100 жасаған білім ордасы
Мектеп – оқушылардың табалдырық аттаған кезінен бастап, есейіп ер жеткенге дейін білім нәрімен сусындатар алтын ордасы, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Әркімнің өз жүрегінде білім нәрімен сусындаған мектебі, білім ошағы тұрады.Кент орталығында орналасқан №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының іргетасы 1922 жылы Шиелі қыстағы (бұрынғы Скоболев болысы) қазіргі «Бидайкөл» ауылында екі кластық сауат ашу мектебі болып, Айтбай деген кісінің үйінде қаланды.Бұл мектептің негізін Мүсілім Мырзахметов, Әлібек Ерназаров салған болатын. 1922-1925 жылдар аралығында екі кластық мектептің меңгерушісі Мүсілім Мырзахметов болған.
Білім ордасы эпопеяға тең үлкен баспалдақтарды өткерді
Өткен ғасыр мен жаңа ғасырдың арасын жалғаған мектептің тарихын тарқатып айтар болсақ, қаншама білім жанашырларының қолтаңбасын көруге болады. Қазақ АССР-нің Орталық Атқару Комитеті мен халық комиссарлар Советі партияның бастауыш білім туралы дерективасына сәйкес 1930 жылы 27 тамызда «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» қаулысына орай 1930-1931 оқу жылынан бастап мектеп 4 кластық бастауыш мектепке айналды. Бастауыш мектептің меңгерушісі қызметін Камал Құлымбетов атқарды. Ал 1931-1932 оқу жылында мектеп Айтбай сарайынан шығып, ғимаратқа ауысты. Осы жолы мектепке «Октябрьдің 14 жылдығы» деген атау берілді.
Мектеп 1936-1937 оқу жылында орталау мектепке, 1939-1940 жылдары орта мектепке айналды. Үздіксіз білім беру ісін тоқтатпаған мектеп ғимараты Шиелі қыстағының орталығына 1941-1942 жылдары көшірілді. Отты жылдарды өткеріп, Ұлы Отан соғысының зардабынан енді ес жия бастаған 1959-1960 жылдары мектеп өндірістік білім беретін 11 жылдық білім ошағына айналып, №45 қазақ орта мектебі деп аталды. Жаңа атауға ие болған мектептің басшылығына 1961-1965 жылдары Әйбибі Сейдахметова келді. Осы уақыт аралығында сан мыңдаған шәкірт білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. Бірақ 1965-1966 жылдары қайтадан жалпы білім беретін он жылдық мектепке айналды. Бұл жылы мектеп директоры болып, соғыс ардагері, білікті ұстаз Ертай Есенгелдиев тағайындалды.
Осы кезеңде халық ағарту ісін жедел қарқынмен дамытуда КПСС ХХІІІ съезінің қарары және КПСС Орталық Комитеті мен ССР Министрлер Советінің 1966 жылғы қарашадағы «Орта мектептердің жұмысын одан әрі жақсарту туралы» қаулысы елеулі рөл атқарды. Халық ағарту мекемелерінің негізгі ерекшелігі – орта мектептердің сапа жағынан өсуі, сегіз жылдық және бастауыш білім беру жүйесінің қысқартылуы, мұғалім кадрларының білім деңгейін жетілдіру болды. Мектептерде оқу цехы, еңбек ететін жер учаскелері, оқу өндірістік комбинаттары ұйымдастырылып, еңбекке баулу бағдарламалары жүзеге асырылып, жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге зор септігін тигізді.
1969-1994 оқу жылдарында мектеп басшысы болған «ССРО оқу ағарту ісінің үздігі», білікті маман Күлжан Жәукебаева 25 жылдық басшылық қызметінде оқу сапасын артырып, тәрбие жұмыстарын бір ізге жүйелендіріп, аудан мектептерінің алдыңғы қатарына шықты. Нәтижесінде мектеп елеулі табыстарға жетті.
