Балабақшадағы үштік одақ жұмысы

Жиын барысында балабақша меңгерушісі Патыма Маханбет жаңа оқу жылындағы өзгерістер мен толықтыруларды тілге тиек етті. Соның ішінде бала денсаулығы, ұсынылатын күнделікті ас мәзірі, денсаулығы мен өмірін қорғау қауіпсіздігі, бір сөзбен айтқанда жалпы жыл бойына ата-аналармен бірлесе орындалатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Ата-аналар да өз кезегінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Шара барысында жауапты тәрбиеші Роза Алшынбаева қатысушы ата-аналарға арнайы танысу тренингін өткізіп, әрбір баланың жеке дара тұлға болып қалыптасуына балабақша, тәрбиеші, ата-ана үштік одақтың іргетасын қалау мақсатында сыр сұқбат ұйымдастырды.
«Баламның болашақ бәйтерегі» атты жұмыста отырысқа қатысушы ата-аналар Рысты Үсенбекова, Жанат Нұрымбетова, Салтанат Қалиқызы, Ақтолқын Әуезханова, Әсемхан Даметкен, Жансая Қасымовалар өз балаларына тілеген тілектері жазылған арнайы жемістің мәуелі бәйтерегімен жұмыс жасап тілектерін айтты.
Басқосуға қатысқандар қазіргі заманда балаларға заманауи тәрбие мен білім берудің маңыздылығын айтты. Балабақша жұмысын жандандыруға ықыластарын білдіріп, отырысты қорытындылады.
Ерұлан Даткенов