Есабыз әулиенің халыққа танымал болғандығының бір белгісі – басына тұрғызылған еңселі кесене. Мазаратта Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш Есабызға арналған. Есабыз әулиенің заманы қай тұс екені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Есабыз ­туралы бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар. Соның біріншісі – әулиені Оқшының заманында, XI ғасырда тіршілік еткен, жасы одан кіші болған деседі. Бірақ, ол туралы ел аузындағы әңгімелерден басқа әулиелерге қарағанда осы күнге егжей-тегжейлі жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы, оның тым бергі уақытта өмір сүргенін аңғартады. Шежіре тартар болсақ, Есабыз әулие қара қыпшақтың Торы тармағынан. Одан Әлпейіс, одан Түйшіке, одан Қойбар, одан Көзей, одан Абыз аталығына жатады. Есабыз әулиенің XVII ғасырдың басында өмір сүргені туралы мәліметі шындыққа жақын. Ел аузындағы әңгімелер атамыздың қалың елдің қамын жеген, қара халықтың қамқоршысы болған, көріпкел, құдірет иесі болғанын баяндайды.
Есабыздың жалғыз қызы болған екен, сол қызынан өрбіген ұрпақтың бірі Досман ақсақал 1991 жылы 108 жасында Шиелі ауданындағы «Бестам» ауылында қайтыс болды. Оның бала-шағасы сол ауылда тұрады. Ал Есабыздың інісінен тараған ұрпақтың бірі Әйімбет молда 1930 жылға дейін Оқшы ата қорымында шырақшы болған. Осы мазаратта жерленген. Әйімбет молданың әйелі Дүржамал, Есабыз әулие тігіп отырған киіз үйдің маңдайшасын сақтап келген. Науқас адамдар, бала көтермеген әйелдер әлгі маңдайшаны кие тұтып, тәу етіп жүрген екен. Дүржамал апай 1995 жылы Шиелі ауданының «Қызыл диқан» ауылында қайтыс болды.
Көнекөз қариялардың айтуынша, киелі ­Есабыз атаның халқына тигізген пайдасы көп болған. «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам, соның жебеушісімін. Келіндерім «Көзді ата» деп сыйынса, тілегені болады» дейді екен.
2018 жылы ұрпақтарының демеушілігімен Есабыз әулиеге жаңадан зәулім ақшаңқан ­кесене тұрғызылды.

Досбол би кесенесі
Досбол датқа Қорлыбайұлы Жөлек өңірінде 1800 жылы дүниеге келген, арғы атасы – Көзей қыпшақ. Сыр бойын мекендеген елдің теңдігі мен тыныштығы үшін ат үстінен түспеген белгілі жан, даулы мәселенің қисынын тауып, қиып айтатын беделді би, буынсыз қызыл тілдің қызығына ермей, қызырын ел мен жердің еңсесін көтеруге арнаған, шашасына шаң жұқпас, шипа сөзді шешен.
Әкесі Қорлыбай тіршілігінде байлық бақыт бола бермейтінін бағамдап, ұлды болғанда «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес. Ұлтымен ұрандас, халқымен мұңдас, баршаның досы болсын» деп, ұлына Досбол деген есім берген екен.
Жасы 30-дан аса бергенде Қоқан ханының пәрменімен өз руына датқа болып тағайындалған Досбол шешен, олардың қоқан соққысынан қорқып-үрікпей, өз аймағын, ағайындарын қорғай білген. Оның кім болғандығын:
Жас кезімде датқа болдым,
Жалпақ жатқан қазақ пен сартқа болдым.
Қызметім жаққан соң,
Қалың ел үшін атқа қондым, – деген өз сөздерінен айқын аңғаруға болады.
Досбол Арқаға барған бір сапарында замандасы Сары Қошқар батырмен жолығысады. Сонда жөн сұрасқанда былай деген екен:
– Төскейге мал толғанда, төбеге қол толғанда, дау шешімі табылмай, ел аңырап тоқталғанда, жол көрсетіп, жөнін айтар есті ұланы жоқ болғанда – мен суырылып шығар Жиренше шешенмін !
– Жылжып өтер жер келгенде, ер намысы сынға түсіп, ақыл-айла тергелгенде, жуан сіңір бай-шонжарлар мені өзінен кем көргенде, жанға зор, жағаға қол жеткенде – мен есемді бермес епке көшер Алдар көсемін !
