Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жолда шыңдалған Тұрғанбай

Темір жолда шыңдалған Тұрғанбай

Темір жол ісінің қазанында қайнап, шарығында шыңдалған Тұрғанбай Мықтыбаев жайында қалам тербемекпіз.
Сала ардагері 1948 жылы 23 желтоқсанда Ақмая ауылдық кеңесіне қарасты 22-ші разъезде дүниеге келген. Ол үлкен жетістіктерге жету үшін алдына мақсат қоя білді. Сәйкесінше сол ойға алғандарын жүзеге асыра да алды. Әкесі Мықтыбай Еспенбет шаруа адамы болған, ал анасы Бибісара үй шаруасымен айналысқан.
– Әкем жайлы сөз қозғасам, оның мейірбандығымен қатар адал, еңбекқор, көкірек көзі ашық, ұрпағына үлгі боларлықтай тағылым бергені еске оралады. Ол жастайынан кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдыққа, білім-ғылымға құштарлыққа үйреткен жан, – дейді кейіпкеріміз.
Т.Мықтыбаев 1965 жылы №45 қазақ орта мектебін аяқтап, 1969 жылға дейін Шиелі жол дистанциясына жол жұмысшысы болып жұмысқа қабылданады. Кейін араға жыл салып 1966-1967 жылдар аралығында Целиноград қаласында 11 айлық станция кезекшілерін дайындайтын курсты оқып шығады. Оқуды бітірісімен 1967 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Ташкент темір жол көлігі институтының экономика факультетін тәмамдайды. 1970 жылдан 1982 жылға дейін Қызылорда жол бөлімшесінде әр түрлі салада қызмет етеді. Атап айтқанда, Шиелі станциясында – станция кезекшісі, станция бастығының орынбасары және Қызылорда жол бөлімшесінде пойыз диспетчері сынды қызметтерді абыроймен атқарады. 1982-2012 жылдар аралығында Шиелі жол дистанциясында 30 жыл үздіксіз жұмыс істейді.
– Мен барынша адал болуға тырыстым. Білмегенімді аға буын әріптестерімнен сұрадым. Егер шешімімнің дұрыстығына сенімді болсам, соңына дейін өз ұстанымымда қалдым. Аға инженер, брінші санаттағы инженер, бас инженер, станция бастығының мамандар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі көмекшісі, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерінде болдым. Иә, бір сөзбен айтқанда темір жол саласының тұралап қалмауына маңдай тер төктік, – деп ағынан жарылды Тұрғанбай Мықтыбаев.
Оның өсуіне жұбайы Күнімхан да өз үлесін қосты. Бүгінде олардың отау құрғандарына 52 жыл. Осы жылдың ішінде 3 ұлын ұяға, 2 қызын қияға қондырып үлгерген.Бүгінде 19 немере сүйіп, 2 шөберенің қолынан май жалап отырған бақытты ата.
«Өмірімнің құр босқа өтпегеніне қуанамын. Шама-шарқым жеткенше жұртқа пайдалы іс тындыруға тырыстым», – деп сөзін қорытындылаған Тұрғанбай Мықтыбаев кез келген адамның өмірінде жақсы мен жаман қатар жүретінін, қиындықтары мен қуанышты сәттер ауысып келіп отыратынын тілге тиек етті. Ол өткенге өкінудің еш қажеті жоқ екендігін, одан да ең бастысы, өзің өкінбейтіндей өмір сүре білу керектігін айтады.

С.МАДИЯРОВА
24 тамыз 2022 ж. 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930