Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр журналистикасының тарихы: Кешеден – келешекке

Сыр журналистикасының тарихы: Кешеден – келешекке

Қай қоғамда болсын ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Бүгінгі жаһандану заманында да БАҚ саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе, кемімейтіні түсінікті. Бүгінге дейін журналистика саласына қатысты қазақ баспасөзінің тарихы, тәжірибесі жайында бірқатар зерделі зерттеулер жасалды.
Ұлттық журналистиканың дамуы мен қалыптасу жолына көз жіберер болсақ, Қызылорда Қазақстанның тұңғыш астанасы болған тұста мерзімді басылымдардың көпшілігі осы жерде шығып, ұлттық сөз өнерінің майталмандары С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, С.Мұқановтар журналистік шеберліктерін шыңдағанын тарихтан білеміз. Қазақ журналистикасы тарихындағы тұңғыш әйел журналист ер С.Есова, Н.Құлжанованың да Сыр өңірі басылымында қаламдарының ізі қалған. Сондықтан да Сыр өңірі журналистикасының қазақ журналистикасы тарихында орны ерекше.
Ежелден әдебиет пен мәдениеттің рухани ошағына айналған Сыр бойындағы бұқаралық ақпарат құралдарының бай тарихы жақында алғаш рет жүйеленіп, жазылды. Ауқымды жоба Сыр журналистикасындағы кешегі әрі бүгінгі буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беру секілді мақсаттарды көздеді. Сондықтан, бұл еңбек оқырмандардың, әсіресе, журналистердің, ғалымдардың назарын аударып, қызығушылығын тудырып отыр.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында жарық көрген «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесер рәсімі өткен сенбіде болды. Алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық журналистердің қуанышына ортақтасып келген ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп және «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевпен кездесті.
– Сыр журналистикасы үшін құнды жинақты Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жарыққа шығаруымыз кездейсоқтық емес. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген қанатты сөз бар. Қалам иелері қашанда еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде де ұлт ұйытқысы, адам тағдырының жанашыры, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білдіңіздер. Сондықтан да, облыс журналистикасындағы таланттардың құрметіне «Сыр журналистикасының тарихы» деген атаумен 5 томдық кітап жарық көріп отыр.
Бұл, мерейлі мереке қарсаңында сіздердің еңбектеріңізге сый-құрмет көрсету деп қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Мұнан соң «Достық» үйінде кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен және «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жүргізіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндескен игі бастаманың тағылымдық мәніне тоқталды.
Алғаш болып сөз алған Шиелінің төл перзенті, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп:
– Бұл «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығын баспасөздің шежіресі деп қана емес, жалпы қазақ елінің шежіресі деп айтуға болады. Өйткені, баспасөз бірінші кезекте елдің әр кезеңдегі өмір тыныс-тіршілігін тайға таңба басқандай етіп жазып-көрсетіп, таңбалап отыратын құрал. Көп нәрсе сарғайып газеттерде, архивтерде жатыр. Сол сарғайған газет беттерін парақтағанда халқымыздың ғасырлық өмір жолының барлық көрінісін табуға болар еді. Қандай жаңалық болды, қандай өндіріс ашылды, қандай кезеңдерден өттік? Ұжымдастырудан бастап, соғыс, тың игеру уақыты, одан кейінгі тәуелсіздік алған жылдардағы жаңа бастамалардың барлығы да газет бетінде сайрап тұр. Қай газетте өз заманының жаршысы. Руларымыздың шежіресін реттеп алдық. Кітаптар шығарып, ата-баба рухын бірлендіргендейміз. Сонымен бірге одан кейінгі іргелі іс – баспасөз тарихы болатын. Баспасөз тарихының теориясын, шетел баспасөз тарихын, шетелдік коммунистік баспасөз тарихын оқыдық, ал бірақ, өз тарихымызды әлі күнге толықтай оқыған жоқпыз. Соның орнын толтыратын бір жақсы еңбек деп бағалауға, сол заманда жұмыс істеген, аттары бүгінде көмескі тартып, елдің жадынан шыға бастаған қаншама азаматтың аты-жөні осы 5 томдыққа енген. Кірмей қалғандары да бар шығар. Келешекте тағы да жинақ болып, ел шежіресі толықтырыла түседі деген ниеттемін. Сыр жұртшылығы сөздің қадірін, қасиетін білетін бірден-бір ел, – деді.
