Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткісіз өмір ғажап

Есірткісіз өмір ғажап

Есірткісіз әлем керемет - YouTube Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға
Адам баласы үшін қымбат қазынаның бірі – денсаулық. Алайда қазір қоғамдағы кей адамдар денсаулықтың қадіріне жетпей, өз саулығын өз қолымен құртуда. Өкінішісі, олардың арасында ел ертеңіне айналатын, келешек ұрпаққа үлгі болатын жастар қауымы көп. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп хакім Абай айтпақшы бүгінде еріншек, енжар, жалқаулықтың салдары әртүрлі зиянды заттарға әуес болуға әкеліп соғады. Соның ең сорақысы – нашақорлық.
Нашақорлық – қоғамды жайлаған қауіпті індет. Есірткінің адам ағзасына ғана емес, адам өміріне және күллі қоғамға тигізетін кесірі көл көсір. Тіпті есірткінің денсаулыққа тигізетін түк пайдасы жоқ деп кесіп айтуға болады. Оған құмар болу жан мен тәннің құлдырауына әкеледі. Сонымен қатар есірткі жолына түскен адам өзінің өн бойындағы адамгершілік қасиеттерінен айырылып, өтірікке, жалқаулыққа және бойкүйездікке құмар болады. Достарынан қол үзіп, отбасынан да алшақтайды. Бірте-бірте оны жақсы көретін адамдар саны азая бастайды. Нашақор адамның да өмірге деген құштарлығы сөніп, қабілет-қарымы бәсеңдеп, жетістікке жету жолында әрдайым жеңіліс табады. Бұдан бөлек, есірткінің ең кішкентай мөлшері де өмірдің қысқаруына себепкер. Есірткіге әуес болған адам жылдан-жылға өзінің мұқалып, желініп, құлдырап, құлап бара жатқанын аңғармай да қалады. Міне, есірткінің біз бен сіз білмейтін зияны орасан. Ғалымдар мен дәрігерлер әлі сырын ашып, анық-қанығына жетпеген зардабы да баршылық. Бірақ неге кейбіреулер нашақор атанып, өз өміріне балта шабады екен? Есірткісіз өткен күн ғажап емес пе? Әр адам баласы күнделікті салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, білім мен ғылымға көңіл аударса есірткі секілді зиянды заттарға қарауға мұршасы болмайтын еді.
Әрине, есірткіні пайдаланған адамның көзі тұмандатып ешнәрсе көрмейді. Ал есірткіге бір сәт жуымаған жан бұл ғұмырдың ғажап екеніне кәміл сенімді болады. Мәселен, айналаға шуағын шашып тұрған алтын түстес күннің жылуын, алып бәйтеректей болған ағаштардың сыбдырын, бір-бірімен өзара тілдесіп, тіршіліктің қамын жасап жүрген құстардың дауысын ести алады. Осы тамаша өмірде жүріп армандайды, қиялдайды, болашаққа жоспар құрады. Ата-анасы мен бауырларының қасында шат-шадыман, мәз-мейрам күйде жүріп, әр күнін бағалы етіп өткізеді. Мектептен түлеп ұшып, қалаған мамандығына қол жеткізіп, еліміздің білікті маманына айналады. Осылайша есірткісіз өмірді таңдаған адам болашағын баянды етіп, артына өшпестей із қалдырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетеді. Ал өмірін есірткімен сабақтастырған жан өзі үшін де, өзге үшін де пайдалы іспен айналыса алмай, әрқашан жан қиналысымен жүріп, тіпті өмірден ерте қош айтысуы мүмкін. Сондықтан әрқайсымыз өмір жолымызды таңдайтын кезде аяғымызды аңдап басып, ешқандай қателікке ұрынбау керекпіз. Ең маңыздысы есірткісіз өмірдің ғажап екенін естен шығармайық.
Ағзам Бауыржанұлы,
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алғабас ауылы
№157 Б.Пәрімбетов атындағы мектептің 7сынып оқушысы.
03 қараша 2020 ж. 2 833 0