Ақын-жазушы суреткер болуы тиіс
Киелі Шиелі өңірінің Еңбекші елді мекенінде дүниеге келген жерлесіміз Сәрсенбек Бекмұратұлы бүгінгі таңда Алматы қаласының бас басылымы «Алматы ақшамы» газетінде еңбек етіп келеді. Қазақстан жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі әрі ақын Сәрсенбек ағамызбен сәті түскен сұқбат.
– Сөздің әлқиссасын ең алғаш еңбек жолын бастаған «Өскен өңір» мектебінің қалыптасуы жайында өрбітсек. Жазуға деген құштарлық қай кезде оянды?
– Қолыма қалам ұстап, өлең жаза бастаған сәтім 5-6-сыныптар шамасы болатын. Ол кезде №159 Еңбекші 8 жылдық мектебінде Кенбай Заманбек деген ағамыз директор болып қызмет жасады. Әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сол кісі маған мектептің қабырға газетін жасауға тапсырма беретін. Оқу үздіктерінен бастап ең нашар оқитындардың тізімін қолыма ұстатып, үйіме жіберетін. Суретін салып, астына нашар оқитын оқушыларға арнап әзіл өлеңдер жазамын. Тіпті, жоғары сынып оқушыларынан да таяқ жеген күндерім болды. Алайда, ұстаздар тапсырма берген соң, орындауды міндет санадым. Осылайша өлең жазып, әңгіме құрауға бейімделе бастадым. Көптеген өлеңдер «Өскен өңір» газетінің беттеріне жарияланып жүрді. Ол кезде Сәрсенбек Жұмабеков ағамыз жауапты хатшы болатын. Ол кісі осы бетіңнен танбай жиі жазып тұр деп қолдау білдіріп отыратын. «Өскен өңір» газеті журналистік қырымды қалыптастырған еңбек жолындағы алғашқы мектебім. Осы ұжымда 1971 жылдан 1984 жылға дейін корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сынды қызметтерді атқарып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге тырыстым.
– Аға, сөз арасында қабырға газетіне арнап суреттер салдым дедіңіз, суретшілік те өнеріңіз бар ма?
– Иә. Ол кездері плакаттар жетіспеуші еді. Мектеп қабырғаларында бүгінгідей Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың, М.Жұмабаевтың портреттері ілініп тұрмайтын. Солардың суретін үйде отырып, үлкен плакаттарға салатынмын. Сол суреттер біз мектеп бітіргенше ілініп тұрды. Жалпы, ақын-жазушы деген суреткер болуы тиіс. Яғни, кейде сөзбен айта алмаған дүниеңді суретпен немесе керісінше, суретпен жеткізе алмағаныңды сөзбен толықтыратын кездер болады.
– Өзіңізге белгілі журналистика сөз құдіретінің күшін көрсетеді. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Бір ауылға клуб салғызған алғашқы мақалаңыз жайлы айтып берсеңіз...
– 1964 жыл. 8-сыныпта оқимын. Сол мезеттерде Еңбекшіге кино келіп, көрсететін орын таппай жүретін. Көбіне мектеп қабырғасында тамашалайтынбыз. Тіпті, кейде мектеп бос болмай қалатын кездер де болды. Сонда ауылға бір клуб керек екенін ұқтым. Осының бәрін ойлана келе үкіметтен клуб салуын сұрап мақала жазбаққа бекіндім. Не керек, «Өскен өңір» газетінде «Мүмкіндік бар, бірақ құнт жоқ» деген тақырыппен мақалам жарық көрді. Онда: «Коммунизм» колхозының Еңбекші бөлімшесінде 200-ге жуық жұмыс істейтін жастар мен 500-ге тарта халық бар. Міне, осы жастарға арнап бір клуб салып беруге колхоздың мүмкіндігі бар, тек басшыларда құнт жоқ» деген ойды ортаға салдым. Мақала жарық көрген соң, 1964 жылы райкомда қаралып, орнын белгілеп қойды. Алайда, еш нәтиже шықпады. Ақыры бастаған соң соңына жеткенді жөн көріп, 1965 жылы «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») гезетіне қайта жібердім. Бұл мақала екінші рет жарық көрген соң, ауылда клубтың іргетасы құйылды. Елдің жайын ескеріп, қолыма қалам ұстатқан клуб мәселесінің жұмысы тағы да тұралап қалады. Қолға алған істің соңына жетпей қоймайтын қырсықтау мінезім үшінші рет «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне «Мүмкіндік бар, бірақ құнт жоқ» деген мақаламды қайта шығаруыма сеп болды. 1966 жылы Алматыға оқуға бармақ болып шыққанымда колхоздың бастығы Рахмет Нұрекеев қасына шақырып: «Сәрсенбек деген сен ба? Міне, клуб салынып бітті. «Өскен өңірге», «Ленин жолына», «Социалистік Қазақстанға» жаздың, енді «Правдаға» жазбай тұрғаныңда қабылдап ал» – деді. Бүгінгі таңда, Еңбекшінің бас ғимараттарының біріне айналған клубтың құрылысы осылай аяқталған болатын...
– Қаламы қолдан түспеген, сөзге жүйрік журналист екеніңізді білеміз. Сондай-ақ, 1972 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық жас ақын-жазушылардың фестиваліне Сыр бойынан қатысқан үш қаламгердің бірі өзіңіз. Сіздің сол ақындық қырыңыз жайында сөз қозғасақ.
– Өлең жазу оңай дүние емес. Өмірдегі оқиғалар мен ойыңдағы өзекті мәселені өлеңге сидыру үлкен өнер. Жазылған жыр-шумақтар 1978-1982 жылдары «Балауса», «Дария жыры» және 1985 жылы «Қарлығаш» топтама жыр жинақтарына ене бастады. Ал, 2001 жылы «Мұхаммедтің мөрі», 2012 жылы «Мизам шуақ», 2016 жылы «Айтқыштар», 2017 жылы «Сүмбіле жұлдыз туғанда» деген жыр-жинақтарым жарық көрді.
– Қазақ халқының сөзге өте бай халық екенін зерттеп, тіл туралы қаламыңыздан түрлі мақалалар туып келеді. Сонымен қатар, ауа райына болжам жасайтын қасиетіңіз де бар екен. Осы төңіректе әңгіме қаузасақ...
– Сөз қиюын келтіріп, әсем де әсерлі ой мұнарасының кірпішін қалау үшін қазақ халқының тіл байлығы жеткілікті. Мәселен, орыс тілінде «бет» деген сөздің 5 қана синонимі болса, қазақ тілінде 23-ке жуық баламасы бар. Осыдан-ақ, сөздік қорымыздың қаншалықты бай екенін білуге болады. Ал, ауа-райы болжамын жасау бұрынғы ата-бабаларымыздан бері жалғасын тауып келеді. Аспанға қарап күн райын айтып, жұлдызға қарап жол тапқан. Осы ізді жалғап «Қазақбаймын» деген айдармен жұлдыз-жорамал мен ауа-райы болжамын беріп отырамын. Тіпті, кейде корректорлар сөз саптауыма түсінбей, мысалы, «үйіргелік» деген сөздің мағынасын сұрап келген кездері де болды.
– Әдемі әңгімеңіз бен сырлы сұқбатыңызға рақмет.
Сұқбаттасқан:
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.