Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз еңбекқор баламыз

Біз еңбекқор баламыз

Жуырда Майлытоғай ауылдық округіндегі «Айжан» жеке балабақшасында «Біз еңбекқор баламыз» атты аудандық тәжірибе алмасу семинары болып өтті. Шараға білім бөлімінің әдіскері Айнұр Илиаджиева, жеке балабақша төрайымы Жамила Әділбек және он бес балабақша қызметкерлері қатысты.
Алдымен балабақша меңгерушісі Салтанат Әбілдаева сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
– Еңбекке баулу – баланы өмірдің қиын сәттерінен шығу жолдарын таба білуге де үйретеді. Еңбек – әрбір баланың эстетикалық талғамын өсіріп, әдемілікке, ізденімпаздыққа, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Ал мұндай қасиеттерге ие болған бала ортада өзін ұстамды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, тәртіп пен құқық бұзушылыққа да бармайтынын, обал мен сауапты біліп өсетінін айтуымыз керек. Бұл өз кезегінде ата-ананың бала тәрбиесіндегі ең үлкен жетістігі саналады, – дейді ол.
Алғы сөзден кейін шара балабақшаның сүйкімді бүлдіршіндерінің ән-шашуына ұласты. Одан соң ортаңғы топ тәрбиешісі көңілді паравозымен таңғы жаттығу аялдамасына тоқтап, балаларға түрлі жаттығу жұмыстарын үйретті. Балабақша әдіскері Айерке Шайланова «Қатынас» білім беру саласы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша презентациямен таныстырды. Шараны одан әрі қызықты етіп ересек тобының тәрбиешісі Лаура Амангелді «Құмырсқа» ертегісімен жалғастырды. Балабақша әдіскерімен тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен өткен көңілді тренинг келген қонақтардың көңілдерін көтерді. Балаларға керемет көңіл күй сыйлады. Аудандық семинар тәрбиеші Нұрбике Өмірзақованың дидактикалық ойынымен өз мәресіне жетті. Шараны аудандық білім бөлімінің әдіскері Айнұр Илиаджиевамен жеке балабақшалар төрайымы Жәмила Әділбек қорытындыласа, келген қонақтар балабақша қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдірді. Осы тұста өскелең ұрпақты еңбекке баулу арқылы шынайы өмірге бейімдеуде балабақша ұжымымының еңбегі орасан екенін ұқтық.

Ш.Тілеубаев
29 сәуір 2022 ж. 698 0