Дұрыс қанаттанған бала биікке өрлейді
Балаға ата-анасынан кейін дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, жөнді жол сілтеп, тағылымды тәрбие беретін жандар – балабақша тәрбиешілері. «Оқу – инемен құдық қазғандай» десек, тәрбиелеу де тура солай. Осы тұста тәрбиешілердің орны ерекше екенін атап айтуға болады. Өйткені, олар ұлттың болашағы, елдің ертеңі, келешегі үшін аянбай тер төгеді. Сондай жандардың қатарында Нұргүл Іргебайқызы да бар.
– Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» демей ме? Міне, сондықтан әр баланың дұрыс жетілуіне, қалыптасуына түрлі ойындардың, үйірмелердің орны ерекше. Бала жан-жақты болып жетілуі керек. Сәйкесінше тәрбиеші мамандығы солардың барлығын қатар алып жүруі керек. Дұрыс қанаттанған бала биікке өрлейді. Яғни сабақ барысында түрлі тәжірибелер жасаудан қашпау керек. Өйткені, балабақша тәрбиешісінің негізгі міндеті – баланың жеке басының бастапқы қалыптасуына ықпал жасау, септігін тигізу, көмек беру, – дейді Н.Тұяқбаева.

Иә, даналығы мен даралығы ерекше көзге түскен кейіпкеріміз Алғабас ауылдық «Балауса» бөбекжай-бақшасында 17 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істейді. Айтуынша, осы аралықта баламен дұрыс қарым-қатынас жасауды, бала психологиясымен жұмыс істеуді, мінез-құлқын қалыптастыруды терең меңгерген. Айта кетейік, Н.Тұяқбаева Қызылорда қаласында тәрбиеші мамандығы бойынша жоғары білім алған. Бүгінгі таңда отбасының ұйытқысы, төрт баланың аяулы анасы.
– Тәрбиешінің әр күні ізденіспен өтеді. Мен оны алғашқы жұмыс күнімнен-ақ аңғарған болатынмын. Айтуға оңай мамандық болғанымен, балалармен жұмыс істеу үшін көп энергия жұмсалады. Дегенмен өз ісіңе, кәсібіңе, мамандығыңа деген махаббат, құрмет болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады, тіпті таудан сарқырап аққан өзен жолында кездескен қиындықты суымен нәрлендірсе, ал майталман маман өз білімімен, ақылдылығымен, парасаттылығымен бәрін жеңе алады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осынау мамандықты меңгергенім үшін қуанбасам, еш өкінішім жоқ, – дейді тәжірибелі маман иесі.
«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деген екен М.Шаханов. Ендеше жас ұрпақтың білікті де білімді, ұшқыр ойлы, қабілетті, шебер, ақылды болып өсуі жолында әр шаңырақтың ерке баласының көңілін тауып, бір арнаға тоғыстырып, кішкене күнінен тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, азық болар білім беріп жүрген Нұргүл Іргебайқызының жұмысына сәттілік тілейміз.
Фариза Нышанбекқызы