Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПЛАНШЕТПЕН МЕКТЕПКЕ. ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

ПЛАНШЕТПЕН МЕКТЕПКЕ. ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

Жоғары білімді азаматы көп елдің болашағы жарқын, әлеуеті зор, беделі де биік. Бұл сөзімізге ешкім дау айта қоймас. Бұрыннан айтылып келе жатқан пікір. Оқығаны көп елдің бірі – Қазақстан. Олай болса, неге біздің ел дамыған мемлекеттер көшіне ілесе алмай отыр? Мүмкін ауыр мектеп сөмкесін планшетпен алмастырсақ көштің қатарынан қалмаймыз ба? Кім білсін?
Мектеп оқулығы планшетпен алмасады. Үкімет басшысы балалардың ауыр сөмкесін осылай алмастырамыз деп отыр. Премьердің бұл тапсырмасы қашан орындалады? Жалпы бұл тапсырма мәселені шеше ме? Ата-аналардың пікірі қандай? Осы тағылеттес сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Жалпы мектеп оқулығының планшетпен алмасатыны жөнінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Балаларды ауыр сөмкеден арылту қажет. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керек. Атап айтқанда «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, оларды ауылдық мектептердің балалары үшін сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек» деген болатын.
Осыған қатысты Үкімет отырысында да Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат ­Мусин мәлімдеме жасады.
– Әріптесім Асхат Қанатұлы ұсынғандай, «ауыр рюкзактар» мен мектептердегі ­цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы кешенді шешімін табуы мүмкін.
Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді. Көріп отырғандай, мұндай әдіс бірқатар дамыған елде оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтижеге алып келді. Бұған қоса оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді. Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы «Цифрлық» теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзактарын жеңілдетуге мақсат қойылды, – деді Бағдат ­Мусин.
Облыс көлемінде 295 мемлекеттік, 16 жеке мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 182 мыңға жуық бала білім ордасында оқып жатыр. Оның ішінде 18 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың балаға артық. Отандық дәрігерлер ұзақ жылдар бойы бала сөмкесінің салмағы 2,5 келіден ­аспауы тиіс деп дабыл қағып келеді. Алайда мұны ешкім ескере бермейді. Шетелдік тәжірибеге зер салып көрелік, АҚШ-тағы педиатрлар академиясының мәліметінше 1-сынып 1,2 кг, 2-сынып 1,6 кг, 3-сынып 2,3 кг, 9,11-сыныптың өзі 4 келіге дейінгі ғана салмақты көтеруге болады екен. Ал Қазақстанда қалай? Байқасаңыздар, елімізде бала сөмкесіне қатысты нақты нормалар қарастырылмаған. Есесіне Үкімет басшысы бұл мәселені шешу үшін кітап санын азайтуды емес, әр баланың қолына планшет беруді тапсырып отыр. Осы тұста ата-аналардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі ауыр сөмкені арқалап жүргеннен гөрі планшет берген дұрыс. Себебі заманның өзі соны талап етіп отыр. Замана көшінен қалмау үшін, балалар жанжақты ­цифрлы дүниені меңгерген дұрыс деді. Екінші бір ата-ана бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін айтады. Планшеттің қажеті жоқ, себебі білімнің бәрі кітапта. Оның орнын ештеңе алмастыра да, баса да алмайды дейді. Сәйкесінше планшеттің де денсаулыққа тигізер залалы аз емес дейтіндер де табылды. Дей тұрғанмен, үкімет те, жауапты министрлік те, «Қазақстан халқына» қоры да планшеттің кімге және қашан берілетінін нақты айтқан жоқ. Қазақстандағы барлық мектептер түгелдей дерлік планшетпен қамтыла ма, қамтылмай ма белгісіз. Осылайша шенділер шетелден көргенін елге ендірмекші. Жоғарыда айтқандай, Ұлыбритания, ­Норвегия, Оңтүстік Корея мен Түркия мектептерін де оқушылар кітаптардың орнына планшетті пайдаланады. Тиісінше ауыр сөмке тасып әлек болмайды-мыс. Алайда бүлдіршіндердің белін ауыртпаймыз деп жүргенде көзін құртып алмаймыз ба? Құрылғының пайдасымен зияны қатар жүретінін әсте естен шығармаған абзал.

С.МАДИЯРОВА

07 қараша 2022 ж. 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031