Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз қадірі – өз қадірің

Сөз қадірі – өз қадірің

«Сөз сүйектен өтеді» – деп, дана халық тегіннен тегін айтпаған. Әр айтылған сөздің салмағы бар. сөздің жұмсалу реті бар. Аузым бар деп сөйлей беру әдепті, арлы адамның ісі емес. Біз бүкіл ойды сөзбен жеткіземіз. Санаға келген ой, сөз боп тілге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтеді. Өмір болғаннан соң бір-бірімізбен сөзге келіп, ренжісіп жататын кездер де кезігеді.Сөз – сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп қана қоймай, оның мінездемесі де болып табылады. Сондықтан, кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады. Халық қашанда сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің парқына және қай жерде қалай сөйлеуге айрықша мән береді. Мәселен, дүниеге қамшы ұстар келсе «халықтың сөзін сөйлер азамат болсын!» деп тілек айтатын қазақ ежелден әрбір ойының астарына бір сыр бүгіп, жақсы тілек тілеп, ниет білдірген.
Қай кезде халық мінберде көсіле сөйлеген шешенді, яғни шындық айтқан адамды жандарына жақын санаған. Сырлы әуенге құлақ құрышыңды қандырып, көкейдегі күйіңді күмбірлете тартқанын өз құлағыңмен еститін сәт кімге ұнамасын? Мұндай кезде іштегі мұң мен сырың сөйлеп тұрған сол сөздердің көмейінде жанданып, толғағы жеткен тоқсан ауыз жолмен сыртқа шығып жатады. Қиқардың өзін қалыпқа салатын қасиетті сөз болса, оны айта білу де үлкен өнер. Бұл екі сөздің басын құрап жеткізу емес, көкейден шыққан тыңғылықты ойды, жиналған көптің жүрек сүзгісінен өткізу. Яғни, сөйлеудің ар жағында жауапкершілік деп аталатын жүгі ауыр міндеттің тұрғаны да осының көрінісі іспеттес.
Қазақ қай кезде де жақсы сөйлегенді қалаған. Содан болар, «Жақсы сөз жарым ырыс» дегені. Үйдегі қариялар аузыңнан үнемі жақсы сөз шықсын, өйткені, періште «әумин» деп қалса, сол орындалады деп шәй үстінде де айтатын еді. Психологтардың айтуынша: әрбір ойдың өзі бумеранг секілді өзіңе айналып келіп отыратын болғандықтан, жақсы сөйлеп, жақсы ойлау керек расында. Тіпті, ауыр сөзге қатысты мына бір сөздің өзіде жақсы көрсеткендей. Жебе салған жара жазылар, балтамен оталған орман қайта өсер, бірақ ащы тілдің жарасы жазылмас. Яғни, қатты айту, ауыр сөз сөйлеу қадіріңізді кетіреді, сыйластықты азайтады. Ал, нәрлі де дәмді сөз қашан да есте қалары анық. Пікірі бар, ойы бар, отырған жұрттың көкейінен шыққан сөздер ғана қадірлі болады. Осындай сөзді толғанып, толғатып жүрген адам ғана айта алады. Сөйлеудегі ең жақсы қасиет – ой-пікіріңді қысқа әрі дәл айтып, анық жеткізуге болады. Жүйелі сөйлеп, жақсы ой келу үшін әрине, рухани бай болу керек. Яғни, бүгінгі таңда кітап оқу тек сол адамның өзі үшін ғана емес, халқы үшін де керек нәрсе. Әсіресе, жас­тар арасында кітап оқуға құлшыныс жоқ. Шынында да, көркем әдебиет шығармаларына қызығушылық танытушылар қатары барған сайын азайып келе жатқанын еріксіз мойындауға тура келеді. Жастар кітап оқудан гөрі whatsapp және басқа да әлеуметтік желілерде отырғанды ұнатады. Заманына қарай бейімделген жастар, электронды оқулықты оқуға көбірек уақыт бөлгені жөн шығар. Сонда сөздік қоры молайып, тіл байлығы арта түсер еді.
Сөз деп аталатын теңіздей тереңдікке бойлап кеткенде ол әлемнің құпияларына кезігіп, ойың сан-саққа жөнеледі. Сергелдеңге түсіп, санаңда буырқанып қайнаған ой орамдарына сүңги бастайсың. Сол ойды қағазға түсіру қандай қиын болса, көп алдына шығып, сөз айту да сондай болып көрінеді. Мұның бәрі сөз деп аталатын үлкен ғимараттың ішіндегі жиһаздары ғана сияқтанады. Іштей «сөз алып, мен де сөйлеймін, мен де айта аламын» дейсің. Бірақ санаңның төрінде жан-жағыңнан қадалған мыңдаған көздер «сенің алдыңда да талайлар шыққан. Айтсаң, Бауыржандай тіліп айт. Айта алмайды екенсің, қасиетті сөзді қор қылма!» деп тұрғандай көрінеді. Осындайда халықтың мінезі, халықтың арманы «Қара сөзімен» қазақты оятқан Абайдың қаламы мен Жамбылдың қабағында жасырынған екен ғой деп, ішкі рухыңды сеніммен суарып аласың. Кітап оқыған адам – санасы жоғары адам екендігі сөзсіз. Жастардың кітап оқуы еліміздің рухани болашағының сенімді көрінісі болмақ. Кітап оқыған адамның артықшылығы әр жағдайда, әртүрлі сипатта көрініс тауып отыратыны сөзінен байқалып отырады. Қоғамды, ғылым мен білімді алға жылжытатын күш – ең алдымен, осы кітап оқыған адамдар. Сөз түзелмей, ел түзелмейтінін алға тартқымыз келеді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
31 шілде 2018 ж. 8 833 0