ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ. ЛИ ЭНН ПЕК. «МЕДИА ЭТИКА ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН»
Бұл кітап студенттер мен жас мамандарға бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналған. Еңбекке жарнама, жаңалықтар, қоғамдық қатынастар саласында жұмыс істейтін жас мамандар тап болған күрделі мәселелер мен шынайы оқиғалар арқау болған. Кіріспе материалда философиялық толғамдар мен теориялық тұжырымдарға, моральдық мәселелерге де орын берілген.
Кітап – студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен оңтайлы ұштастырып, өмірде кездесетін тосын, күрделі мәселелерден жол тауып шығуға баулитын тағлымды еңбек. Оқулық авторлары – Ли Энн Пек, Гай С. Рил. Аудармашылар – Б.Мұқанов, Б.Сәбит және Б.Қадылбек
Авторлар туралы қысқаша айта кетейік: озық оқулықтың авторы Ли Энн Пек – Грили қаласындағы Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры. Ол ағылшын журналистикасы және коммуникация курстарынан сабақ береді. UNC университетіне ұстаздық қызметке орналаспас бұрын Швейцарияның Лугано қаласындағы Франклин университетінде халықаралық коммуникациялар департаментінің ассистент профессоры болды. Оның зерттеулері студенттердің этикалық шешім қабылдауында тиімді жолдарын табуға бағытталған.
Гай С. Рил – Оңтүстік Каролинаның Рок-Хилл қаласындағы Уинтроп университетінің бұқаралық коммуникация профессоры. Мемфис қаласындағы (Теннесси штаты) The Commercial Appeal басылымында тілші және редактор қызметтерін атқарған. Журналистикадағы проблемалар мен коммуникация тарихы туралы еңбектер жазған Рил журналистика және бұқаралық коммуникация бойынша сабақ береді.
Материал "Сыр медиа" сайтынан алынды