Есірткісіз өмір ғажайып
Есірткісіз өмір ғажайып
Қазіргі таңда кез келген әлем мемлекетінде кездесетін басты мәселелердің бірі – есірткі тақырыбы болып отыр. Есірткі – қоғамдағы адамдарды теріс жолға түсіріп, өмірлеріне толықтай кері әсерін тигізеді. Әлемдік статистикаға сәйкес, мемлекеттерде есірткіге қарсы көптеген іс-шаралар мен жұмыстар жасалғандығына қарамастан, жыл сайынғы көрсеткіштің төмендеуі байқалмайды. Өз кезегінде бұл факторлардың барлығы кез келген мемлекеттің дамып, өсуіне зиянын тигізеді. Себебі кез келген мемлекетті дамытушы, өсіруші халқы есірткі сияқты зиянды нәрселердің торына түсіп, басқа нәрселерге уақыты да болмайды.
Есірткі, темекі сияқты зиянды нәрселерді толығымен қоғам дерті деп атауға болады. Есірткіні пайдаланатын кез келген адамда тәуелділік пайда болып, денсаулығына көптеген зиян тиеді. Жалпы нашақорлықпен айналысатын адамдардың көпшілік бөлігі қылмыскер болып шыға келеді. Өйткені, олар ұрлық, тонау сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтармен айналысып, өмірлерін одан әрі қиындатып алады. Дәл осы жерде зардап шегетін бірден-бір адамдар – отбасы мүшелері, әсіресе, ата-аналары. Сол үшін нашақорлықтың торына түскен әрбір адам өзін ойламаса да, ең алдымен ата-анасын ойлағандарын қалаймын. Осы өмірге әкеліп, бар жақсыны, бар құндыны ұсынған кісілерге осындай зардап шектіру мүлдем дұрыс емес. Сондықтан да кез келген адам өз өміріне аса бір жауаптылықпен, маңыздылықпен қарай білуі қажет.
Нашақорлықпен күрес мәселесіне көпшілік адам жеңіл қарайды. Олай атүсті, жеңіл дәрежеде қарау мүлдем қате пікір. Себебі, нашақорлықтан зардап шегіп жүрген әрбір адам – осы қоғамның белгілі бір мүшесі. Сол себепті есірткімен күресу тек қана бір адамның қолынан келмейді. Бұл күреске мемлекет, тиісті мамандар мен отбасы мүшелері бірлесе отырып қатысу керек. Сол уақытта ғана белгілі бір нәтиже пайда болады және қоғамда, мемлекетте, жалпы ғаламшарда жаңа, тың өзгерістер орын алып, адамдар өмірін барынша бағалай бастайды.
Қорытындылай келе, есірткінің қаншалықты адам өміріне зиян екендігін өскелең жас ұрпаққа түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру қажет. Мысалы, мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде есірткінің қауіптілігін насихаттайтын түсіндірме жұмыстарын көп жүргізу керек және оқушылар, студенттер міндетті түрде тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында болуы қажет. Одан бөлек, мемлекет тарапынан заңсыз есірткі бизнесімен айналысатын кез келген адамға қатаң жаза қолданып, басқа да адамдарға мысал ретінде көрсету қажет. Сонда ғана Қазақстан Республикасының атын әлемдік аренаға шығара алатын, бәсекеге қабілетті, дені сау әрі саналы ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Одан бөлек, кез келген адамның дүниедегі ең басты, асыл қазынасы – өзінің өмірі болып саналады. Ал, сол өмірге жауапкершілікпен қарау әрбір азаматқа парыз, міндет. Сондықтан да біз өзіміздің, өскелең жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға міндеттіміз!
Шерияздан Аружан
Қызыдорда облысы
Шиелі ауданы
№127 Ш.Уәлиханов атындағы
орта мектеп-лицейі
Қызыдорда облысы
Шиелі ауданы
№127 Ш.Уәлиханов атындағы
орта мектеп-лицейі
#есірткігеқарсыбайқауы
#антинаркотическийконкурс
#антинаркотическийконкурс