Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегінен ел таныған азамат

Еңбегінен ел таныған азамат

«Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі» деп бекер айтпаса керек. Еңбек ету қашанда берекенің бастауы саналады. Сонда ғана адам жетістіктерге жете алады. «Бейнет түбі – зейнет» екендігін ертеден ұғынған бабаларымыз барлық игіліктің тек еңбекпен келетіндігін айтқан. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» депте айтамыз. Табыстың кілтін тынымсыз тірліктен тапқан «Ақмая» шаруа қожалығының өндіріс бригада жүргізушісі Сайлау Тастанбеков те нағыз еңбек адамының бірі.
Күз шаруалардың ала жаздай еңбегінің жемісін көретін кезі. Күрішті шашпай-төкпей уақытында жинап, қамбаны астыққа толтыру үшін ең әуелі техника жүз процент сайланып тұру керек. Ал, соның ішінде көлік айдап, күнде шаруаларды қайнаған тіршілік ортасына дер кезінде жеткізу ­Сайлау ағаға жүктелген.
Кейіпкеріміз Шиелі ауданы, Ақмая ауылында өмірге келген. Ол мектеп қабырғасын аяқтаған уақытта заман ағымымен аудан бойынша үндеу жарияланады. Онда түлектер 8 айлық курс оқып, еңбекке араласу қажеттігі айтылған. Сол үндеу бойынша Сайлау Тастанбеков те механизатор мамандығы бойынша курсты аяқтайды. 1979 жылы алғаш еңбек жолын «Ақмая» шаруа қожалығында комбайн жүргізушісінің көмекшісі болып бастаған ол, алып техниканы әп-сәтте меңгеріп алады. Кейін шаруашылық төрағасы еңбекқор жігіттің ынтасын елеп, механизатор қызметін сеніп тапсырады. Араға 2 жыл салып, 1981-1983 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Мәскеуге аттанады. Әскерден елге оралған соң өз жұмысын қайтадан сол шаруа қожалықта жалғастырады. Техникаға құштар болып өскен маман осы шаруашылықта үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына биыл 42 жыл толыпты. Жауапкершілік жүгін сезінген жігіт ағасы одан соң, «Ақмая» шаруа қожалығында звено жеткешісі қызметін де абыроймен атқарады. Ес біліп, ер жеткен сәттен тынбай еңбек еткен кейіпкеріміз бұл күнде 60-ты алқымдаған алдыңғы буын ағалар қатарына қосылды. Бейнетті бір адамдай көрген Сайлау ағаның қай жұмысқа да сайлы екенін аңғарған қожалық төрағасы өндіріс бригада жүргізушісі етіп жаңа жұмысты тапсырады. Осындай түрлі еңбек сатыларынан абыроймен өткен ол осы күнге дейін басшылық тараптан арыз-шағым естіген емес. Тіпті, жары Гүлнар Байжанова да «Ақмая» шаруа қожалығында жолдасымен қатар жұмыс істеп келеді. Ол 1983 жылдан 2009 жылға дейін іс жүргізуші, қазіргі таңда кадр бөлімінің меңгерушсі қызметін атқаруда.
– Мен ауылда өстім. Осында ер жеттім. Туған жерімнен қыр асып, басқа жерде еңбек етіп, басқа жақтың ауасымен тыныс­тап, тұрмыс-тіршілігімді домалату еш ойымда болған емес. Бұл – менің шағын Отаным. Ауыл – қазақтың жаны, рухы, тілі, діні де. Ауылда жұмыс жоқ деп қыр асқандар қаншама. Қалаға кетіп, көптің ортасына сіңіп, білінбей кеткендер де жетерлік. Ал, ауылда бәрі де өзгеше. Мені бәрі де біледі. Мен де ауылдың бар тыныс-тіршілігімен таныспын – дейді темір тұлпарды ерттеп мініп, еңбегінің жемісін көріп жүрген жүргізуші Сайлау.
Түздегі тіршілікпен үйдегі берекені қатар ойлап, қарапайым ғана еңбек адамдарына үлгі өнеге болып жүрген Сайлау Қалманбайұлының сайлы да жайлы жұмысы осындай. Әр күн сайын ауылдағы шаруаларды жиып, еңбек майданына аттанатын олар кеш қарая үйлеріне қайтады. Бұл ерте көктемнен қара күзге дейін демалыссыз жалғасатын жұмыс.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
18 қыркүйек 2021 ж. 637 0