Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен еңсе тіктеген

Еңбекпен еңсе тіктеген


«Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі», деп бабаларымыз еңбек етудің маңыздылығына терең тоқталған. Еңбек ету қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы­ саналады. Еңбек ету арқылы ғана адам жетістіктерге жете алады. «Бейнет түбі – зейнет» екендігін ертеден ұғынған бабаларымыз барлық игіліктің тек еңбекпен келетіндігін айтқан. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деп, тек қана еңбек арқылы барлық қалауыңа қол жеткізуге болады деп сенген.
Осынау нақылдардың астарын түсінгенге терең мән жатыр. Кәсіптің көзін тауып, ерінбей еңбектенсең бүгінде екі қолға бір күрек табылады. «Жұмыс жоқ» деп екі қолды қусырып, ауызды қу шөппен сүрткеннің алдына біреу дайын асты қоя салмасы анық. Бүгінде жұмыстың сан түрі бар. Бұрынғыдай «Дипломың болмаса қор боласың» дейтіндей, уайым жоқ. Әрине, арнайы мамандықпен нан тапқанның жөні бөлек. Алайда, дипломды желеу етпей, еңбектеніп, қос қолындағы қуатымен, бойындағы жігерімен табыс­ты күректеп таппаса да отбасын асырап, жұрттың алдында еңсесі еңкеймей жүрген жандар бар арамызда.
Байсын ауылында Жалғас Әбдіқадыр деген еңбекқор азамат тұрады. Қырықтың шамасындағы жігіттің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Жалғастың кәсібі – кәдімгі құрылысшы. Үйдің іргетасынан бастап ішкі әрлеу жұмыстарын да қасындағы бір-екі жігітпен біріге жүріп бітіріп тастайды. Ауыл ғана емес аудан тұрғын үйлерінің біршамасында ол кісінің қолтаңбасы бар. Қарапайым еңбекқор азаматтың әр іске ебі бар. Атап айтқанда, электр-монтаждаушы, дәнекерлеуші. Әрине, мамандықтың қай-қайсы да қадірлі, қажетті, әрқайсының өзіне тән ерекшелігімен қатар, қоғам өміріне тигізер пайдасы және алар орны бар екені сөзсіз. Кез келген мамандық иесі адал еңбек етуінің нәтижесінде өзі өмір сүріп жатқан ортасына, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етіп, елінің гүлденіп, өркендеуі жолында қосқан азды-көпті үлесі үшін лайықты сый-құрметке бөленетіні анық. Біздің кейіпкеріміздің бұл кәсіппен айналысқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Қыста да жазда да кәсібіне сұраныс мол болғандықтан, бос уақыты жоқ деуге болады. «Қай саланың да өзіне тән қиындығы қатар жүрері хақ. Сол тығыз уақыт пен кәсібіңіздің ауыртпалығынан қажыған кездері қолыңызды бір сілтегіңіз келетін шығар» деген едік, бұл жөнінде өзі.
– Әрине, сан салада да талап бар, қиындық бар. Менің ойымша ол дүниенің барлығын еңбекпен ғана еңсеруге болар. Кез келген адам өзінің бақуатты тұрмысын да тек еңбекпен жақсарта алады. Бақытты алыстан іздемеу керек. «Бақыт» деген еңбек ете білушілік және отбасындағы амандық емес пе? Сондықтан да, әркім өз бетінше еңбектеніп, отбасының тұрмыс-жағдайын жақсартуға тырысуы керек. Адалдап тапқан наның аузыңа тигенде ол қиындықтар есіңнен шығады, – дейді Жалғас. «Ал, осыған дейін қанша үй салып, қанша үйдің құрылыс жұмыстары сіздің қолыңыздан өтті?» деген сауалымызға: – «Бұл кәсіпті қолға алғалы салған құрылыс нысандарының барлығын жіпке тізе беру мүмкін емес. Бірақ, сол құрылыстар көзіңе жылыұшырап, туған балаңдай көрінеді. Өзің салған құрылысқа қарап, шаршаған, қиналған сәттеріңді ұмытасың», – дейді ол.
Иә, «Еңбек етсең, емерсің» дейді дана халқымыз. Расымен де, қандай бір жасалған жұмыстың өзіндік нәтижесі болады. Адам баласының қолынан келмейтін жұмысы жоқ, тек оған ынта мен жігер болсын деңіз. Алысқа ұмтылғанның арманы асқақ болатыны бесенеден белгілі. Алайда, сол алыста тұрған арманның бас­тауы сіздің қолыңыз жетіп тұрған қарапайым ғана еңбекте екенін екшей бермейміз. Біз әңгімеге арқау еткен жанның кәсібі жоғары мәртебеге ие. Халыққа қажетті құрылыс нысандарының әрқайсысында оның алақанының жылуы мен табы бар. Құрыш білек құрылысшыға бейнетіңіздің зейнеті еселеніп, салған үйлер­і­­­ң­із­­­­дің шаңырағынан сізге айтылған алғысқа бөлене беріңіз дегіміз келеді.

Дина ЖҮСІПОВА.
10 қараша 2018 ж. 1 370 0