Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөздің де салмағы бар

Сөздің де салмағы бар

Алаш алыбы Әлихан айтқан: «Айыр сөзде айып жоқ, ақылға саңырауда айып» деген сөзді түсінер жан сирегендей сезіледі бүгін. Өйтпесе, сөлді-сөлсіз, пайымды-пайымсыз, парасатсыз сөзді парықсыз жұмсаған көп болмас па еді, кім біліпті?! «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деген көне тәмсілге сенсеңіз рәсуә сөзге ренішің молаяды кеп. Расында, сүйектен – жан иірімінен шымырлап шықса сүбелі сөздің кінәсі не?!
Сөздің құдіреттілігі әу баста Құран Кәрімде айтылған. Қазекеңнің: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Айтылған сөз жүйесін тапса, мал иесін табады», «Өткір сөз – семсер», «Сөз – атылған оқ», «Сөз қуаты – ой қуаты», «Қылыштан именбеген – қызыл тілден сескенеді» деп, неше сан мақал-мәтел өрнегін тоқуына сол қасиетті кітабымыз қайнаркөз болған шығар.
Сөз қадірін түсінген қариялар «бұрын әкелік сөзбен бала өсіріп, ағалық сөзбен соңынан іні ертуші еді. Адал сөз көңілге сенім ұялатып, жылы сөз бен алғыс білдіру қанаттандырып, сөзі дуалылардың айтқандары халықты жігерлендіретін. ­Жастар сөз саптауға, ұйытқы сөзді ажыратып, астарлы сөзді түсінуге талпынатын. Осылайша қоғамдық ортада киелі сөзді қадірлеу, қанатты сөзге ден қою, сөздің қыр-сырын түсіну дәстүрі қалыптасатын. Нәтижесінде қазақ даласында Жиренше сынды шешендер пайда болып, жарыс сөз шеберлері мен сөз тапқыштар халықтың көңілін өздеріне аударатын. Сөзінің жаны бар адамдар мен істің тоқетерін айтатын сөзі мірдің оғындай кісілер қоғамдық пікірге ықпал етіп, салиқалы сөздері мен сыни көзқарастары халық жадында қалатын» деп жиі айтушы еді.
Ендеше бұл күндері сөздің салмағы неге кеміп барады? Әлде аталы сөз айтар ақсақалдар азайды ма? Жоқ, сөзге құлақ асатын ұрпақтың саны кеміді ме? Ұлттық рухымыз құлдыраса, ұлттық тәрбиемізден іргеміз жырақтайтынын ескермейміз бе? Тіпті, тілімізді кемсітіп, ұлтымызға қарата айтылған небір сөздерді де елеп-ескермейміз кейде. Атам қазақ «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деп, сөз киесін қызыл-жасыл бөз бағасынан жоғары қойған. «Аларым кетсе кетсін, айтарым кетпесін» деген. Алайда бөздің құдіреті жүріп тұрғанда, сөздің құнын ескермейді ме екен?
Қазақ халқы «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаса керек. Бақсаңыз, байламы басқа сөз дерсіз бұл. Әуелі оны түсіну үшін дана Абай мен Алаштың Әлиханын ерінбей парақтап өту ләзім-ақ. Әр айтылған сөздің салмағы бар. Әр сөздің жұмсалу реті бар. Аузым бар деп сөйлей беру әдепті һәм арлы адамның ісі емес. Біз бүкіл ойымызды сөзбен жеткіземіз. Санаңызға келген ой сөз болып тіліңізге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі керек.
Олай болса, тек «Жақсы сөз – жарым ырыс» қана жақсы іске ұласып, тіл табысуға, нақты нәтижелер мен жетістіктерге алып келетіні ақиқат. Ұлы Абай айтқандай, «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады». Ендеше естілік қана елдігіміздің кепілі. Сонда ғана адам мен адам, халық пен билік сөз табысып, араларында түсіністік пайда болып, этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім қалыптасады, тыныштық орнайды.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
28 қазан 2022 ж. 350 0