Мектептің 70 жылға жуық уақыты кешегі Кеңес үкіметімен тұспа-тұс келді. Армандап, көксеген Тәуелсіздігіміз тұғырына орныққаннан кейін білім жүйесіне жаңаша бетбұрыс және білім беру құрылымдарына айтарлықтай өзгерістер енді. 1994 жылдың 18 тамызында аудан әкімінің №210 қаулысымен мектеп-гимназия болып қайта құрылды. 1994-2008 оқу жылдарында «Қазақстан Тәуелсіздігі 10 жылдығы» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы, Президенттің «Алғыс хаты» марапатының иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, тәжірибелі маман Баян Сейтенованы басшылық қызметке тағайындады. Мектеп-гимназия барлық іске жаңашылдық енгізіп, әдістемелік жұмыстардың сапасын жақсарту мақсатында бастауыш сынып, политехникалық, гуманитарлық кафедралар және «Ұлағат» тәлім-тәрбие орталығын іске қосты.
2008-2012 оқу жылдары білікті маман, тәжірибелі әдіскер Жібек Баймұратова мектеп-гимназия директоры болып, түрлі жетістіктерге жетті. Бүгінгі таңда алдыңғы толқын ардақтылардың білім саласында салған сара жолын «Үздік білім қызметкері» номинациясының иегері Айнұр Архабаева жалғастырып келеді. Мектеп басшыларының қай-қайсысы да өзіне дейінгілердің жақсы ісін жалғастырып, ұжымның ынтымағын нығайтты.
Ұстаз шәкіртімен мақтанады
Биыл бір ғасырда атын өзгерткенімен, затын өзгертпеген, ғасырлық мерейге жеткен, алтын діңгекті тарихы бар киелі қара шаңырақ «Ақ Орда» мектеп-гимназиясына – 100 жыл.
Бүгінде іргелі білім ошағында 100-ден аса педагог қызметкерлер жұмыс істеуде. Ұжым өз ішінен де талай тұлғаларды шығарды. «Алтын ұя» мектептен түлеп ұшып, еліміздің сан саналы қызметінде жүргендер көп. Жүз жыл ішінде қаншама мектеп басшылары, орынбасарлар, ұстаздар адал еңбектерімен өз үлестерін қосты десеңші!
Ізгіліктің жолын негізгі бағыт етіп алған, ерінбей, жалықпай, өз бақытын аямай, өзгенің бақытын аялау үшін күрескен, алдына батыл мақсаттар қойып, соған жетуге табанды түрде нық қадамдар жасаған қаншама мұғалімдердің өмірі осы мектепте өрілді. Бар өмірін, уақытын, білімін, тәжірибесін сол жолға, сол талапқа жұмсап, биік белестерді бағындыруда адал еңбегі мен маңдай терін төккен ұстаздар орны қашанда ерекше.
Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал білімнің сарқылмас көзі – мектепте. Ұстаздық жолын таңдаған әрбір жан өз шәкіртінің өзінен оза шауып, әлдеқайда биіктерден көрінуін тілейді. Өркениет биігіне батыл қанат қаққан талантты шәкірттердің әлемде, республикада, облыста, ауданда алдыңғы қатарлы азамат болуы, ел құрметіне бөленуі – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.
Білім ордасынан Шиелі өңірінің даңқын шығарған түлектер қатарында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаев, математика ғылымының докторы, профессор, академик Асқар Жұмаділдаев, философия ғылымының докторы, профессор Досмұхамед Кішібеков, генерал-лейтенант Құрбан Қаражановтар сияқты айтулы азаматтар бар.
Мектеп ұжымының еткен еңбегімен, жеткен жетістіктерінің нәтижесінде 2001-2006 жылдары аудан мектептері арасында қатарынан алты рет «Ең үздік білім ордасы», 2007 жылы аудан мектептері рейтингісі бойынша «Үздік мектеп» және облыс бойынша ҰБТ қорытындысымен «Ең жоғары балға ие болған мектеп», «Ең үздік инновациялық мектеп – 2009» байқауының II орын жүлдегері, 2009-2011 жылдары үш рет «Үздік білім ордасы» номинациясын, 2010-2011 оқу жылында республика бойынша ҰБТ нәтижесінде «Ең Үздік 100 мектеп» тізіміне енді.
