Біліктілігімен биікке шыққан басшы
Болашағымыз, байлығымыз, өміріміздің мәні, сүйсе мейір қандырған, тілі балдай бүлдіршіндеріміз үшін тынбай еңбек етіп жүрген жандар қаншама. Олар ұрпақ тәрбиесін балабақшадан бастағандар.
1960 жылға дейін Алғабаста балалар бақшасы әр жерге көшіп жүрді, тұрақты үй болмады. Жаңадан келген колхоздың басқарма төрағасы Әзімхан Исмаилов балаларға арнап 7 бөлмелі үй салуды қолға алды. Сол жылдар арасында балалар бақшасына меңгерушілік еткен Аққатша Зияденова сексеннің сеңгіріне шықса да сол күндердің әрбір сәтін әңгімелеп тауыса алмайды. 1963 жылы Аққатша апайдың басқа жұмысқа ауысуына байланысты балабақшаға жас маман Балташ Нұрмаханова жетекшілік ете бастады. Әр уақыттың қиындығы мен қызығы арасында үлкен айырмашылық бар. Әсіресе аспазшылар Пернеш Әшірова, Шолпан Нұрмышовалардың адалдығын, уақытпен санаспай, шаршаудың не екенін білмей, тамақты далаға пісіріп, нанды табаға жауып, кірді қолмен жуып, бейнетке белшесінен батқан жандарды сағына еске ала отырып, қос меңгеруші осы күнге жеткендеріне дән риза.
1960 жылға дейін Алғабаста балалар бақшасы әр жерге көшіп жүрді, тұрақты үй болмады. Жаңадан келген колхоздың басқарма төрағасы Әзімхан Исмаилов балаларға арнап 7 бөлмелі үй салуды қолға алды. Сол жылдар арасында балалар бақшасына меңгерушілік еткен Аққатша Зияденова сексеннің сеңгіріне шықса да сол күндердің әрбір сәтін әңгімелеп тауыса алмайды. 1963 жылы Аққатша апайдың басқа жұмысқа ауысуына байланысты балабақшаға жас маман Балташ Нұрмаханова жетекшілік ете бастады. Әр уақыттың қиындығы мен қызығы арасында үлкен айырмашылық бар. Әсіресе аспазшылар Пернеш Әшірова, Шолпан Нұрмышовалардың адалдығын, уақытпен санаспай, шаршаудың не екенін білмей, тамақты далаға пісіріп, нанды табаға жауып, кірді қолмен жуып, бейнетке белшесінен батқан жандарды сағына еске ала отырып, қос меңгеруші осы күнге жеткендеріне дән риза.
Ауыл жыл сайын өсе бастады, бала саны көбейді. Заман талабына сай балабақша салуға тура келді. 1985 жылы колхоз басқарма бастығы Төлес Апбасовтың ықпал етуімен 170 орындық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Ай жарылқап, күн туды. Жаңа балалар бақшасы «Балауса» деген атпен іске қосылды. Оны Забира Сәрсенбаева басқарды. Балаларымыз еңсесі биік, заманауи құралдармен қамтамасыз етілген жайда тәрбие негіздерімен сусындана бастады. Бүгінгі таңда «Балауса» балабақша жайлы сөз қозғай қалсақ, ең алдымен жоғарыда аты аталған басшыларды сөз етеміз.
