Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еселі агроном

Еңбегі еселі агроном

«Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке» деген қазақ халқының қанатты сөздерінің мән-мағынасы бүгінде арта түскендей.Қай шаруашылық болсын қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. «Әрекет түбі – берекет» деген бар. Жалпы ауыл шаруашылық саласын жандандырып, осы сала тірлігінен түзу жол тапқан жандардың қатары қалың. Сондай еңбегі еленіп, аудан халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген еңбекқор азаматтың бірі – ­Ермағанбет Тұрысбеков.
Көз көргендер «Жас келсе – іске» демей ме? Кезкелген саланы тиісті деңгейде дамытып, еңбегін адал, жұмысына жанашырлықпен қарайтын өз ісінің маманы ғана емес, агроөнеркәсіптің тірлігін ширатып, еңбектің жандануына өз үлесін қосқан, бақытын осы еселі еңбектен тапқан агроном бүгінде «Байсын» шаруа қожалығында аянбай еңбек етіп келеді. «Таудай талаптан, бармақтай бақ артық» деген аталы сөз осы жанға арналып айтылғандай. «Бақ» деген кішкентай ғана құс. Ол тек ерінбегеннің етегіне, жұмыскердің жотасына, көкірек көзі ашық адамның кеудесіне, байыптының басына қонады. «Басына бозторғайдай бақыт қонса, самұрық қызмет етер панасында» дейтін ежелден жеткен әпсана бар. Иә, ауыл шаруашылығы – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі екені сөзсіз. Осы шаруашылықта таңның атысынан, кештің батысына дейін бел жазбай еңбектің қазанын қайнатқан жігіт ағасы күріштің толық өсуі мен егіншілікке қажетті техникаларды жетік білетін жоғары білімді маман, көп салалы ауыл шаруашылық өндірісінің ұйымдастырушысы болып абыройлы еңбек етіп келеді.
Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Ермағанбет Тұрысбеков алғашқы еңбек жолын 1978 жылы ауданда мехонизатор, 1984 жылы «Ақмая» совхозында «Агроном-химик» болып бастады. Сол кездері шаруашылық салалары сәл тұралап қалған тұста малшаруашылығын қолға алғанын да тілге тиек етті. Ал бүгінгі таңда «Байсын» шаруа қожалығының маңдай алды агрономы. Егіс алқабынан шықпай, шекесін күнге ғана сүйдіретін диқан тек қана қара кетпені мен екі білегіне арқа сүйейді. Бүгінде шаруашылықтың негізгі саласы – егіншіліктің технологиясын және онда қолданылатын құрал-жабдықтарды, табиғи-экономикалық жағдайды жетік білетін білікті маман. Сондай-ақ диқандардың бүгінде жаңа технологияның қыр-сырын толықтай меңгеруі мен тиімділігін қадағалап отырады. Осындай тыңғылықты тірлігінің арқасында жуырда ғана «Елеулі еңбегі үшін» «Агроөнеркәсіп» медалімен марапатталды.
«Байсын» шаруа қожалығында ең басты жетістік тепсе темір үзетін жастар алып техникаларды тізгіндеп, еңбектің қарқынды жүруіне айрықша үлестерін қосуда. Жас мехонизаторлар Мұханбетжан Асқаров, Мұратхан Бәкіртаев, Рамазан Оразбеков, Дәурен Шорабаев, Елдос Есжанов сынды жалынды жастар еңбек етуге ықылас танытып, өз істерін тыңғылықты атқаруда. Осы бір дақыл судан қалмауы үшін атыз аралап жүрген сушылардың еңбегін де айтпай кету мүмкін емес. Бұл тұста Ақылтай Тұрғанбаев, Ербол Ертаев, Бексұлтан Абдулла және ағайынды Байдарбесовтер еңбек етеді. Нәтижесі жаман емес. Өнім көлемі артып, қамба қызыл дәнге толды. Білікті инженер-механик Аят Есжанов жалғыз трактормен осы аумақты толықтай тазартып, тыңнан түрен салыпты. Сонымен қатар күріш егіп, кезінде тұралап қалған «Байсын» шаруа қожалығының жұмысын қайта жандандырғанын айтпасақ, әбестік болар.Игерусіз жатқан ит тұмсығы батпайтын ну тоғай жерді инженерлік қалыпқа келтіруге ат салысты.Бүгінде бұл жер күріші жайқалған егіс алқабы. ­Ермағанбет пен Аят секілді азаматтар ерінбей еңбек етіп, бірді екі еткендер қатары артса, дамыған отыз елдің қатарына әлдеқашан кірер едік. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін халықты жаппай еңбек етуге тарту керек. Келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болмақ.

Шапағат Тілеубаев
16 қараша 2020 ж. 687 0