Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаманның өмірі шағым мен арыздан жақсының өмірі қарыз бен парыздан тұрады

Жаманның өмірі шағым мен арыздан жақсының өмірі қарыз бен парыздан тұрады


Талай тарландарды түлеткен сыр елінің еңбек жолына көз жүгіртсек, қажырлы еңбек пен айтуға тұрарлық жеңістер көп. қарапайым адами тіршілікте қиындықтар мен жетістіктер қатар тұратыны белгілі.
Жетістікке жету жолында қиыншылықтарға төзіп, бастаған ісінің майталманы атанып, абырой биігінен көрініп, халықтың алғысына бөлену үлкен мәртебе.

Сондай бір ынтымағы жарасқан, еңбектеген баладан, еңкейген қариясына дейін еңбек етіп жеген нанның тәтті екенін пайымдаған Бестам ауылының түлегі Б.Қошқаров жайлы қалам тербеуді жөн көрдім. Балташ Қошқаров кемелдігі келбетіне үйлесім тапқан, мінезге бай, кісілігі мен кішілігі бірден өзіне баурап алатын жігітке тән сегіз қырлы бір сырлы азамат деген атқа лайық.
Азан шақырып қойған аты Балтабай. Ол 1958 жылы 1 маусымда Ленин атындағы колхозда, қазіргі «Бестам» ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылық институтының түлегі. Ғалым-агроном мамандығын алып келген жас маманды колхоз басқармасының басшысы Мұхамеджан Рахметов пен партия ұйымының хатшысы Өмірзақ Исаханов көзінде от, бойында жалын барын байқап, бірден өндіріс бригадасының бригадирлігін сеніп тапсырды. Аз уақыттың ішінде жердің сан алуан қыртысына қанық екенін білген басшылар агроном, аға агрономдық қызметіне жоғарылатты.
Әрбір айтқан сөзіне, уәдесіне берік тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, жүрген жері берекелі Балташтың тасы өрге домалай бастады. 1995 жылы аудан әкімі Ж.Тұрабаевтің шешімімен Жуантөбе ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды.
Іскерлік дегенің білімге байланысты. Білім мен біліктілігі ауылдағы шешімін таба алмай жүрген көптеген қиындықтардың жолын кесуде, әсіресе жас мамандардың қуатты шоғырын топтастырып, іргелі елге айналуына сүбелі үлес қосты. 1996 жылы аудан әкімінің шешімімен Ленин атындағы колхоздың нарық жағдайына бейімделуіне байланысты жаңадан құрылған «Ленин өндірістік корпоративінің орынбасары, бас агроном» болып жұмыс бастады. Балташтың кез келген сенім артқан жұмысты ойлағаннан артық алып кетуі оның мәртебесін биіктете түсті.
2001 жылы Бестам ауылындағы «Ақниет» шаруа қожалығының төрағасы, 2002-2006 жылдары Жуантөбе, Бестам ауылдық округтерінің әкімі болып, елдің бірлігі мен ауызбіршілігін сақтауда қызмет атқарды. 2007-2009 жылдары Шиелі аудандық статистика басқармасының бастығы болды.
Балташ көп нәрсені көкейге түйді. Ол еңбек еткен жылдардағы аудан басшылары Абибуллаев, Ж.Тұрабаев, Е.Мұстафа, Н.Нәлібаевтар, шаруашылық басшылары Т.Аппасов, Ө.Исаханов, Ш.Қалымбетов, ауыл әкімдері А.Нұртазаев, Г.Құлмырзаева, Қ.Дүрімбетовалардың қырағы көздері мүлт жібермеді. Еңбегі бағаланды.
1993 жылы Қазақстан Республикасының президентінің «Құрмет» грамотасына ие болды. Шығыс ғұламасының «Адамның мінез-құлқын даусынан анық ажыратуға болады. Жаны мөлдір жандардың үні таза шығады, білім мен ғылымды бағалай біледі» – деген сөзін бір жерден оқығаным бар. Балташ тек ауыл шаруашылығының ғана маманы емес, қызығы мен қиындығы мол уақыт пен санас­пайтын бар мақсат мүддесін шәкірттерге арнаған ұстаз атты мәртебелі мамандықтың қайнаған өміріне келді. Екінші мамандығы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетінен оқып алған педагог-биолог мамандығы бойынша 2008 жылы №205 орта мектебінің педагог-психолог болып тағы бір қырынан танылды. Бірақ алғашқы мамандығы көктемгі қарбалас тіршілігі жайқалған егіс даласына қайтадан жетеледі. 