Мұнан соң Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп өз ойларымен бөлісіп, Сыр елін жаңа кітаптың тұсаукесерімен құттықтады. Сондай-ақ, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай жаңа кітапқа жоғары баға берді.
– Журналистиканың басты миссиясы – ағартушылық. Ал, бұл кітап осы міндет үдесінен шығып отыр. Бестомдық кітапты шығару барысында архив құжаттары, көптеген ғылыми еңбектер парақталған, ғалымдар пікірі ескерілген. Жалпы, құнды туындыда өткен мен бүгін, қаламы қарымды қаламгерлердің жүріп өткен өнеге болар өмір жолы көрініс тапқан. Бұл қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болмақ, – дейді Бибігүл Жексенбай.
Салтанатты шарада «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бұл бір күнде, бір айда дүниеге келген еңбек еместігін тілге тиек етті.
– Ел дамуының маңызды кезеңінде Қазақ журналистикасының – Қазақ сөз өнерінің бір қайнар бұлағы ретінде сырбойылық қалам ұстаған қауымның ел алдында берген есебіндей осы бір сындарлы еңбек жарық көріп отыр. Тарихқа зер салсақ, сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында республиканың түкпір-түкпірінде жарық көрген мерзімді басылымдар Сыр бойына да тарай бастады. Олардың қатарында «Дала уалаяты», «Қазақ» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары болды. Мұнымен қоса Орда қаласынан шығып тұрған «Қазақстан» газеті, Семей қаласында жарық көрген Алаш партиясының органы «Сарыарқа» газеті, Мұстафа Шоқай негізін қалаған әрі шығарған «Бірлік туы» газеттері де ішінара Сыр бойына тарады. Жай тарап қана қойған жоқ, бүгінгі тілмен айтқанда, алғашқы газетке қаржылай қолдау білдірген меценаттардың ішінде сырбойылықтардың болуы да бүгінгі туған жерге туын тіккен ұрпақ үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Мәселен, 1913 жылы «Қазақ» газетінің басылып шығуына қаржылай қолдау білдірген сырбойылық Ахмет ишан Оразайұлын көпшілік біле бермейді. Әдетте мерзімді басылымдар қоғамдық пікір қалыптастырады десек, аталған газеттер мемлекеттік идеологияға әсер етті. Осы тұрғыдан келгенде бұл бестомдықты Алашқа ана, талайға пана болған Сыр бойының шежіресі деп қарауға болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сонымен қатар, ол «бұл кітапты журналист деген атын кіршіксіз қорғаған, кешегі қаламгер-қайраткерлердің ізін парасаттылықпен жалғаған аға буынның алдындағы парызымыздың бір өтеуіндей деп қабылдасаңыздар болады» деп атап өтті.
Сыр журналистері бас қосқан шараның жалғасы асқа ұласып, өмірден өткен әріптестерге Құран бағышталды. Осында «Сыр медиа» ЖШС жариялаған мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов атындағы, қаламгерлер Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Әділхан Бәймен атындағы шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері марапатталды.
Сонымен қатар, бестомдықтың тұсаукесері аясында «Өңірлік журналистиканың медиаменеджмент мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. «Баспасөздегі сапалы контент» турасында Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғ.Елшібай сөз қозғаса, «Медиахолдинг. Табыс көзі – жарнама» тақырыбында «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директордың орынбасары Т.Бейсен қаузады. «Бас редакторлар клубы» ҚБ атқарушы директоры Ә.Есілбаева «Fact checкing» тақырыбын түсіндіріп берді. Аталған семинар тренингке бас редакторлармен қатар болашақ журналистер де қатысты.
Айта кетейік, бестомдық кітапты шығару барысында архив құжаттары, көптеген ғылыми еңбектер парақталып, ғалымдар пікірі ескерілген. Кітаптың жарық көруі – тек қана сырбойылықтар үшін ғана емес, күллі Алаш қаламгерлері үшін де айтулы оқиға болды. Сөз өнерін айшықтап, айтулы тұлғаларын даралаған «Сыр медиа» ұжымының руханият үшін жасаған игі қадамы әрі қарай да жалғасын таба бермек.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 желтоқсан 2021 ж. 1 461 0