Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Әзиз ана

Келіні Әнипаның қою күрең қара шайын ішіп болып сыртқа беттеген жүрісі ширақ жылдам-жылдам басып, есіктің сыртындағы орындыққа жайғасты. Көшедегі асығыс-үсігіс әртүрлі шаруамен өтіп жатқандарға қарап, өткен күндерді еске ала ұзақ ойға шомған осы бір кішкентай ғана ананың жүзінде көп дүние жатты.
Өмірдің тұщы дәмі мен ащы дәмін қатар көрген 92 жыл ғұмырындағы ішіндегі қиындықтары мен жақсы күндерін ой елегінен өткізе отырған жұмбақ жан кім дейсіз ғой? Иә, қарап отырса осы уақыттар ішінде өмірге өкпелі күндері де аз болмаған. Жасынан ата-анадан айырылып нағашыларының тәрбиесін көрді. Бар қиындық артта қалып елінің қадірлі әжесі атанған Аққатша Зиядинова жайлы айтар әңгіменің шеті жоқ.
Аққатша апа 1929 жылы 25 қазанда дүние есігін ашып 3 жасынан-ақ көп қиындықтарға тап болған. Ата-анадан айырылғаны аздай, аузын арандай ашқан, жеуге бір дән таба алмай, бірінің бетін бірі жаба алмай зұлмат ашаршылықтан аман қалады. Сол мезетте ашаршылықтан аман қалып енді есін жия бергенде сұрапыл соғыс басталды. Соғыс басталғанда апа 12 жасар қыз еді. Бала болып ойнамады. Тұрмыстың тауқыметі аздай елдегі жағдай ерте есейтті. Түнде майдангерлерге қолғап, шұлық тоқу, күндіз егіс даласына барып масақ теру, терілген масақтарды келіге түю, диірменге тарту, нан жабу, су тасу барлығы балалық шақты ұмыттырды. Өмір тоқтамайды. 1948 жылы Алғабас ауылына Бесбайдың Көшкінбай деген азаматына көңіл қосып, келін болып түсті. Жасынан зерек, қағылез, үйдің тірлігін ұршықша иірумен ененің, ердің де бабын таба жүріп қызметке де ерте аралас­ты. Қандай кедергілерге де тап болса да оқудан қол үзбей 7 кластық білім алған оның бойындағы қайсарлық тынышытық таптырмады.
Мен келінмін демеді. Колхозға қолына орағы мен иығына кетпенін іліп алып дала жұмысына шықты. Сөйтіп жүріп өзінің қағылезділігімен көзге түскен оны 1952 жылы колхоз басшылары ауылдағы кітапханаға кітапханашы етіп қабылдады. Апаның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы болар 1956 жылы балалар бақшасының меңгерушісі қызметіне көтерілді.
Қай кезде де адал еңбек абыройға жеткізеді. Қай бір өзіне жүктелген жұмысты өзінің білімділігімен, қабілеттілігімен биіктен көріне білген апайды 1965 жылы ең бір жауапты қызмет ауылдық кеңестің хатшылығына лайық деп тапты. Ол кезеңдерде заманауи техника жоқ. Құжаттың барлығы қолмен жазылады оның көшірмесі қара қағаз арқылы көбейтіліп отыратын. Жолы жоқ ақ қағазға апа бір әріпін қисайтпай сұлу жазатын. Бүкіл неке куәлік, балалардың туу туралы куәліктерін жазғанда компьютерден кем түспейтін.
Әсіресе сайлау өткен кездегі бүкіл ауылдың тізімін дәл теруде таңқалатынбыз. Бірде мынадай бір уақиға болды: «Сайлаудың тізімін мен, кітапханашы Күлдана Құтышева, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы Рая Мұхтарова үшеуміз жазып отырғанбыз. Қалай ұмытқанымызды білмеймін бір нашарлап жатқан кісіні жазбай қалыппыз. Апай тізімді көзімен бір шолып өтті де бірден сол кісіні іздеді. Біз қатты састық. «Сендер демала беріңдер» деп бізге рұқсат берді де өзі қалды. Таңертең келсек сайлаушылардың тізімі ілініп тұр. Әлгі кісінің де фамилиясы тұр». Жауапкершілік деген ол кісінің бойындағы таптырмас қасиеттің бірі еді. Бір сөздің қате жазылуына жол бермейтін. Тек қызметте ғана емес көрші-көлең, абысын-ажын, ағайын-туыс, қатарластарының арасындағы бірліктің ұйытқысы болды. Бір сәт өзінің замандас­тары колхоздың бас есепшісі Нәзипа ­Отызбаеваны, почта меңгерушісі Рәзия Төленова сынды аналарды көзіне жас ала есіне түсірді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ұлағатты аналар Айтжан Аманқұлова, Патшагүл Қуандықова, Күләш Айтуғанова, Бибіажар Дәлкенова, Әзила Бегенова, Қалиаш Зермұхамедова, Оразкүл Рахметовалармен телефон арқылы хабарласып әңгіме дүкен құрғанын айтып рахаттана бір күліп алды. Қыруар еңбек еленбей қалмады. Аудан, облыстың марапаттары, тыл, ардагері, еңбек ардагері ордендерінің иегері атанды. Қазір 92-ші жаңа жылды қарсы алған Аққатша апай 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, одан 19 немере, 36 шөбере, 5 шөпшек көріп отырған бақытты ана.
Жады әлі мықты, жаны таза, жүрегі жылы, адалдығы аппақ қардай осы күнге өмірдің кедір-бұдыр соқпақтарынан таза бейнетпен жеткен аяулы аналарымызды бес саусағымыздың ұшындағы үкідей аялап, төбемізде көк тудай биікке көтерсек, ана алдындағы міндетіміздің бір ғана бөлігін атқарған болар едік. Қандай да бір құрметке лайық жандардың жанымызда жүргені бір ғанибет емес пе?
Алла қаласа тоқсан екі деген жүздің жүзін көру деген. Олай болса Әзиз ана жасай беріңіз.

Айжамал Әбдіхамитова,
Алғабас ауылы

12 қаңтар 2021 ж. 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930