АЛТЫН ДӘРІГЕР АТАНҒАН НҰРГҮЛ

Нұргүл Оралқызы 12 жыл көлемінде медицина саласында өнімді еңбек етіп, шексіз құрметке бөленген, «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Бір сөзбен айтқанда, нағыз адам өмірінің қорғаушысы. Ол 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясын тәмамдап, сол жылдан бастап аудандық емханада жасөспірімдер дәрігері болып жұмыс істеген. Өз білімі мен біліктілігін ары қарай дамыту мақсатында 2011 жылы Алматы Мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында сәулелі диагностика мамандығы бойынша білім алады.
Қоғамдағы адам денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір маман иесі болса, ол – дәрігерлер. Бұл сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «ақ халаттылар науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» талассыз ақиқат. Бұған көне Иран даналығында айтылған «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ» дегені нағыз дәйек. Бұл жердегі сөздің бірінші орынға қойылуы тегіннен-тегін емес. Яғни «дәрігердің науқас психикасына, оның ойына, көңіл күйіне, ерік-жігеріне ықпал етуі – ең басты қаруы». Өз кезегінде білікті дәрігер Нұргүл Оралқызы да бұл қағидатты жадында ұстап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра біледі. Конфуций айтқандай «Бір сөзбен адамды дана немесе ақымақ деуге болады. Сондықтан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн».
12 жылдан астам еңбек өтілі бар Н.Абитбаева қазіргі таңда сұранысқа ие маманның бірі. Айта кетейік, аудан медицинасының дамуына бір кісідей үлес қосып жүрген жанның жақында «УльтраНұр» УДЗ жеке кабинеті ашылды. Соңғы үлгідегі заманауи Оңтүстік Корея елінен алынған «Samsung» HS30 скайнер жасайтын аппаратымен аудан тұрғындарына өз қызметін көрсетуге дайын.
– Бұл көп біліктілікті қажет ететін қызықты жұмыс. Жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибемді үйретіп келемін. Науқастармен сөйлесіп медициналық қызметтің олқы тұстарын анықтаймын. Заман талабына сай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлесімді қосуға тырысамын», – дейді ол. Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның келешек шәкірттері де осал болмасы анық.
Жалпы медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Нұргүл Оралқызына абырой биігіңіз арта берсін демекпіз.
Шапағат ШАҒДАТҰЛЫ