Тоқырау кезінде уақытша жұмысын тоқтатқан мекеме 2000 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ж.Зермұхаммедовтың қолдауымен бір топпен қайта ашылып, 2003 жылдан 2009 жылға дейін 5 топқа жетті. Әрине 3-4 жыл бойына бос тұрып күтім көрмеген ғимаратты қайта жөндеу оңайға түскен жоқ. Қаржыдан көп қиналды. Ол үшін ізденімпаз іскер басшы қажет болды. Көп жылдық тәжірибесі бар «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бітірген Ұлжан Бейсенбаева балабақшаға басшы болып келді. Ол 1983 жылы Қызылорда қаласы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық учелищесін мектепке дейінгі тәрбие мамандығымен бітіріп, 1983 жылы Сарыағаш қаласында №5 балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс атқарған. Тұрмысқа шығуына байланысты 1989 жылы Шиелі ауданы №10 бала-бақшасына тәрбиеші, 2000 жылы «Аққайың» балабақшасында тәрбиеші, 2003 жылы осы Алғабас ауылы «Балауса» балабақшасына меңгеруші болып жұмысқа орналасады. Жұмысқа араласа жүріп Тараз қаласындағы Әулие Ата университетінің «Педагогика және психология» мамандығын алады. Ұлжан Өмірбайқызы келіп есік қағудан жалықпай, ізденістің ізіне түсіп қызметкерлерімен, демеушілердің күшімен, төбесінен су, жаңбыр өтіп әбіржіген балабақшаның үстін жабуға «Альянс» ЖШС басшысы Герман Степанович, Серік Садықов, ұжым басшысы Шәмен Сатқанбаевпен келісе отырып, ғимаратты қайта қалпына келтіруге зор үлесін қосты.
Әрине, көп нәрсе басшылыққа байланысты. Егер басшы іскер, жақсы ұйымдастырушы, білімді, білікті адамдармен тіл табысуда қабілетті болса, көп нәрсеге қол жеткізеді. Ұлжанның бойындағы осы қасиеттер ұжымды алға сүйреді. 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасына байланысты балабақшаға бюджеттен 30 млн 120 мың теңге қаражат бөлініп қазіргі заманға сай күрделі жөндеуден өтті.
2016 жылы 2 рет күрделі жөндеу барысында балабақшаға су құбырлары жүргізіліп, балалар жуынатын бөлме мен жылы су, кітаптар мен ойыншықтар, теледидар мен DV қоспалары, білім саласына байланысты керекті құрал-саймандар, жиһаздармен жабдықталды. Бүгінгі таңда Жапонияның «SAMSUNG» фирмасы сыйға тартқан жылыжайдан балалар қысы-жазы қияр мен шалғам жеп отыр. Айта кету керек, қыруар дүниенің келуіне, балаларға мейлінше қамқорлық көрсетуде ауыл әкімі Әділбек Бегайдаровтың ықпалы ерекше оң нәтижесін берді.
Ұжым ынтымағы мен бірлігі жарасқан, білімді-білікті тәрбиешілермен толық қамтамассыз етілген. «Балауса» балабақшасы қайта ашылғалы, үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі тәрбиешілер Кенже Қайырбаева, Нұрсұлу Жорабекова, Роза Палманова, Раушан Қалдыбаева, Алтынай Ораз, Бақтыгүл Балтаева, Эльмира Әбілова, Ләззат Әділова, аяжан Үміткүл Жандарбекова өзгенің емес, өз балам деп бүлдіршіндерді бауырына басып, бала тілімен сөйлей жүріп, балалардың сүйікті апайларына айналған. Тыңғылықты еңбек өз бағасын алды. Ұлжан 2014 жылы «Өрлеу» біліктілікті аттыру ұлттық орталығының құрмет грамотасымен, 2015-2016 жылы облыс әкімінің алғыс хатымен, 2020 жылы Халықаралық «Өрлеу-өркендеу» ғылыми ақпараттық танымдық-тәрбиелік журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог» байқауының төс белгісімен, 2021 жылы облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Ұлжан Бисенбаева өзінің 39 жыл еңбек өтілін абыроймен атқарып еңбектің зейнетін көрер шақ та туды. Бұл күндері 7 топ, 130 бүлдіршін, 49 қызметкері бар «Балауса» балабақшасы анадайдан менмұндалап тұратын еңсесі биік, іші бүлдіршіндердің күміс күлкісіне толы, ауылдың қақ ортасында орналасқан құтты ұяға айналды. Сол құтты мекеннен Ұ.Өмірбайқызын 2022 жылдың тамыз айында ұжым мен ауылдастары үлкен құрмет көрсетіп зейнеткерлікке шығарып салды. Аңқылдаған ақ пейілі, жарқылдаған жомарттығы, сарқылмаған қуаты бар Ұлжан қазіргі таңда немере сүйген әже, әулеттің қамқоршысы.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»