Досбол – батырларды қостап, елді бастап, сөзбен баптап, Қоқан хандығына қарсы күреске де шыққан. Кенесары қозғалысын қолдап, оның жасағына да қосылған, елінің тәуелсіздігі үшін арпалысып өткен ер.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жара білген әділ би Досбол датқа 1890 жылдары 90 жастан асып, Бәйгеқұм маңында дүние салған. Бейіті Оқшы ата әулиелер мазаратында. Досбол датқаның есімі тек Сыр өңіріне ғана емес, күллі қазаққа танымал. Досбол датқа орны бар айтулы адам, сөзге жүйрік шешен, ел бастаған көсем. Оның Әуез, Бәтай, Жүсіпқали, Камал, Жәлен деген балалары болады. Әуезден Бердияр, ­Жамалдияр атты немерелері өрбіген. Қазір ұрпақтары Шиелі ауданында тұрады.

Бала би кесенесі
Бала би шешен (шын аты Бименбет) Есенәліұлы 1811-1875 жылдар шамасында өмір сүрген. Бала би әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі, Бұлтын қыпшаққа аға болған Арғынбайдың атын ерттеп, қасына еріп жүреді, тәлімін алады. Жасынан ел мен жер дауына ерте араласып, Бала би атанады.
Бименбеттің даңқын жайып, Бала би атандырған оқиға Кіші жүзге құн даулап баруы екен. Кіші жүзде Жарасбай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіргенімен қоймай, құн ­дауында теңдік бермей жүреді. Намыс, кек байыз таптырмай, ел жақсылары Кіші жүзге тағы аттанады, бұл сапарда Бименбетті де ала барады. Ол елдің сөз сөйлері – орақ тілді адуын, беті қатты, ұтқыр Ысмайыл деген жасы егде әккі биі екен. Жарасбай тағы да орып түсер Ысмайылды алдыртады. Екі жақ уәж таластыруға ортаға үш-үштен би шығарады. Қыпшақтың үш биінің бірі Бименбет болады. Бала көріп қомсынған әрі насаттанған ысқаяқ Ысмайыл қарсы жақты бірден ықтырып, бүріп тастайын деп, жосыла жөнеледі.
– Баланы мұнда әкелгендерің қалай? Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, үлгілі би, үнемді жүйрік түсетін, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын жер емес пе! Түйенің тайлағы, баланың ойнағы ма бұл?!, – деп екпіндеп тоқтайды.
Сонда Бименбет сөз сұрай қамшысын ортаға тастай бере іркілмей көсіле жөнеледі:
– Үш жүздің баласы бас қосқанда ­Орманбет би «Ердің құнын жастың жайсаңы, кәрінің ­сайтаны даулайды» деген екен. Сіз кәрінің ­сайтаны, мен жастың жайсаңы едім. Қартайғанша дауға араласатын не жөніңіз бар?!, – дейді. Қарт би сөзден тосылып, Хангелді батырдың құнын төлеуге келіскен екен. Бименбет содан былай Бала би атаныпты.
Қазақ халқы шешендік өнерді, оны иеленуші адамды ерекше құрмет тұтқан. Шешендіктің арнайы мектебі дегенді білмеген қазақ даласында «би» мен «шешен» атанудың жазылмаған өзіндік қағидалары мен ережелері болған. Мəселен, «би, шешен» дегендегі «би» сөзінің өзінің беретін мəні, атқаратын қызметі ерекше болған.
«Би» атанған адам қандай болуы шарт? Би сайланбалы қызмет емес, ел ақсақалдарының ұйғарымы, өзара келісімі мен шешімі бойынша елдің салт-дəстүрін білетін, шежіреден хабары бар, аузы дуалы, шаруасы түзу, ата тегі белгілі жəне елге беделді, сыйлы адам болған. Би жас ерекшелігіне бағынбайтын қызмет.
Би – дау-жанжалға билік айтушы білікті адам. Би – халықтың əдет-ғұрпын, салт-дəстүрін жақсы білуімен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде белгілі болған жан. Сыр бойындағы осындай белгілі билердің бірі – Бала би.
