ҰБТ: жағдайың қалай, түлек?
Бірнеше күннен кейін әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстап, кәсіп иесі атануға асығатын жастардың 11 жылдық білімін сарапқа салып, үлкен өмірге жасалатын қадамын пысықтайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Облыс бойынша 5 жарым мыңнан аса түлек мектеп бітіріп, бүгінде тестке қызу дайындық үстінде. Биыл тестілеуден қорқып, не болмаса мектеп абыройын ойлап, сынаққа қатыспайтындардың да саны біршамаға жетіпті. Яғни 1600-ден аса түлек жайбарақат жүр. Жалпы, «жаңа түлектер ҰБТ-ға психологиялық тұрғыда дайын ба?» деген сауалдың жауабын мамандармен бірге тарқатамыз
Маханова Ұлболсын, №264 мектеп директоры:
– Бұл жердегі басты кемшілік − оқушылардың мамандық таңдауында. Олар қай мұғалім жақсы, сол мұғалімнің пәнін негіздеп алады. Сонымен қатар ата-аналары да қай пәннен жақсы сол пәнді таңдатады. Биылғы оқушылардың бет алысы жаман емес. Орташа көрсеткіштері өте жақсы. Өз басым әр оқушының тест сұрақтарынан алған ұпайларының 10 балын алып тастап отырамын. Себебі ҰБТ уақытында орта балл әрі-бері ойнайды. Бұдан бөлек осы жылы оқуға түсе алмасақ, ақылы оқимыз деген түсінік қалыптасады. Неге олар ата-аналарының қалтасына қиындық түсіру қажет? Олар оданда бір жыл жұмыс жасап, нанның қалай келетінін ұғынып, дайындалып, келесі жылы бағын қайта сынап көру қажет.
Баршаға мәлім биылдан бастап ҰБТ 4 рет тапсырылады. Бұл − түлектерге берілген үлкен мүмкіндік. Әрдайым екінші қадам жасауға болады. Ал аяқ асты жоғарғы ұпай жинауды бақ деп айту қиын. Себебі оқушылар қаншама ай бойы дайындалады. Барлығын бірдей оқытамыз. 9 айға жуық уақыт дайындалғаннан кейін міндетті түрде ҰБТ кезінде өтілген сұрақтары келеді. Өзімнің тәжірбиемде аяқ астынан ҰБТ дан жоғарғы бал жинап грант иегері атанды. Алайда ол ұзаққа созылмады. Бір жылдан кейін ол оқи алмай, қайтып келді. Себебі оқушы да түпкі негіз дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан оқушы 8 сыныпта жүріп-ақ алға мақсат қойып, өзінің қай мамандық иесі болатынын таңдау қажет.
Рима Әбдікәрімова, психолог:
– Оқушы осы уақытқа дейін қалыптасып үлгерді. Олар қазір өздеріне қажет нәрсені анық біледі. Ал біз оларға психологиялық тұрғыдан мол жағдай жасап отырмыз. Түлектер түрлі жағдайға тап болмауы үшін жыл басынан жұмыс атқарудамыз. Білгенінен жаңылатын түлектер де жиі кездеседі. Ең алдымен бойдағы үрейден аулақ болуымыз тиіс. Айта кетейік, 3 емтихан мен Жастар орталығының білікті психолог мамандары мектептерге келіп, жиі тренингтер өткізді. Біз балалардың ата-аналарымен тұрақты байланыста болуымыз шарт. Биыл барлығы сәтті болады деген ойдамын.
Алтын Дүйсенова, тарих пәнінің мұғалімі:
- – Білесіз бе, мен 30 жылға жуық тәжірибемде түрлі жағдайға кез болдым. Бір түсінгенім, оқушыларға ҰБТ сұрақтарын дайындап беруге ешкім міндетті емес. Біз оларды кесте бойынша, түрлі оқулықтар бойынша сабақ өткіземіз. Ал ҰБТ сұрақтары осы уақытқа дейін мектеп бағдарламасында қолданған оқулықтар негізінде болады. Сондықтан алаңдауға еш себеп жоқ.
Майра Мелдебекова, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Өткен жылы Ұлттық Біріңғай Тестілеуге қатысқан жалпы түлектер 66 % -ды құраған. Ал осы жылы олардың саны 6 %-ға артып отыр. Сөздің шыны, рейтинг деген ұғым жоқ. Тек қана аралай салыстыру бар. Бұл әсіресе білім ордалары арасында болады. Рейтингке дәстүр сияқты қараса болады. Өйткені барлық мектеп басшылары өзі басқарып отырған білім ордаларының білім деңгейін білгісі келеді.
Саягүл Қадырқызы, ата-ана:
− Ата-ана үшін алаңдаулы, бала үшін ұйқысыз сәттер басталды. Әрине, ҰБТ өмірлік сынақ болмағанымен, мектеп бітіруші үшін маңызы зор. Онда жыл бойғы дайындық, үміт пен үрей бар. Қазір көп ата-ана баласын арнайы репетиторға немесе қосымша дайындық курсына береді. Себебі ол жерде аз да болса нәтиже бар. Ал мектепте кей мұғалімдер сабақ беруде осалдық танытып жатады, репетитор сол олқылықтың орнын толтыру қажет. Негізі бала біліміне біржақты қараған дұрыс емес. Егер оқушы сынақтан төмен нәтиже көрсетсе, оған мұғалім де, ата-ана да жауапты. Сондықтан ең алдымен бала психологиясына мән берген дұрыс. Көп жағдайда баланы «сен қалайда ЖОО-ға түсу керексің» деп міндеттейміз де, емін-еркін дайындалуына мүмкіндік бермейміз. Сол сәтте үрейлі оқушы бес пәннің бағдарламасын түгендей алмай, есеңгіреп қалады. Бұл дұрыс емес. Сосын дайындық барысында бірізділік керек деп ойлаймын.
Нұрахмет Алпысбай, жас түлек:
– Ұлттық тестілеуге дайындығым жақсы. Жалпы қазіргі уақытта сол ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтары көбеюде. Әрқайсысы әртүрлі жүйеде жұмыс жасайды. Олардың ұтымды тұсы 9 жылдық білімді бір жылда жылдам үйретеді. Өзің білмейтін тақырыптарды тереңірек түсіндіреді. Сабақты мектепке қарағанда қызықтырақ өткізеді. Арасында ой сергіту мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырады. Мен белгілі бір білім беру орталығын мақтамаймын. Меніңше мақсаты айқын адам қайда дайындық жасаса да сол мақсатына жетеді деп ойлаймын. Өзім математика және физика пәнін таңдап, математика пәнінің мұғалімі мамандығына иекемделіп жатырмын. Мен де қазіргі ұстаздарым секілді ҰБТ-ға оқушы дайындағым келеді. Мектеп пен білім беру орталығын салыстырып қарасақ, кез келген жағынан білім беру орталығы озатыны анық. Бірақ, жоғарыда атап өткендей, шын дайындалам деген оқушы қалайда мақсатына жетеді.
Жазып алған Ерасыл ШӘРІБЕК