Сұрапыл соғыстың солдаты
–Жеңіс! Жеңіс!
Ұлы даланы ұрпағына аманаттау үшін, жерінің шетін жауға бастырмай, қан майданның шебінде жүрген жауынгерлер үшін осыдан асқан жағымды жаңалық болған емес. Құлағына майдай жаққан «Жеңіс» сөзін естіген сайын Сұлтанмен соғыс даласына бірге аттанған досы Құдайбергеннің жанарын қуаныштың жасы басып алды. Бұл 1945 жыл еді.
Ұлы даланы ұрпағына аманаттау үшін, жерінің шетін жауға бастырмай, қан майданның шебінде жүрген жауынгерлер үшін осыдан асқан жағымды жаңалық болған емес. Құлағына майдай жаққан «Жеңіс» сөзін естіген сайын Сұлтанмен соғыс даласына бірге аттанған досы Құдайбергеннің жанарын қуаныштың жасы басып алды. Бұл 1945 жыл еді.
– Суық жел жалаң қалған жеріңді үсіріп жіберердей аяз еді. 1943 жылы 18 жасқа толар-толмас жолдасым Құдайберген екеуміз майданға аттандық. Алдымыз қанды шайқас. Артымызда туған жер, ағайын-туыс қалып барады. Жүректе тулаған екіұдай сезім. Бірі елді жаудан азат ету болса, екіншісі енді туған жерге қайта орала аламын ба деген қимастық еді. Ендігі тағдырымыз екеумізге де беймәлім. Жол бойы жанардағы жасына ерік берген Құдайбергеннің көз жасы екеуміздің де елге жеңіспен оралуымызға сеп болғандай көрінеді маған. Бұл соғыс ардагерінің ұрпағына айтқан естелігі болатын.
Биыл Ұлы Жеңістің жалауы желбірегеніне 75 жыл толды. Сан қатпар тарихтың толқынында небір зұлматты жылдар мен ашаршылық, қуғын-сүргін сынды естен кетпес кезеңдер жатқаны мағлұм. Бір кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның халқы да неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткені есте. Ұлы Отан соғысы естен кетпес, адамзат тарихында теңдесі жоқ соғыс болды. Соғыстың аты соғыс. Сұрапыл соғыста жан аямай жаумен шайқасқан әкелер мен талай ерлігі жайында баян етілген естеліктер, майдангерлердің өнегелі өмірі туралы жария болған суреттер ел басына күн туған сол бір ауыр жағдайдан сыр шертеді. Біздің бақытты да бақуатты ғұмыр кешуіміз алдымен осы Ұлы Жеңіс күнін жақындатып, жан алып, жан беріскен ержүрек ерлердің арқасы екені даусыз. Олардың өмір жолы да бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Тарих шежіресінде Екінші дүниежүзілік соғыс, ал бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атанған сол бір сұрапыл жылдардың жылнамасында талай қазақ жауынгерлерінің ерлік өнегесі көмескіленіп жатыр десеңізші. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ерлік көрсеткен Сұлтан Қалымбетов. Шиелі ауданының тумасы 1925 жылдың 20 қазанында Жөлек ауылында дүниеге келген. С.Қалымбетов 1941 жылы сұм соғыстың оты тұтанған сәтте небәрі 16 жаста еді. Өрімдей жас жігіт 17 жасында Совет Армиясы қатарына қосылуға сұранып, ұрыс даласына баруға бекінеді. Осылайша 1943 жылдың 13 қаңтарында майдан шебіне еніп кетеді. Оқ пен оттың ортасындағы жанкештілік, ел мен жерді азат ету үшін қасықтай қанын аямаған соғыс солдаттарымен қатар жаумен күресті. №317 гвардия ИПТАП танкіге қарсы жойғыш артилериясының ІА-Украин фронтында гвардия старшинасы болды. Төрт жылға созылған соғыстағы қан мен тердің өтеуіндей 1945 жылы Жеңіс туы көтерілді. Аман қалған жауынгерлердің қатарында С.Қалымбетов те бар. Жан біткенді шырғалаңға салған соғыстың оты өшсе де 1945-1950 жылдары аралығында Совет Армиясы қатарында қауіпсіздік қызметінде Гвардия старшинасы болып қызмет істейді.
Соғыс жылдарындағы ерлігі жайында ІІІ орденді гвардия старшинасы И.Золбин «Стахановшы» газетінің 1944 жылы 5 қараша күнгі №33 санында «Ол Ақтоған колхозында 1925 жылы туған. С.Қалымбетов сұрапыл шайқастың бірінде жаралы пулеметшінің орнын басып, жаудың екі «Тигр», бір «Броневигін», 15 фашисті жайратты. Тағы бірде ол жаудың екі танкісін құртты. Қазір оның есебінде 5 танкі, 3 броневик, 4 автомашина, 2 пулемет және 100 шақты неміс бар. Жуырда С.Қалымбетов ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алды» деп жазған. Бұрынғы «Стахановшы» қазіргі «Өскен өңір» газетінің архивіне хатталып, сары қағазға айналған құнды тарихтың бір парағын ғана сөйлеттік. Соның өзінде қаншама ерлік, көзсіз батырлық жатқанын аңғаруға болады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші сұм соғыстан елге дәм жазып, Сұлтан Қалымбетов 1950 жылы елге оралды. Көзін іле қалса қасіретті жылдар көз алдынан бейне бір суреттей сырғып өтетін. Басқа түскен сол бір қайғы-қасірет қайта оралмасын дегендей еңбекке етене араласып кетті. Өр рухты майдангер елге оралғаннан соң, 1951 жылдан бастап Шиелі ауданы, «Қызылту» колхозында колхозшы, 1951-1984 жылдары қойма меңгерушісі қызметін атқарды. Шаршауды білмейтін соғыс ардагері еңбек майданында да бел жазбай жұмыс істеп, 1984 жылдан бастап өмірінің соңына дейін комендант болып қызмет етті.
Ұрпақ жадында мәңгілік сақталатын майдангерлердің есімі әрқашан есімізден шықпайды. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін І-ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сыртқа киер костюмінің алды медальға толған С.Қалымбетовтың елге жасаған қызметі де ескерусіз қалмады. Оның айғағы деп кеудесіне таққан «Еңбек ардагері» медалін айтуға болады. Сұм соғысты да, бейбіт күнді де көз көріп, бастан өткерген майдангер Жаңыл Қалымбетовамен шаңырақ көтеріп, 10 баланы тәрбиелеп өсірген үлкен бәйтерекке айналды. Ел мен жерді қорғау үшін, оның дамып-өркендеуі жолында және қазақ елінің демографиясына да өзіндік үлесін қосқан соғыс және еңбек ардагеріне лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. С.Қалымбетовтың көзін көрген аға буынның қалауы майдангердің есімі мәңгілік жаңғырып, бір көшеге аты берілсе деген тілекпен ұштасып жатыр. Бұл Ұлы Отан соғысында жан қиюға даяр болған батыр ұлға көрсетілген ұрпақтың ілтипаты болар еді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