Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еселі, бақыты бес елі күрішші!

Еңбегі еселі, бақыты бес елі күрішші!

Екі мәрте социалистік еңбек ері атанған Ы.Жақаев егінші жастарға «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнімін ысырапсыз жинап алуың – халыққа тартқан асылың» деп айтқан болатын. Қазіргідей технологияның қарыштап дамыған заманында уақыт ағымы мен жас буынға ілесіп, өзінің берекелі ісімен танылған, жұмыстың барлық қиын сатыларынан өткен, қызметте ысылған, еңбегі еселенген, күріш саласын толықтай меңгерген маман «Алтын дән» шаруа қожалығының күрішшісі Әзім Мәмбеталиев.
Бүгінгі Шиелі өңірінің халқы ырысты, жері күрішті екені бесенеден белгілі. Ата-бабаларымыз ертеден егін егіп, оны суарып, баптау, бастыру мен төкпей-шашпай жинап алуға қамданған. Таңның атысы, кештің батысына қарамай алқап басындағы бейнетке ат салысқан диқан қауымның еңбегін аудан бағалап, зор құрмет танытуды жылдағы дәстүрге айналдырғанның арқасы болар, қамба алтын дәнге толды. Олай болса біз бүгін осы салада табандылық танытқан кетпені сайлаулы, шығыры майлаулы диқанның жер жыртып егін салған сара жолын айтпақпыз. Әзімдей аптал азаматтардың қажыр-қайратының, тынымсыз жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні Шиелі ауданында серпінді істер көп. Ы.Жақаевтың даңқты жолын жалғастырып, несібесін жерден терген еңбеккердің тірлігі орасан.
Саналы 45 жыл ғұмырын диқаншылыққа арнаған жан бүгінде даланың қыр-сырын жетік білетін күрішші 1958 жылы Жақаев ауылында дүниеге келген. Бала жастан қара жұмысқа ерте араласқан жігіт ағасы бүгінде егістік алқабының майталман күрішшісі. Қызылорда облыстық комсомол комитеті егін жинаудағы қол жеткізген табыстары үшін бірнеше құттықтаулармен марапатталған. Сондай-ақ «Жақаев» атындағы колхоз кәсіподақ ұйымынан делегат болып сайланған. Алғашқы еңбек жолын 1975 жылы «Қызыл Ту» колхозының күрішшісі болып бастаған ол, 1980 жылы Ы.Жақаевта күрішші, 2003-2015 жыл «Асар» шаруа қожалығының төрағасы, 2015 жылдан бастап А.Бердібаев төрағалық жасайтын шаруашылықта күрішші қызметін атқарып келе жатыр. Өздеріңіз білетін «Алтын дән» шаруа қожалығы жыл сайын мол өнім алып, өңірдің экономикасын арттыруға үлесін қосып келеді. «Баптай білгенге жер жомарт қой» – деді Әзім Тасболатұлы. Өз ісіне мығым күрішші жерді мәпелеп, маржан дәннің бабын тауып, агротехникалық талаптардың сақталуына зор мән беретінін тілге тиек етті. Содан болар маңдайын күн, табанын жер сүйген дала баласы нағыз еңбектің үлгісін танытып келеді.
Кейіпкеріміз «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген тәмсілді қаперде үнемі ұстайды. Таң бозарғаннан кетпенін иыққа артып, егістікке қарай тартып тынымсыз еңбекке араласқан шаруа адамының бір күндік жұмысын көріп біз де марқайдық. Жас диқандарға үлгі болар арда азаматтың бойындағы қайтпас қайсарлығы мен байсалдылығы, жұмысқа деген құлшынысы оны алға жетелейді. Бастысы, жасы алпыстың асқарынан асса да бейнеттің бел ортасынан табылып жүргені қуантты. Әзекеңнің «Тірліктен қашпаңдар, қара жұмысқа күш-жігерлеріңді салыңдар, тынымсыз еңбек етіңдер» деп жас­тарды еңбекке қайрап отырғанының өзі үлкен еңбек. Шаруалар болса ала жаздай төккен тердің жемісін жылда көріп жатқанына дән риза. Ал Ә.Мәмбеталиев Еселі еңбегінің жемісіндей биыл «Елеулі еңбегі үшін» агроөнеркәсіп медалі мен темір тұлпардың кілтін иеленіп, бейнеттің берекесін көрді. Ол – тек іскер азамат қана емес, 3 ұл, 1 қыз өсіріп отырған әулеттің алтын қазығы. Егіс даласындағы әрбір диқанның елеулі еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Шапағат Тілеубаев
20 қараша 2020 ж. 885 0