Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихта таңбасы қалған журналистер

Тарихта таңбасы қалған журналистер

Бүгінде аудандағы 85 мыңнан астам тұрғынның жаңалық жаршысына айналған «Өскен өңір» газетіне биыл – 83 жыл. Осы ғасырға жуық уақыт аралығында аудан журналистикасында бірнеше буын ауысты. Соның дені кешегі «Стахановшы мен ­Коммунизм жолы» шекпенінен шықты, қазіргі «Өскен өңір» қабырғасында тәрбиеленді.
Олардың қатарында бүгінде дүйім елге танымал тұлғалар редакторлық қызмет атқарды. Айталық, Мәді Молдыстамов, Рахмет Нұреекев, Орман Нұрқабаев, Төлеш ­Ахметов, Баймахан Уызбаев, Оңалбек Шілдебаев, Жарылқасын Шөкенов, Мөрәлі Шәменов, Әбдірәшит Сатыбалдиев, ­Қалқабай Әбенов, Дүйсенбі Смайлов, ­Минер ­Арысбаев, Зәкім Жайлыбаев, ­Алтай Айып, Өркен Исмаил, Алтай Айып, Дүйсенбек Аяшұлы редактор болса, өз кезегінде Тұтқабай Фазылбек те редактордың міндетін атқарушы болып қызмет істеді. 2016 жылдан бастап Нұрболат Пірімбет бас редактор қызметін атқарып келеді. Редакцияда жұмыс жасаған ардагер журналистер біз үшін үлгі. Қолдарына қалам алып, дүние сырына тоймай, тамсана жазған талай дана адамдар бар. Басылымның шығармашылық тобында сайдың тасындай журнистер жинақталды. Мәселен, Қалқаман Әбдіқадырыв, Жүніс Шәукебаев, Әбдіразақ Боранов, Сейітқасым Сейтенов, Дархан Сапаров секілді шабыты шалқар, қаламы қарымды азаматтардың арқасында газет жаңашылдықпен түлей түсті. Айта кетейік елге танымал қырық бір ақын-жазушы да өз шығармаларын осы «Өскен өңірде» жариялаған. 1956 жылы Қалқабай Әбенов редактор болған жылдары «Мың бір түнді» тәржімалаған, «Қажымұқан» кітабын дүниеге әкелген Қалқаман Әбдіқадыровтың осы ­басылымда еңбек еткенін атап айтуымыз керек. Сондай-ақ жерлесіміз ақын Әбділда Тәжібаев, жазушы Оразбек Сәрсенбаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбаев, қазақ елінің патриоты Серік Байқоновтың, ақын, сатираның атасы Сейділда Төлешов, журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ақайдар Ысымов, Нұртөре Жүсіп, Нәзира Жәрімбетова, Базарбай ­Исаев, Абдулхамит Исаев, Ибрагим Исаев, Мақсұт Әбдімомынов, Таубай Қирабай, Дәулетбек Байдрахманұлы, Қатира Жәленова тағы басқа шығармашыл тұлғалар осы өлкеде туып-өсіп, өңірдің бас басылымы «Өскен өңірге» тырнақалды туындысын жариялап, осы газетпен өмір өрнегі қатар өрілгенін атап айтқан жөн. Әлгінде «Өскен өңірдің» өзіндік жолы бар деуіміздің сыры да осында. Себебі, қай кезеңде болсын шығармашылық қырынан танылған, елге етене жақын басылым мәнін жоймайды. 1963 жылы өзінің бүгінгі атына ие болып, оның редакторы Дүйсенбі Смайлов газеттің бүкіл ұйымдастырушылық жұмысын жандандырып, газеттің қаз тұрып, қалыптасуына атсалысты. Газет беделінің өсуі батыл, принципшіл редакторлардың іскерлігі мен журналистердің біліктілігінен де көрініс тапты. Өмір ағысын, ел мен жер тарихын өз заманына қарай өрнектеп, өшпестей өнегелі іс тындырған «Өскен өңір» газеті тарихында Қален Әбдешов, Серікбай Әлжанов, Оразбек Бодықов, Серік Байқонов, Сәфи Құрманев, Қанапия Дәрібаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Нағашыбек Иманғалиев, Адырбек Сопыбеков, Дархан Сапаров, Мұрат Күлімбетов, Тұрғанбек Кәрімқұлов, ­Сайдхасан Хутаев, Бақберген Әбілдаев, ­Жолдас Сырғабаев, Қуаныш Түменбай, Қадыр Мырза, Таубай Ортай, Арал Абжалов, Әшім Молдақараев, Тұрар Тоққұлов, Қайрат ­Исмаил, Азиз ­Батырбеков, Елдос Жүсіп, Бақытжан Мәденов сияқты ағаларымыз қалың қауымға қалам қарымымен танылған дарынды журналистер. Ерлермен бірдей еңбек еткен Бибізада Бегімбетова, Ұлзада Әбілқасымова, Айнагүл Байдәулетова, Дина Жүсіпова, Айнұр Назарова, Жұлдызай Ноғайбаева, секілді нәзікжандылардың да басылым тарихында қаламының ізі қалған. Олардың асыл бейнелері қашанда жұрттың жадында. Ол кісілер өз газеттеріне өшпес шырағдан жағып, біраз игілікті іс атқарды. Сонымен қатар суығына тоңып, ыстығына күйген жандар. Бұл кісілердің басым көпшілігі бүгінгі күні бақилық болды. Ал зейнет пен басқа салада, басқа аймақта қызмет жасап жүргендер болса күні бүгінге дейін «Өскен өңірім – өз үйім» деп, бұл шаңырақтан шыққанын, тәрбие алғанын мақтана айтады. Мысалы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ақайдар Ысымұлының ауылдан жырақтағанына қанша жыл өтсе де, газет бетінен мақаласы үзілген емес. Өркен Исмаил – зейнет жасында болса да редакция ұжымының бір мүшесіндей. Мақаласын іздейтін оқырмандары да бар.
Қазақ журналистикасы қазіргі таңда қарқынды дамып, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарда тыңнан түрен салып, рухани-мәдени тақырыптардың майын ішіп, жілігін шағып, оқырман назарына ұсынып келеді. Одан бөлек елдегі тұрақтылық пен ынтымақты, бірлік пен татулықты сақтауда да баспасөз саласының майталмандары ерекше үлес қосып жатыр десек, артық айтқандығымыз емес.

Ш.Тілеубаев
28 маусым 2022 ж. 686 0