Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолөнер – сырлы өнер

Қолөнер – сырлы өнер

Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымды іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қызу жүруде. Рухани жаңғырудың бас­ты тетігі ұлттық рух пен өнердің ара жібінің үзілмеуінде жатыр. Оның соңы патриотизмге, туған жеріне деген сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге тағзым ету, ұлтымыздың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарап, оны үнемі насихаттап отыру – патриотизмнің жарқын көрінісі болмақ. Осы мақсатта таяуда Шымкент қаласында «Атадан-мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында республикалық шығармашылық қолөнер көрмесі өтті. Шығармашылық байқауында жерлесіміз Аяна Кеңесбай топ жарды.
Өнер – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді. Бүгінде ауданда өнерлі жастар көп. Жас таланттың бірі – №207 Жаңатұрмыс мектебінің 6 сынып оқушысы Аяна Кеңесбай. Ол жоғарыда айтқан көрмеге қатысып, «Қолөнер» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, екінші дәрежелі лауреат атанып, халықаралық байқауға жолдама алған. Көп ұзамай Алматы қаласында өткен «Жас дәурен» халықаралық байқауында қолөнер номинациясы бойын­ша Аяна үздік өнер көрсетіп, бірінші дәрежелі диплом иегері атанды. Айта кетейік, Аянаны өнерге баулып жүрген жетекшісі Майгүл Достиярова бүгінгі таңда аталған мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Осы мектепте 31 жылдан астам еңбек етіп келеді. Өз ісін сүйіп жасайтын ол бүгінгі таңда төзімділік пен шыдамдылық талап ететін дүниені оқушыларына үйретуді алдына мақсат еткен. Арнайы қолөнер үйірмесін ашып, қызығушылығы мен қабілеті бар балаларды даярлап келеді. Бүгінгі күнге дейін шәкірттерімен бірлесе отырып моншақтан жасаған бұйымдары талай аудандық байқаулардан топ жарып келген.
– Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдени айнасы. Ол талай ғасыр електен өтіп, түрленіп-жаңарып бізге жетіп отырған қастерлі құндылық. Ол адамның әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сұлулыққа деген қабілетін арттырады. Сол арқылы адамзат баласы зор эстетикалық рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады. «Өнер жемісі – өмірге азық» дегендей, жас ұрпаққа қолөнер арқылы берілген тәлім-тәрбие, олардың өміріне азық боларына шүбәм жоқ. Себебі қолөнер – қазақтың тұрмыс-тіршілігінің өзегі, салт-дәстүрінің сарқылмас кеніші. Мұндай байқаулар алдағы уақытта жиі өтіп тұрса, – деді М.Достиярова.
Ендеше бізде Аяна мен оның ұстазына сәттілік тілеп, алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге жете берсін демекпіз.

Ш.Тілеубаев
19 қыркүйек 2022 ж. 476 0