Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәжірибелі тәрбиеші Қарлығаш

Тәжірибелі тәрбиеші Қарлығаш

Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлім-тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. Осыны ойға алған Ұлы кемеңгер Абай Құнанбаев «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан болады» деген ой орамын қалдырыпты. Қазақтың Ұлы ақынынан артық ешкім тәрбиешінің болмысын шынайы суреттей алмас. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Ал, бүгін тәжірибелі тәрбиеші-педагог Қарлығаш Бағдатқызы жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
27 қыркүйек – Балабақша қызметкерлері күні мерекесі. Осы мереке қарсаңында кенттегі қос бірдей балабақшаның меңгерушісі Қ.Амангелдиеваның бала тәрбиелеудегі еңбегін тілге тиек етейік. Ол 1996 жылы Ақмая ауылында дүние дидарына келген. Отбасының тұңғышы дүниеге келгенде әкесі Бағдат пен анасы Зағира қызының болашағы жарқын болуы үшін жеке кәсібін жолға қоя бастайды. Одан соң 1 қыз, 2 ұл дүниеге келеді. Бауырларына үнемі жанашырлық танытып жүретін Қарлығаш алғаш еңбек жолын 2018 жылы «Ясмин» жеке балабақша-яслиінде меңгеруші болып бастайды. Жылға жуық уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, тәрбиеленушілердің сан түрлі байқауларда бақ сынап, жұлдызын жағуға еңбек етеді. Жас та болса жалын жігерімен сенімнің үдесінен табыла білген Қарлығаш кенттегі «Думан» жеке балабақша-яслиіне меңгеруші қызметіне орналасады. Бұл күндері қос бірдей балабақшаның халық талабына сай жұмыс істеуін қадағалап, балабақша қызметкерлерінің жетістігін шыңдауына себепкер болуда.
2020 жылы «Үздік жас педагог» медалін кеудесіне таққан Қарлығаштың бұдан да өзге жетістіктері жетерлік. Республикалық «Бала дарын» балалар байқауы жобасына шәкірт дайындап жетістікке жеткен ол 2020 жылы тағы да марапат төрінен көрінді. Одан бөлек, аудандық байқауларда да балабақша балалары белсенділік танытып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүргені баршаға мәлім. Осындай белсенділігі мен жаңашылдығы, іскерлігінің арқасында аудандық білім бөлімінен бірнеше рет алғыс хат алады. Ұжымға сыйлы басшының тың идеялары балабақша қызметкерлері үшін алға қарай адымдауға үлкен мүмкіндік беруде дейді әріптестері.
Расында, тәрбиеші – балабақша тірегі. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Солай болған соң, ең алдымен балабақшаға керегі – озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші. Осындай иіріммен тақырыпты түйіндеуді жөн көрдік.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
28 қыркүйек 2021 ж. 552 0