«100 жылдық жылнама», «100 жылдық шежіре», «100 жылдық мектеп» деген сөз тіркесі дәл №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясына қаратып айтылғандай. Мұғалімдердің ұстаханасына айналған шаңырақтың ғасырлық тойы, бейнелеп айтқанда, 100 жылдық той – білім ошағының мерекесі.
Осы күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған қарашаңырақ «Ақ Орданың» 100 жылдығын кеңінен атап өтеді. «Самғатқан сан қыранды Алтын ұям» тақырыбында жоспарланған жұмыстар сәуірден бастау алды. Іс-шараның жоспарланған мерзімінде мектеп-гимназия өзіндік маңызы жағынан «Ғасыр бедеріндегі Ақ Орда» журналы, «Ғизат – ғұмыр» ұстаздар естелігі, «Шежірелі Ақ Орда» атты мерейтойдың ашылу салтанаты, аудандық Күлжан Жәукебаева атындағы химия-биология пән мұғалімдерінің олимпиадасы, Асқар Жұмаділдаев атындағы математика пән мұғалімдерінің спартакиадасы, Баян Сейтенова атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің олимпиадасы ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Ақ Орданың қыран перзенті» Құрбан Қаражанов атындағы алғашқы әскери дайындық оқытушылар арасындағы турнир, Оразбек Сәрсенбаев атындағы «Жер бетінде бір мекен бар киелі» аудандық жас ақындар байқауы, «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» атты Жағыппар Зермұхамедовті еске алу кеші, Ержан Әбдиев атындағы аудандық спартакиада, «Үлгілі ұстаз, өнегелі шәкірттер мекені» атты аудандық ғылыми жоба, «Ақ тілегімді арнадым Ақ Ордама» атты мектеп түлектерінің лебізі жазылған бейнетаспасымен мерейтойды қорытындылау кеші кең көлемде ұйымдастырылып, қол жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады. Сонымен қатар әр жылғы түлектермен үлкен өмірге қанат қақтырған білім ошағында кездесулер өткізіледі. Жалпы, атқарылатын жұмыстарға мектеп ұстаздары мен мектеп оқушылары атсалысады.
Бұл мерейтой жүз жылда мектеп тізгінін ұстаған басшылардың, алдыңғы толқын ұлағатты ұстаздардың тәжірибелерін насихаттайтын, қиялы ұшқыр ғалымдар, тілі орамды жазушы, қаламы қарымды журналист, жезтаңдай әнші, өнер және қоғам қайраткерлері, абзал дәрігерлердің дара жолы бүгінгі мектеп шәкірттеріне, өскелең ұрпақтың болашақ дамуына үлкен септігін тигізетін үлгілі, өнегелі шара болары сөзсіз.
Өткенге баға берген кезде болашақ ұрпақ осы «Ақ Орданың» жетістіктеріне сүйенеді, кітапхана, архивтерді ақтарады. Қандай тарих белестерінен өткенін, қандай ұстаздардан тәлім алғанын, қандай шәкірттер түлеп ұшқанын, қандай өнегелі істердің атқарылғандығын жазбаға қарап біледі.
2022 жыл №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы үшін айрықша айтулы жыл болмақ. Бұл жылы ғасырлық той аталып өтіледі. Яғни 2022 жылдың сәуір мен желтоқсан айы аралығында 100 жылға 100 іс-шара өткізілмек.
«Ақ Орда» дегенде әрбір түлектің көңілі шаттыққа бөленіп, бойын мақтаныш кернейтіні сөзсіз. Ал мектеп биыл жүзінші жылда жүзінші түлегін ұшырғалы тұр...
Г.Қалмырза