2010 жылы «Дихан» күріш компаниясына қарайтын іріленген «Жаңа Бестам» ЖШС бас директоры болып, сол жылдары күріштің әр гектарынан 55-60 центнерден өнім алғаны үшін «Елеулі еңбегі» үшін орденімен марапатталды. Кейіпкеріміз салаға бейімі бар еңбекқор жандарды маңайына топтастыра білді. Механизаторлар Ақманат Ыбыраев, Ерубай Сыздықов, Ұзақбай Аманбаев, күрішшілер Қалдыбай Хайдаров, Жорабек Хайбулдаев, Сайыпназар Төкебаев, Пойызкүл Қозыбаева, Нұрбаған Сыздықов, Нұртаза Нұрымбетов сынды қара жердің қыртысын қайыра шапқан, батпаққа белшесіне бата жүріп, ел ырзығын жинаған азаматтардың да үлесі зор. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарын қайта бөлінуіне байланысты 2013 жылы «Бестам елі» қожалығының төрағасы болып қызмет атқаруда.
«Төрге шықсаң, есік жақта­ғыларға қарай отыр» деген тәмсіл бар. Балташты сол ауылдағы зейнеткерлерге дақыл егетін жерді құнарлы жерден беріп, күзде шөптерін түсіріп елдің көңілінен шыққан нағыз қамқоршы ретінде таниды. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш саласын дамыту, ауылдың экономикасы мен халқының әл-ауқатын көтеру, шаруашылықтың материалдық техникалық базасын нығайту бағыттарында ел игілігі үшін жұмыстар жасап, осы уақытқа дейін көптеген жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Балташ алған асулар, шыққан биіктер аудан, облыс емес бүкіл Республикалық дәрежеде марапатқа ие болды. 1995 жылы Қазақстан республикасын ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасымен, екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалі мен марапатталған.
2003 жылы Қызылорда облысы­ның және Шиелі ауданының бірнеше рет «Озат шаруашылық» атағының жүлдегері. Шиелі аудандық депутаты және Жуантөбе ауылдық советі кеңесінің депутаты болып, халық қалаулысына айналған азамат. Өмірдің ең үлкен өзегі жар таңдауда да жаңылмаған Балташ Манат Төлеуқызындай өмірінде өрелі істер істеп із қалдырған, жастардың болашағы үшін қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты қайта жаңғыртуда аянбай еңбек еткен аяулы жанды таңдады. Манат өзі келін болып түскен Бестам ауылындағы №205 мектепте ұстаздық қызмет атқара жүріп, келешек ұрпақты салауаттылыққа тәрбиелеу мақсатында мектептің, ауданның спорттық өміріне белсене араласты. Ол Республикалық деңгейде өткен жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алды. Манаттың алған марапаттарын санап болмайсың. Төтеннен келген сұм ажал алды-артына қаратпастан 1 ұл, 1 қызды Балташқа қалдырып, келместің кемесіне мініп кеткен Манатты елі әркез еске ала отырып, жыл сайын тоғызқұмалақтан біріншілік өткізуді дәстүрге айналдырған.
Бестам халқының еңбек­қорлығы соншалықты көктем шыға көшеде ойнап жүрген баланы, сенделіп жүрген жанды көрмейсің. Бала-шаға қамын ойлаған жандар таңертең ерте тұрып, кетпендерін иықтарына салып, егіс даласынан кеш қайтып келе жатқанын көресің. Сондай тынымсыз еңбек ауылдың күн санап әлеуметтік жағдайын көтеруде. Жаңа үйлер, жаңа нысандар бой көтеріп, ауыл көркі артып келеді.
«Жаман адамның ғұмыры шағым мен арыздан тұрады. Жақсы адамның ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» дегендей адами қадір қасиетті бағалай білетін, парыз бен қарызды бағамдай білетін нар тұлғалы азамат. Еліме берер қарызым көп, орындайтын парызым бек деп алдына қойған мақсат жолында Балташтың бедерлі белестері, өмірін еңбекпен ұштастырған ғибратты ғұмыры келер ұрпақ үшін зор өнеге.


Айжамал
Әбдіхамитқызы,
Бестам ауылы.
16 сәуір 2019 ж. 706 0