Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер

Майдангер

1941 жылы неміс әскері шекарадан асып, елге төтеннен шабуыл жасағанда қару ұстауға жарамды ер адамдар майдан даласына аттанғаны белгілі. Солардың ішінде 19 жасар Әбдіраман Тілемісов те бар еді.
Ол 1923 жылы Иіркөл ауылында дүниеге келген. «Болар бала жасынан» демекші Әбдіраман бала күнінен алғыр болады. Ауыл қариялары «үлкендерден естіген аңыз әңгімелердегі батырларға көп еліктейтін. Ойын баласы кезінде-ақ ересектерше ой түйетін» деп еске алады.
Әбдіраман Тілемісов – 1942 жылдың мамыр айында ағаларының артынан соғыс алаңына аттанады. №34 шекара атқыштар полкінде жүрген сарбаз шілде айында ауыр жарақат алады. Жыл соңына дейін госпитальда ем алып шыққан Әбдіраман 1943 жылдың қыркүйек айына дейін 505 шекара полкінде өзінің азаматтық борышын жалғастырады. Ал осы жылдың қазан айында неміс әскерінің оғынан жараланып, 1944 жылдың наурыз айына дейін тағы да әскери ауруханада болады. Сол жылдың 22 наурызында жарақатына байланысты елге қайтарылады.
«Қолының бір саусағын майдан даласына қалдырған Әбдіраман Тілемісовтың аяғы мен денесіндегі жарақатының іздері сұрапыл соғыс даласындағы майданның көрінісіндей еді» дейді ұлы Дүйсенбек Тілемісов. Зейнет жасына дейін ауылда есепші болған соғыс ардагері өзінен кейінгілерге әрдайын бейбіт күннің қадірін әңгімеледі, өнегесін көрсетті. Артында өшпес мұрасын балаларына аманаттап, 1990 жылы 67 жасында мәңгілік сапарға аттанды.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
14 маусым 2022 ж. 373 0