Газет – елдік пен ерлік жаршысы
Жуырда қолыма «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық кітап тиіп, қызыға парақтай бастадым. Кітаптың жалпы редакциясын басқарған «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев, редакциялық алқа алдарына қойған мақсаттарын жіліктеп, қалың оқырманға жеткізе алыпты. Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын зерттеп-зерделеген бұл дүниенің кітап сөрелерінде саналы ойдың сәулесіндей жарқырап тұратыны сөзсіз.
Ұлтымыздың ұлағатты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек» деген аталы сөзінің үдесінен шыға білген қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары өздері шығарған газет-журналдар арқылы қарапайым халыққа өз шығармаларын насихаттады. Сол кездегі қазақ зиялылары елдің саяси, шаруашылық, мәдени өміріне қатысты ғылыми және әдеби еңбектерін осы баспасөздерде жариялап отырған.
Ұлтымыздың ұлағатты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек» деген аталы сөзінің үдесінен шыға білген қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары өздері шығарған газет-журналдар арқылы қарапайым халыққа өз шығармаларын насихаттады. Сол кездегі қазақ зиялылары елдің саяси, шаруашылық, мәдени өміріне қатысты ғылыми және әдеби еңбектерін осы баспасөздерде жариялап отырған.
Оған «Дала уәлаяты», «Қазақ», «Айқап», «Абай», «Қазақстан», «Сарыарқа», «Жас алаш», «Теңдік», «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат», «Еңбекші жас» т.б. басылымдар куә. Көпшілік қауым А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров т.б. қайраткерлерді осы мерзімді басылымдар арқылы таныды, білді. Екінші жағынан ұлттық газет-журналдар өз заманына байланысты мемлекеттің күшті идеологиялық құралына айналды. Баспасөздің жалпы адамзат тарихында алатын орны айрықша, ол халықтың рухани-мәдени өмірінің айнасы.
Еліміздің баспасөз тарихының басталуы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына тиесілі екені аян.
Кітаптың бірінші томы «Сыр журналистикасының тарихын» зерделей келіп, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті мен Кызылординские вести» газетінің тарихына орын берген. Басылымды басқарғандар және әр жылдардағы әдеби қызметкерлер, журналистердің суреттері басылып, тың деректермен қамтылған. Сондай-ақ еліміздің болашағы Сыр бойының жастарына арналған облыстық «Ақмешіт жастары» газеті туралы да мол мағлұмат айтылып, басылымнан қанат қаққан жас журналистердің түрлі түсті суреттері кітаптың дизайнінің көркемдігіне үлес қосқан. Жастар үні ерекше естіліп тұрғандай.
Екінші томда Қызылорда қаласының ресми газеті саналатын «Ақмешіт апталығы» және аудандардың басылымдары қамтылған. Арал ауданының «Толқын», Қазалының «Қазыналы Қазалы», «Қазалы», Қармақшы ауданының «Қармақшы таңы», Жалағаштың «Жалағаш жаршысы», Сырдария ауданының «Тіршілік тынысы», «Сырдария», Шиелінің «Өскен өңір», «Шарайна-Сейхун», Жаңақорған ауданының «Жаңақорған тынысы» басылымдарының тарихи кезеңі, сондай-ақ қоғам дамуындағы газеттің рөлі жайында қызықты материалдар жарық көрген. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тарихы 1939 жылдан басталады. 1939 жылдың 19 наурызында «Стахановшы» деген атпен ҚК (в) П Шиелі аудандық комитетінің совет ұйымдастыру комитетінің газеті болып шыға бастаған. 1956 жылы «Коммунизм жолы», ол 1963 жылдың 1 мамырынан бастап «Өскен өңір» деген атаумен халыққа рухани демеуші, насихатшы тұрғысында орны бөлек басылым ретінде танылып келеді. «Өскен өңір» әрбір Шиелі ауданы тұрғындарының өміріне, рухани азығына айналған. Газеттің журналистері де «Өскен өңірім» – өмірім деп жазып жатады.
Газет редакторларының қатарында: Мәді Молдыстамов (1939), Рахмет Нұрекеев (1939-1940), Орман Нұрқабаев (1945-1949), Төлеш Ахметов (1949-1950), Баймахан Уызбаев (1950-1952), Оңалбек Шілдебаев (1952-1954), Жарылқасын Шөкенов (1954-1955), Мөрәлі Шәменов (1955), Әбдірашит Сатыбалдиев (1955-1956), «Коммунизм жолы» аталған тұста Қалқабай Әбенов (1956-1962), «Өскен Өңір» атанған кезде Дүйсенбі Смайылов (1963-1967), Минер Арысбаев (1967), Зәкім Жайлыбаев (1967-1998), Алтай Айып (2011-2015), Дүйсенбек Аяшұлы (2015-2016), ал 2016 жылдан бастап Нұрболат Пірімбет бас редактор қызметін абыройлы атқарып келеді.
