Сөз салмағын жоғалтпасын
Алаш алыбы Әлихан айтқан: «Айыр сөзде айып жоқ, ақылға саңырауда айып» деген сөзді түсінер жан сирегендей сезіледі бүгін. Өйтпесе, сөлді-сөлсіз, пайымды-пайымсыз, парасатсыз сөзді парықсыз жұмсаған көп болмас па еді, кім біліпті?! «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деген көне тәмсілге сенсеңіз рәсуә сөзге ренішің молаяды кеп. Расында, сүйектен – жан иірімінен шымырлап шықса сүбелі сөздің кінәсі не?!
Сөздің құдіреттілігі әу баста Құран Кәрімде айтылған. Қазекеңнің: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Айтылған сөз жүйесін тапса, мал иесін табады», «Өткір сөз – семсер», «Сөз – атылған оқ», «Сөз қуаты – ой қуаты», «Қылыштан именбеген – қызыл тілден сескенеді»... деп, неше сан мақал-мәтел өрнегін тоқуына сол қасиетті кітабымыз қайнаркөз болған шығар.
Сөздің құдіреттілігі әу баста Құран Кәрімде айтылған. Қазекеңнің: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Айтылған сөз жүйесін тапса, мал иесін табады», «Өткір сөз – семсер», «Сөз – атылған оқ», «Сөз қуаты – ой қуаты», «Қылыштан именбеген – қызыл тілден сескенеді»... деп, неше сан мақал-мәтел өрнегін тоқуына сол қасиетті кітабымыз қайнаркөз болған шығар.
Сүйектен демекші, атам қазақ «сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтты дейсіз бе? Бақсаңыз, байламы басқа сөз дерсіз бұл. Әуелі оны түсіну үшін дана Абай мен Алаштың Әлиханын ерінбей парақтап өту ләзім-ақ. Әр айтылған сөздің салмағы бар. Әр сөздің жұмсалу реті бар. Аузым бар деп сөйлей беру әдепті һәм арлы адамның ісі емес. Біз бүкіл ойымызды сөзбен жеткіземіз. Санаңызға келген ой сөз болып тіліңізге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі керек.
Сөз қадірін түсінген қариялар «бұрын әкелік сөзбен бала өсіріп, ағалық сөзбен соңынан іні ертуші еді. Адал сөз көңілге сенім ұялатып, жылы сөз бен алғыс білдіру қанаттандырып, сөзі дуалылардың айтқандары халықты жігерлендіретін. Жастар сөз саптауға, ұйтқы сөзді ажыратып, астарлы сөзді түсінуге талпынатын. Осылайша қоғамдық ортада киелі сөзді қадірлеу, қанатты сөзге ден қою, сөздің қыр-сырын түсіну дәстүрі қалыптасатын. Нәтижесінде қазақ даласында Жиренше сынды шешендер пайда болып, жарыс сөз шеберлері мен сөз тапқыштар халықтың көңілін өздеріне аударатын. Сөзінің жаны бар адамдар мен істің тоқетерін айтатын сөзі мірдің оғындай кісілер қоғамдық пікірге ықпал етіп, салиқалы сөздері мен сыни көзқарастары халық жадында қалатын» деп жиі айтушы еді.
Ендіше неге бұл күндері сөздің салмағы кеміп барады? Әлде аталы сөз айтар ақсақалдар азайды ма? Жоқ, сөзге құлақ асатын ұрпақтың саны кеміді ме? Ұлттық рухымыз құлдыраса, ұлттық тәрбиемізден іргеміз жырақтайтынын ескермейміз бе? Әйтеуір сан сауалдың жауабын тек өзімізден іздемесек, жауабын өзгенің бермесі анық!
Г.ӘБДІХАНИ