Сыр елін билеген Қоқан ханы қыпшақтарға датқа қою үшін көзей Тұрғанбай мен бұлтын Арғынбай биді шақыртыпты деседі. Елден алым-салық жинайтын датқалықтан бас тартқан Тұрғанбай мен Арғынбай жастарының ұлғайып қалғанын айтып, орындарына Бала би мен ­Досболды ұсынады. Сөйтіп көзей қыпшаққа ­Досбол Қорлыбай баласы, бұлтың қыпшаққа Бала би Есенәлі баласы датқа болады.
Данышпанның сөздері,
Қараулы қара жолмен тең.
Надандардың сөздері,
Асуы жоқ ормен тең, – деп, дана билігімен, шежірелі шешендігімен халық санасына берік орнығып, ұстамды да ұтымды сөздің ұлығы атанған Бала би шешеннің арғы атасы – бұлтын қыпшақ. Өсіп-өнген ұрпақтары Сыр бойында, нақтылап айтар болсақ, «Бала би ауылы» мен Бәйгеқұм бекеті төңірегінде тұрады.
Бала би мен Досбол шешен аттары қатар шығып, тіршілігінде бірге жүрген кісілер. Өмірден озғаннан кейін де кесенелері бір қорымда яғни, Оқшы ата қорымында бой түзеді. Бала би Досболға «Сенің тілің артық, менің бағым артық» дейді екен. Кесене алты қырлы етіп күйген кірпіштен өрілген. Биіктігі – 6 метр.
Жеті әулие байыз тапқан Оқшы ата мазараты жайлы айтқанда ел аузындағы әңгімелерді сөз етпей кету мүмкін емес. Өткен ғасырдың басында «Түрксиб» теміржолы салынғанда жұрт адам айтса нанғысыз мынадай оқиғаға куә болыпты. Бас жоспарда белгіленген карта бойынша шойынжол тура мазараттың ортасымен өтуі керек екен. Солай жасамақ болған құрылысшылар күнімен тасты төсеп, рельстерді бекітеді. Алайда, таңертең келіп қараса, рельстер бұзылып, жасаған жұмыстары зая кетеді. Оқиға бірнеше күн солай қайталанады. Жергілікті тұрғындар келіп, құрылысшыларға бұл орынның киелі жер екенін, онда қасиетті адамдар жерленгенін айтады. Алғашында нанбаған құрылысшылар түнімен аңдуға көшеді. Сөйтсе түн ортасы ауғанда алып бұқа келіп, рельстерді мүйізімен іліп, оңды-солды лақтырыпты. Осыдан кейін барып, құрылыс басшылары жергілікті ақсақалдармен ақылдасып, қан шығарып, мал сойып құран оқытып, картаны өзгертіп, шойын жолды мазараттың сыртымен айналдырып өткізген екен.
Қазір біз әңгімелеп отырған әулиелер ордасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Сол тұсқа жеткенде жүргізушілер жылдамдығын азайтып, аруақтарға құраннан дұға бағыштап өтеді. «Оқшы ата» мазаратында намазхан жамағатқа арналып «Есабыз ата» мешіті салынған. Ас беріп, зиярат етушілер мен тәу етіп, түнеушілерге арнайы 250 орындық асхана мен қонақүй ғимараты соғылған. Басында мешіт имамы мен шырақшысы келушілерге қызмет жасайды. Мұнда жерленген адамдардың өмірлері уақыт өткен сайын аңызға айналып барады. Олар туралы көптеген кітаптар шығарылды. Жүздеген мақалалар жарық көрді. Мұның барлығы қай заманда болса да, жеті әулиеге халықтың құрметі ерекше екендігін білдіреді.
Олай болса, Оқшы ата мазараты Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынып, сол жерге қазақтың зиялы азаматтарын жерлей бастағанға дейін Сыр бойы халқының игі көсемдерін, әулие-көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген пантеон болды деген сөзді растай түседі. Бұл – тарихи шындық.
Оқшы ата әулиелер мазараты бір қарағанда шағын мекен болғанымен, бүкіл қазақ жеріндегі аса қасиетті орындардың бірі саналады. Қазіргі таңда Оқшы ата мазараты мен Асан ата кесенесі республикалық, Есабыз әулие, Досбол би, Бала би кесенелері жергілікті маңызы бар, Ғайып ата мен Қыш ата мазарлары алдын ала есепке алынған ескерткіштер санатына енгізілген.

Бекболат ӘБУТЕГІ,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

08 қараша 2022 ж. 775 0