Үшінші том Сыр бойынан республика аумағына тарайтын «Qyzylorda», «Қоғам TB» телеарналарының тарихына арналған. Сондай-ақ Қызылорда облысының орталығындағы полиграфия тарихын да осы томнан оқи аласыз. Сонымен қатар республикалық БАҚ-тың Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері жайлы анықтамалық та осында ұсынылған.
Төртінші том Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен бір легі жекеменшік басылымдар тарихына тоқталған. Мәселен, «Тіршілік», «Халық», «Ел тілегі», «Сыр дидары», «Тіл сақшысы» т.б. басылымдар бар. «Сыр журналистикасының тарихы» деген бесінші кітап «Бақ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» деген екі бөлімнен тұрады. Сондай-ақ өлмейтұғын артына із қалдырған қазақ журналистикасының көрнекті тұлғаларымен қоса, кейінгі толқынның ішінде қатарының алды – жолбасшы журналистерге дейінгі аралық қамтылған. БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары және қаламмен із тастаған ізгілікке бөлімдеріне суретімен, қысқа анықтамалығымен енген жерлес жазушылар, ақындар, аудармашылар, тележурналистер, драматургтер, баспагерлер, сазгерлер, журналистерімізді көріп, бір марқайып қалғанымызды да жасыра алмаймыз. Олар: Қалжан Қоңыратбаев, Мұстафа Шоқай, Қалмақан Әбдіқадыров, Әуелбек Қоңыратбаев, Әлібек Қоңыратбаев, Әбділда Тәжібаев, Сейітқасым Сейтенов, Оразбек Бодықов, Қален Әбдешев, Дүйсенбі Смайылов, Оразбек Сәрсенбаев, Зәкім Жайлыбаев, Мұрат Күлімбетов, Сұлтанәлі Балғабаев, Қуаныш Махамбетов, Қатира Жәленова, Серік Байхонов, Серік Пірназар, Қуандық Түменбай, Ақайдар Ысымұлы, Алтай Айып, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Өркен Исмаил, Қазбек Ботаев, Ақпанбет Әліш, Қалкөз Жүсіп, Бақытжан Абызов, Айтбай Сәулебек, Нұртөре Жүсіп, Дүйсенбек Аяшұлы, Мамай Ахетов, Мұхидин Салқынбаев, Бағдат Есжанов, Айнұр Батталова, Бағдат Әбдіқожаева, Ержан Байтілес, Айнұр Күзербаевалар болатын. Бұл томға аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбеттің «Ақпараттың анық-қанығын тексеру» атты мақаласы басылған. Сондай-ақ Н.Пірімбет шығармашылық топ құрамына енген. Қолға түсе бермейтін құнды кітаптың шыққанынан оқырмандар да хабардар болсын деген ниетпен баспасөз күніне орай осы мақаламды жолдағанды жөн санадым. Жоғарыда аталған ағаларымыздың ортамызда жүргендеріне Құдай қуат берсін, о дүниелік болғандардың әруағы разы болсын. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның жүгін арқалап, жоғын жоқтап, барын ақтарып, мерейін асырып, жаманын жасырмай жазып әркез алдыңғы сапта жүретіні аян. Баспасөздің қоғамға ықпалының басымдылығын да жасыра алмаймыз. Осыны газет оқырмандары шынайы қабылдап, сүйікті газетіміз «Өскен өңірге» жаппай жазылуларын қалар едік. Заманымызға тап келген интернет сайттары, әлеуметтік желілер де ақпарат айдынында көш түзеуде. Бірақ ол жылдам ақпарат болып қабылданады да, санамызда ұзақ сақталмайды. Ал баспасөз, БАҚ құралдары тасқа таңба басқандай тарих болып жазылары анық. Алдағы уақытта да баспасөздің шоқысының биік боларына сенейік. Газет – ұлттық таным-тәрбиенің насихатшысы, елдік пен ерлік жаршысы, қоғам тынысының таразысы, өскелең ұрпақ үшін аса құнды рухани дүние. Сөз жоқ.
Ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын, қымбатты журналистер!
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Өскен Өңір» газетінің 2009-2011 жылдардағы
бас редакторы.
ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Өскен Өңір» газетінің 2009-2011 жылдардағы
бас редакторы.