Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеншілердің еңбегі елеулі

Кеншілердің еңбегі елеулі

28 қыркүйек – Атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы мереке қарсаңында «Семізбай – U» ЖШС-нің Шиелі ауданындағы «Иіркөл» кенішінде қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Жиында «Семізбай-U» ЖШС бас директоры А.Майлыбаев қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар еңбек озаттарына облыс әкімінің алғыс хаты мен төсбелгілер табыстап, құрмет грамоталарымен марапаттады.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Бекішов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғ.Есімов қатысып, еңбек ұжымына ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді. Шара соңында барлық жұмыскерлерге мерекелік дастархан жайылды.
Уран тотығын өндіріп, нағыз еңбек майданында жүретін еңбеккерлердің ісі тек атаулы күнде ғана емес, үздіксіз еленуге тұрарлық. Қатаң тәртіп, санитарлық тазалық, қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстайтын олар үшін жұмыстың жеңілі жоқ. Күні-түні бел жазбай еңбек еткен атом саласының қызметкерлері тек еңбекте ғана емес, қашанда қоғамдық істердің де басы-қасынан табылады.
Кеніш басшысы Мұқанбетжан Салқынбаев ауданда тұратын көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, спортшы жастарға қолдау көрсетуді бас­ты ұстанымы санайды. Өндіріс орнына өзі басшылық еткен соңғы бес жылда бұл бағытта түрлі игі шаралар іске асып үлгерді. Мәселен, елде індет дендеген тұста «Семізбай-U» ЖШС бастамасымен аудандық ауруханаға қажетті қорғаныш құралдары мен оттегі концентраторлары жедел жеткізілді. Сол кездері қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған бірқатар оқушыларға ноутбук пен ұялы телефон да алып берген болатын. Одан бөлек тәжтажалдың кесірі тиген қаншама отбасыға гигиеналық заттар мен азық-түліктер үлестіріп отырды.
Тағдырдан теперіш көріп, үйсіз-күйсіз қалған тұрғындардың талайы «Иіркөл» кенішінен пана тауып жүргенін ел біледі. Тек ол ғана емес ауылдардағы аяқсу тос­пасын жаңарту, аялдама салу, көпірді қалпына келтіру секілді игі істің қасынан үнемі табылатын кеншілер ұжымын ерекше атамау мүмкін емес. Мұның барлығы іскер басшы, ауданның «Құрметті азаматы» Мұқанбетжан Салқынбаевтың мықты ұйымдастыру қабілетінің жемісі екені айтпаса да белгілі.
Бүгінде өндіріс орнында 218 қызметкер жұмыс жасайды. Олар қыстың қаһарлы аязына, жаздың аптап ыстығына, ­дауылды күндерге қарамай, тынымсыз еңбек етіп келеді. Уран жер астынан фонтан болып атқылай салмайды, оны кәдеге жарату үшін қаншама тер төгіледі. Өткен ғасырмен салыстырғанда технология біраз жетілді, десек те кеншілердің жауапкершілігі еш азайған емес. Техникалық қауіпсіздікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау мен қатар еңбек өнімділігін арттыру міндеті бар. Олардың еселі еңбегінің нәтижесінде жергілікті бюджетке мол қаржы түсуде, жоғарыда айтқанымыздай қоғамның әлсіз бөлігіне, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетілуде.
«Иіркөл» кенішінің басты міндеті – кен айдайтын және кері айдайтын ұңғымалар жүйесі арқылы, ұңғымен жерастына сілтілендіру тәсілімен уран тотығын өндіру болып табылады. Арнайы химиялық реагент сұйық түрде кері айдайтын ұңғымалар арқылы кен аймағына беріледі. Жер астында кен қабаты тотығады. Белгілі бір уақыттан кейін уран тотығымен байытылған ерітінді, кері айдайтын ұңғымалармен шығарылады. Сөйтіп әрі қарай өнімді ерітінді қайта өңдеу цехына жіберіледі. Міне, осындай жұмыстың жүйелі жүзеге асуы жұмысшылардың өз ісіне деген жауапкершілігімен тікелей байланысты.
Қазақстан – уранға бай ел. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарында оның өндірісін төрт есеге жуық арттырып, әлемдегі көшбасшылық тізгінді қолға ұстап отыр. Демек, уран өндірісі бүгінгі таңдағы біздің әлемдік энергетикалық кеңістіктегі ең басты артықшылығымыз болып есептеледі.

Гүлхан ЯХИЯ
03 қазан 2022 ж. 282 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930