Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ ПЕН БАПТЫҢ БӘЙГЕСІ

БАҚ ПЕН БАПТЫҢ БӘЙГЕСІ

Он бір жыл бойы мектеп қабырғасында білім алған түлектер үшін маңызды уақыт басталды. Енді аздаған күндерден соң олар үлкен өмірге қадам басады. Түлектер өмірінің жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Ал осы ҰБТ биыл қалай өтпек?
Он сегіз жылдан бері талапкер білімін таразыға салған бұл сынақ заман талабына қарай осал тұсын оңалтып, кемін келтіріп, қателігін қайталамауда. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған биылғы түлектер үшін де ҰБТ жаңалықтары жетерлік. Жалпы цифрландыру процесіне көшу білім саласын жетілдіре түсті. Бұндай формат ұлттық бірыңғай тестілеуді максималды түрде адал өткізуге негіз болып келеді.
Биыл жаңғыра түскен сынақтың сұрақтары да жаңашалануда. Олардың мән-маңызы қаралып, мазмұны мардымдысы сараланған. Сұрақтар саны өткен жылдан аспады. Тек биыл Қазақстан тарихынан берілетін 15 сұрақтың 10-ы дәстүрлі тест түрінде қалса, бесеуі мәтіндік (контекстік) болды. Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының ­айтуынша, бұл арқылы түлектер мәтінді жаттап қана қоймай, тарихқа терең үңіле түседі. Қазақстан ­тарихы – біріншіден барлық талапкерлердің тапсыратын міндетті пәні. Оның үстіне, сынның садағында тұрған пән. Басты сындардың бірі – жаттауға бейімделген сұрақ өте көп. Жалпы бұл сауалдар баланың негізгі білімін өлшемейді, жаттауға бейімдейді деп шағымданатындар бар. Ал жаңа сұрақтарда мәтін немесе белгілі бір карта, не тарихи құжаттан үлгі беріледі. Бұл жерде тарихи датаны жаттауына ешқандай қажеттілік жоқ, талапкер алдында тұрған мәтінмен жұмыс істеп үйренеді. Онымен қоса бұл жаңартылған білім беру жүйесіне негізделген. Сонымен қатар, ҰТО-ның мамандары белгілі бір қоныс немесе тұрақтарды жатқа білмеген баланың тарихтағы білімінің көрсеткіші емес екенін, сол үшін ежелгі Қазақстан тарихындағы палеолит туралы сұрақтар алынып тасталғанын хабарлады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Әмзеев:
– Мектеп бітіруші түлектерден ҰБТ-ға өтініш қабылдау 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Биыл талапкерлерге ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Бұл ретте екі мүмкіндікте де тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Ауданда І кезең бойынша 779 оқушы, ІІ кезең бойынша 774 оқушы тест тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Облыс бойынша 3 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы жұмыс істеуде. Олар – Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті және Жаңақорған кентінде орналасқан. Шиелілік түлектер Жаңақорған кентіндегі тест орталығына барып бақтарын сынайды. Биылғы оқу жылының қорытындысымен 720 мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда. ҰБТ-ның мамыр-маусым айларындағы екі кезеңдік шарасына мектеп бітіруші түлектердің күндік тамақтануы, тасымалы ата-аналар есебінен жүзеге асырылады.
Айта кетейін, биыл тестілеу өткізілетін компьютердің интерфейсіндегі калькуляторларды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі, – дейді.
Тағы бір ерекшелік – биылғы ҰБТ-да әр талапкерді екі камера бақылауда ұстайды. Нақтырақ айтқанда, ҰБТ «бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші» принципімен өткізіліп жатыр. Ең басты мақсат – ҰБТ-ның таза және әділ өтуі. Сол себепті ҰБТ өтіп жатқан әр пунктте әрбір монитордың үстіне екінші фронтальды камера қойылған. Осыған дейін әр тестіленушіге бір камера бөлінген. Одан бөлек тест тапсырушылар бет-әлпетін төлқұжат бойынша жеке басын сәйкестендіру апаратынан өтеді. Сосын тестіленуші қасындағы көршісіне жәрдемдеспеу үшін дыбыс жазатын микрофондар орнатылған. Бұл да нағыз керек шара екенін мамандар түсіндіруде. Өйткені былтыр маска астында көршісіне көмектесіп, жоғары балл жинап берген талапкерлер табылған. Осы шаралар ұлттық бірыңғай тестілеудің адал өтуіне мүмкіндік береді.
Аудандағы үлкен білім ошағының бірі №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп лицейінде биыл 68 оқушы алтын ұясымен қош айтыспақ. Мектеп директоры Айжан Қарекееваның айтуынша түлектер түгелдей ҰБТ-ға қатысады.
– Оқушылар алдын ала тапсырған сынама тесттің қорытындысы бойынша орташа балл 80,3 болып тұр. Ал былтыр ҰБТ қорытындысында орташа көрсеткіш 79,36-ны құраған. Биыл мектебіміздегі 6 бітіруші түлекті алтын белгіге, 2 оқушыны үздік аттестатқа ұсынып отырмыз. Оқушылардың әрқайсысы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, қалаған оқу орындарына түсуін біз де қалаймыз. Әр бітіруші түлектен үлкен үміт күтеміз, – дейді мектеп басшысы.
Биыл ҰБТ-дағы өзгерістің бірі шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілеріне қатысты болды. Олар үшін тестілеу уақыты – 70 минутқа өзгертілді, бұрын 65 минут болған. Ал тестілеу кезінде электр қуаты ажыратылған жағдайда немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажорлық жағдайларда, тестілеуді тоқтата тұру және ауыстыру туралы акт жасалады. Оған қоса халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар қалауы бойынша кейбір анықталған пәндерден ҰБТ тапсырудан босатылады. Осындай тест сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға өтініштер қабылдау базасына сертификаттардың көшірмелерін ұсынуы қажет.
Жоғарыда аталған қауіпсіздік шаралары қорқуға еш себеп емес. Нағыз біліміне сеніп, шын оқыған адам ғана өзі қалаған нәтижеге қол жеткізе алады. Сол үшін де жақсылыққа жаман жолмен жетуге ұмтылмаған абзал.
Жүйріктің бағы бәйгеде ашылса, үздік оқушының білімі ҰБТ-да көрінеді.

Гүлхан ЯХИЯ
23 мамыр 2022 ж. 653 0