Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балапан» батыр

«Балапан» батыр

Ұлы Отан соғысының қайғы-қасіретін, орны толмас зардабын ауызбен айтып тауыса алмаймыз. Бірақ оны ұмытуға болмайды. Себебі ол – біздің тарихымыз. Ерлік пен батылдықтың, айбар мен намыстың, өз Отаныңа адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен ерлерімізді мақтаныш ету, оларға құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы.
Бүгінгі кейіпкеріміз Нұрмағанбет Псұрманқұловтың балалық шағы тарихта өшпестей қара дақ болып қалған революциямен тұспа-тұс келді. Ол – 1908 жылы Иіркөл ауылдық округінде жарық дүниенің табалдырығын аттады. Ал оның жастық дәурені қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында өтті. Нұрмағанбет жоқшылық, зұлымдықты көрсе де тағдырдың соққысына мойымады. Керісінше белді бекем буып, қиыншылыққа қарсы тұра білді. Екі сыныптық білім алып, «Қызылту» колхозында бидай звеносының жетекшісі және сушы болып еңбек етті. Бидайдан 50-60 центнерден өнім алып, рекорд жасады. Ал 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысында жау әскеріне қарсы қару көтеріп, майданның алдынғы шебінен табылды.
Жас сарбаз 1941 жылдың 7-ші қарашасында әскери ант қабылдады. 1942 жылдың сәуірі – қараша айлары аралығында 257 атқыштар полкінде борышын өтеді. Майдан даласында жүріп 1942 жылдың 28-ші қарашасында оң жақ қолынан жарақат алып, 1943 жылдың 15 қарашасына дейін ауруханада (госпитальда) жатты. Жарақаттың ауыртпалығын қанша сезінгенімен кері шегінбеді. Керісінше, жау әскеріне деген өшпенділігі арта түсті. Себебі ананың зары, жетімнің жайы үнемі ойын жиі мазалайтын. Ол ақша немесе жеке басының абыройы үшін соғысқан жоқ, ол Отан үшін, келешек ұрпақ үшін аурухана төсегінен көтерілді. Ауруханадан сауығып шыққан соң 1946 жылдың тамыз айына дейін темір жол ботальонында жолшы қызметін атқарды. Осылайша Нұрмағанбет 1946 жылдың тамыз айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығына сәйкес әскер қатарынан босатылды.
Нұрмағанбет «Кенигсберг қаласын алғаны үшін», «Германия жеңісі үшін», «Ерен Еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
1947 жылы елге оралған соң кәсібіне қайта оралды. Яғни кетпенін арқалап, егістік даласына аттанды. Майдан даласынан оралғаннан кейін де бидайдан 50-60 центнерден өнім алып, үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ ауылдас­тар арасындағы дау-дамай, келеңсіздіктерді өзінің сөзінің ұтымдылығы мен көрегендігінің арқасында бітістіріп отыратын ауыл көшбасшысы болғанын көзкөргендер осы кезге дейін аузынан тастамай аңыз етіп келеді.
Нұрмағанбеттің анасы топ-томпақ сары ұлын кемпір-шалдың еншісі деп, атын атамай, «Балапан» деп атап кеткен екен. Осы есіммен атамызды елдің көпшілігі танып, шын есімін білмей кетіпті. Ол жеңістің жалауын көтеріп, 5 қыз бен 1 ұл өсіріп, 1965 жылы бақилық сапарға аттанды.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
11 мамыр 2022 ж. 308 0