Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ МЕКТЕП

ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ МЕКТЕП

«Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен мұғалім ең алдымен өзінің интеллектісін көтеруі керек, дүниеге деген көзқарастарын биіктетуі керек». Ақын Әбділдә Тәжібаев айтқан осы бір ұстанымды ұстанып келе жатқан мектептің бірі – М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейі.
Мектеп басшысы Сәуле Нұрманова білімі мен кәсіби шеберлігі, мектептің жүрегіне айналған білікті ұстаздардың, білімге құштар оқушылардың бірлесе жеткен жетістіктері білім ордасының барша қазақ халқы үшін, болашақтың жарқын болуы үшін маңызын көрсетіп отыр. Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал білімнің сарқылмас көзі – мектепте. Өркениет биігіне батыл қанат қаққан талантты шәкірттердің әлемде, рес­публикада, облыста, ауданда алдыңғы қатарлы азамат болуы, ел құрметіне бөленуі – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Мектеп-лицейі күні бүгінге дейін біршама республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда бақ сынап, асуларды бағындырып, жетістіктерге жеткен. Атап айтар болсақ, мектеп-лицей ұжымы Қазақстан Республикасының оқу орындарының арасында өткен байқауда «Үздік ауылдық лицей, гимназиясы» номинациясы бойынша гран-при иегері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы аясында «Мектеп – денсаулық сақтау аймағы» байқауында ІІІ орын, облыстық жетекші мектептер арасында өткен «Үздік жетекші мектеп – 2020» байқауында ІІ орын иегері атанды. Ал 2021 жылы облыстық жыл қорытындысы бойынша мектеп-лицей ұжымы «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясын алса, осы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша алтын және қола медальдар иеленіп, республиканың «Үздік 100 мектеп» рейтингісіне енді.
Табысты мектептегі ең мықты құрал ол – мектеп ұстаздары десек, түрлі байқаулар мен сайыстарда мектеп ұстаздары үлкен жетістіктерге жету үстінде.
Облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында Шолпан Смайлова І орын иегері, облыстық «Үздік кітапхана – COWORKING орталығы» байқауында Тұрсынкүл Нәбішева «Оқуға құштар ұрпақ» номинациясымен, облыстық «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» байқауында Қайрат Әбжапбаров «Үздік заманауи сабақ» номинациясымен, облыстық «Үздік сынып жетекшісі» кәсіби байқауында Жансая Жансариева ІІ орынмен, облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында Меруерт Исаева ІІІ орынмен, облыстық «Үздік мектеп тренер» байқауында мектеп-лицей тренері Райхан Қилыбаева ІІ орынды иеленсе, Жансая Жансариева І орын иегері атанды. Сонымен қатар облыстық «Үздік педагог-психолог – 2022» байқауында Қалдан Сейдахметова ІІ орын иеленіп, республикаға жолдама алса, Ақнұр Нәбішева облыстық «Үздік авторлық бағдарлама – 2022» байқауынан ІІІ орын, облыстық тәжірибе алаңы «Үздік тренинг – 2022» байқауында Фарида Аристанова ІІ орын, «Брейнг ринг – 2022» байқауында командалық сайыста І орын, облыстық «Үздік жаратылыстану бағытындағы пәндердің бірлестік жетекшісі – 2022» байқауында Шолпан Смайлова ІІ орын, Мейрамбек Яхияев облыстық волейболдан 50 жастан асқан ардагерлер арасындағы спартакиадада ІІ орын иеленіп, республикаға жолдама алды.
Іргелі білім ошағы заман талабына сай материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталған. Жаңа модификациялы химия, биология, физика, ІТ ақпараттық ­технологиялар, цифрлы лаборатория, 3D модельдеу, робот техникасы кабинеттері және 48 оқу кабинеті, 3 зертхана, шеберхана, 5 лингафон, 280 орындық асхана, 480 орындық акт залы бар. Білім алушыларға жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер тереңдетіліп оқытылып, химия, биология, физика, информатика пәндері бойынша терминология курстары ағылшын тілінде жүргізіледі. Осындай басымдықтарды ескерген мектеп-лицей ұжымы бірнеше стратегиялық жобаларды іске асыруда.
Келтірілген мысалдардың бәрі де мектеп қабырғасында жүріп жатқан жұмыстардың шағын бөлігі ғана. «Мәңгілік Ел» ұғымының түп тамырына үңіле, тұғыры мықты дін, діл, тіл мәселелерінің бәрін бір арнаға тоғыстыра отырып бүгінде функционалды сауатты, заман ағымынан қалыс қалмайтын, десе де ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды сақтап, ұрпақ тәрбиелеуді өздеріне парыз еткен мектеп-лицей ұжымы әлі де талай бүлдіршінді біліммен қанаттандырып, биік белестерге жетелейтіні анық.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
27 қыркүйек 2022 ж. 277 0