Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР ҒАЖАЙЫП

ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР ҒАЖАЙЫП

«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР ҒАЖАЙЫП
Өмір деген, расында, адам баласына берілген ең құнды дүние. Адам болып жаралған соң, берілген қысқа ғана ғұмырыңды жарқын өткізу керек емес пе? Оны болмашы дүниенің қызылды- жасылына айырбастама... Мен бұл жерде, досым, «қызылды- жасылды» деп мына өзекті мәселені қозғағым келеді.
Нашақорлық. Ине ұшындағы өмір. Өміріңе мысқылдап кіріп, батпандап шықпайтын дерт. Нашақорлыққа көбінесе, жасөспірімдер шалдығады. Нашақор қаражатты ұрлықпен табуды көздейді, ал ұрлық жазасыз болмайды. Нашақор ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де сол.Ол алдымен наша шегуді немесе ес ауыстыратын дәрі ішуді ұсынады, еліктегіш жастар дәм тата бастайды. Бара-бара жасөспірімдер нашақорға, есірткінің құлына айналады.
Адамның өзінен -өзі бұзылып кетпейтіні түсінікті ғой. Біреуге – біреу ықпал етеді. Жастардың арасында «мода» деген түсінік қалыптасқан. Еліктейді, біріне – бірі артық болып көрінгісі келеді. Қазір оның үстіне не көп түнгі клубтар көп. Нашаның басты таратылатын орны – осы түнгі клубтардағы ойын-сауықтардан басталады. Сондықтан, жас досым, буыныңды үсікке шалдыра көрме!
Нашақорлықты басқаша «мидың қатерлі ісігі» деу керек. Егер ол асқынып кетсе дағдарысқа ұшырайды. Онда «мен» деген нәрсе болмайды, «әке - шешем мен үшін жүгіріп жүр- ау, ертең ел – жұртқа қалай қараймын», яғни болашағына есеп бермейді. Мақсаты тек біреу – «қайда бар, кімде бар, қалай ақша тапсам, қалай алсам!» деп, есірткіні ойлаумен болады. Тіршіліктің бар мәні осы ғана деп түсінеді.
Соңғы мәліметке сүйенсек, 13-15 жас аралығында жасөспірімдер айықпас удың тұтқынына айналуда. Нашақорлықтың орташа жасы 30-дан да төмендеп кеткен. Соның салдарынан қылмыс көбейе түскен. Осындай ауыр апаттан жастарды арашалап қалу мақсатымен тиісті мекемелер ғана емес, бүкілхалықтық іс екенін, бірігіп жұмыс істеу керектігін әрқайсымыз жетік түсінуіміз керек. .
Жас дос! Біз өзімізді – өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Бойымыздағы бар қабілетімізді тек жақсылыққа бағыттай білгеніміз жөн. Зиянды әдеттерден, ішімдіктен, шылымнан, есірткіден аулақ болайық. Бойымызды ластамай, жан – дүниемізді таза ұстайық. Өзіміздің бос уақытымызды пайдалы іске арнайық. Ар-намысымызды биік ұстайық. Өз тағдырымыз – өз қолымызда. Адам өмірге бір-ақ рет келеді, оны жақсы етіп сүру біздің қолымыздан келеді. Өзімізге сенейік. Өзіне сенімді адам ғана өзгелердің теріс әсеріне бағынбай, өзін сақтай алады.Денсаулығымыз мықты болсын, спортпен айналысайық. Біз ел үшін керекпіз. Өйткені, біз – тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз!


Қызылорда облысы, Шиелі ауданы №244 Ы. Жақаев атындағы орта мектебі
Төреханова Нұрай Сержанқызы
#есірткігеқарсыбайқау
#антинаркотическийконкурс
31 қазан 2022 ж. 522 0